Мемлекет басшысы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасеновті қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұлттық компанияның 2025 жылы атқарған жұмысы мен биылғы міндеттері жөнінде мәлімет берілді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Асхат Хасеновтің айтуынша, былтыр Қытайдың CNOOC және Sinopec компанияларымен Атырау облысындағы Жылыой және Батыс Қазақстан облысындағы Березовский жобалары бойынша жер қойнауын пайдалану келісімшарттары жасалды. Turkish Petroleum Corporation, BP, Хорват көмірсутегі агенттігі секілді ірі халықаралық кәсіпорындар еліміздегі перспективті учаскелерді зерттеуде.
Президентке «ҚазМұнайГаз» компаниясы бұған дейін кең көлемде зерттелмеген және жіті көңіл бөлінбеген аумақтарда геологиялық барлау жүргізуге ерекше ден қойғаны жөнінде баяндалды. 2025 жылы 8 іздеу ұңғымасын бұрғылау аяқталды, ал 2029 жылға дейін тағы 24 іздеу ұңғымасын бұрғылау жоспарланған. Жалпы инвестиция көлемі 900 миллион доллардан асады.
Мемлекет басшысына ұсынылған есепке сәйкес, 2025 жылдың қорытындысы бойынша мұнай мен конденсат өндіру көлемі 26,2 млн тоннаға жетті. Бұл – 2024 жылмен салыстырғанда 10 пайызға жоғары. Бұдан бөлек, көгілдір отын өндіру көлемін жылына қосымша 2,3 млрд текше метрге ұлғайту үшін Батыс Прорва, Орталық Өріктау және Рожков кен орындарында жұмыс жүргізіліп жатыр.
Былтыр «ҚазМұнайГаздың» үш мұнай өңдеу зауытында 17,5 млн тонна шикізат өңделді. Жеңіл мұнай өнімдерін шығару көлемі 13,6 млн тоннаны құрады (2024 жылғы көрсеткіштен 1,2 млн тоннаға артық).
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай-газ химиясы мен газ өңдеу саласындағы жалпы құны 15 млрд доллардан асатын ірі инвестициялық жобаларды іске асыру барысымен танысты. Маңғыстау облысында қуаты тәулігіне 50 мың текше метр болатын «Кендірлі» теңіз суын тұшыту зауыты пайдалануға берілді.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы геологиялық барлау жұмыстарын жандандыруға және ірі инвестициялық жобаларды уақтылы іске асыруға қатысты міндет жүктеді.
Еске сала кетейік, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қару айналымын бақылауды күшейтетін заңға қол қойды.