Петропавл қаласында Kozybayev University базасында «Қазақстанның заманауи Конституциялық моделі» атты пікірталас алаңы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Кездесу барысында медицина факультетінің студенттері жаңа Конституция жобасын және алдағы реформаларды медициналық мекемелер өкілдері мен университет қызметкерлерімен талқылады.
Пікірталас алаңына медицина факультетінің 20-дан астам студенті қатысты. Кездесуді аша отырып, Kozybayev University медицина факультетінің директоры Серік Бахтияр жоба бойынша жұмыс ашық жүргізілгенін атап өтті: талқылау платформасына мыңдаған пікірлер мен ұсыныстар түскен.
Оның айтуынша, құжаттағы тұжырымдардың едәуір бөлігі жаңартылып, преамбулада және нормаларда алғаш рет адамға бағдарланған ұстаным, ғылым мен білімнің мемлекетті дамытудағы рөлі айқын көрсетілген.
Жобада қарастырылған бір палаталы Парламент-Құрылтайға көшу мәселесіне ерекше назар аударылды. Құрылтай 145 депутаттан тұрады. Ұсынылып отырған өзгерістер билік жүйесінің теңгерімді болуын қамтамасыз етіп, азаматтардың ел басқаруына қатысу тетіктерін кеңейтетіні айтылды.
Ең көп талқыланған мәселелердің бірі – медициналық көмек тақырыбы болды. Студенттер «жоба білікті медициналық көмекке құқықты жеткілікті деңгейде қамтамасыз ете ме?» және «неге мәтінде бұрынғы редакциямен салыстырғанда өзгеше тұжырым қолданылған?» деген сұрақтар қойды.Спикерлер мемлекет тарапынан медициналық көмек көрсету кепілдіктері сақталатынын түсіндірді. Әңгіме азаматтарға ұсынылатын кепілдендірілген медициналық көмек көлемі, сондай-ақ ел аумағында жүрген барлық адамдарға, оның ішінде шетелдіктерге де көрсетілетін шұғыл көмек туралы болып отыр. Тұжырымдардың өзгеруі мемлекеттік міндеттемелерді жою емес, құқықтық нақтылаулармен байланысты екені айтылды.
Кездесу барысында медициналық қызметкерлердің құқықтық қорғалуы, болашақ дәрігерлердің тек клиникалық емес, сонымен қатар кәсіби қызметінің құқықтық қырларын да меңгеру қажеттілігі талқыланды. Өз құқықтары мен міндеттерін түсінбейінше, сауатты кәсіби қызметті қалыптастыру мүмкін еместігі атап өтілді.
Медицинадағы діни аспектілер туралы да сұрақтар қойылды. Қатысушыларға мемлекеттің зайырлы болып қала беретіні, ал Конституция нормалары азаматтардың теңдігін және ар-ождан бостандығын бекітетіні түсіндірілді. Бұл қолданыстағы заңнама аясында осындай жағдайларды құқықтық тұрғыда реттеуге негіз болатыны айтылды.
Ғылым мен білімнің маңызына да ерекше тоқталды. Спикерлер жоба адам капиталын дамытуға, академиялық орта мен ғылыми қызметке басымдық беретінін жеткізді. Олардың пікірінше, бұл университет қауымдастығы мен болашақ мамандар үшін маңызды белгі.
Кездесу соңында қатысушыларға 15 наурызда өтетін референдум туралы еске салынып, жобаның мәтінімен өз бетінше танысып, саналы түрде дауыс беруге қатысуға шақырылды. Ұйымдастырушылар қазіргі кезең тарихи сәт екенін, онда жастар бақылаушы емес, конституциялық үдерістің толыққанды қатысушысына айналатынын атап өтті.