• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Зерде Бүгін, 08:15

Түркітанудың ізашар жиыны: ғасырдан да ұзақ үн

20 рет
көрсетілді

1926 жылы Баку қаласында өткен тұңғыш Түркологтер съезі – тарихы мен тағдыры ортақ тілдес халықтардың ­­ХХ ғасырдағы ғылыми, мәдени өмірінде айрық­ша орын алатын уақиға. Биыл осы елеулі ғылыми жиынға бір ғасыр толып отыр. Аталған съездің мән-маңызын талдап-талқылау мақсатында арнайы дөңгелек үстел мәжілісін ұйымдастырудың сәті түсті. Іс-шараға Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясы Насими атындағы Тіл білімі институ­ты­ның директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Надир Мамедли, Өзбекстан Республикасы Нәубет құрбан­дары мемлекеттік мұражайы­ның бас ғылыми қызметкері Бахром Ирзаев, Халықаралық Түркі академиясының сарапшысы, PhD Нурдин Усеев, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ахметтану бөлімінің меңгерушісі, PhD Ермұхамет Маралбек қатысты.

– Аталған жиынның сол кездегі маңызы мен тұтас түркі жұртына әсері қалай болды?

Надир Мамедли:

– Бұл съезд та­рихи оқиға бо­лу­мен қа­тар, үздіксіз үде­рістің бас­та­ма­сы болды. Оның ықпа­лы қа­был­дан­­ған ше­­шім­дерде ғана емес, жа­уапсыз қал­ған сұрақтарда да өмір сү­ріп отыр. Осы сұрақтармен бірге да­мыған түркологиялық ой өткенінен қашпай, болашағын қайта құруды үйренді. Съезден кейінгі уақыт жай ғана жылдардың тізбегі емес, түркологияны терең ұғынудың ұзақ жолы болды. Осы кезеңде түркологиялық зерттеу­лерде жаңа тұжырымдамалар қалыптасып, Әзербайжан бір­тіндеп, осы ғылыми бағыттың бе­делді орталықтарының бірі ре­тінде таныла бастады. Алай­да бұл дамуды тек ғылыми жетіс­тік ретінде ғана емес, түркі халық­тарының мәдени және рухани бірлігін тануға ұмтылыс ретінде де қарастыру қажет. Бұл съезд бастаған үдеріс бөлшектенген, жырақтанған тарихи жадты қайта біріктіруге жасалған талпыныс еді.

Бұл жолдың күрделі тұсы – қол жеткен ғылыми табыстар­дың ауыр тарихи қасіретпен қа­тар жүруі. «Түркология – атыл­ған ғалымдардың ғылымы» деген тіркес алғашында метафора секілді көрінгенімен, шын мәнін­де ХХ ғасыр трагедиясы­ның қысқа әрі қатал түйіні. Бұл ой бекер туындаған жоқ: 1926 жылғы съезге қатысқан деле­гат­тардың кейінгі ащы тағ­дыр­­лары оны толық дәлелдеді. I Бүкіл­­одақтық түркологтер съезі тек түркі халықтары үшін ғана ма­ңызды оқиға болып қал­ған жоқ. Ол академиялық пікір­та­лас шеңберінен шығып, ғы­лыми нәтижелерімен қатар жал­пыадамзаттық, адамгершілік құн­­ды­лықтарымен, ақталмаған үміттерімен, күйреген тағдыр­ларымен де тарихта қал­ды. Сырт­тай ресми ғылыми алаң ретін­де көрінгенімен, уақыт өте келе оның қа­тысушылары саяси күдік пен идеоло­гиялық қуғын-сүргін нысанына айналды.

30-жылдардағы тоталитар­лық ке­ңес­тік орта ғылымды ең алдымен идео­логиялық адал­дық тұрғысынан баға­лап, жетістік­ті әлеуетті қауіп ретінде қа­был­­­да­ды. Осы контексте съезге белсе­не қатысқан көптеген түрколог пен қоғам қайраткерлері буржуазия­лық ұлт­шыл­дық, пантүркизм, панисламизм, идеологиялық диверсия, анти­кеңес­тік қызмет, шетел барлауымен байланыс секіл­ді негізсіз, бірақ саяси тұрғы­дан қатал айыптауға ұшырады. Реп­­рессиялық механизм үшін бас­­ты өлшем айыптаулардың логи­­касы емес, олардың идео­ло­гия­­лық мақсатқа сай болуы еді. Нәтижесінде, ғылыми ой сот хат­тамаларында қылмысқа, ал тео­риялық пікірталас мем­ле­­кет­ке төнген қауіпке айнал­ды. Бұл үдеріс жекелеген адам­дар­дың тағдырын ғана емес, түр­ко­логияның дамуын да қатты тұ­ра­латып кетті. Ғылыми мектептер күй­­реді, сабақтастық үзілді, білім­нің берілуі тежелді. Алайда соған қарамастан түркологияны толық тұн­шықтыру мүмкін болмады, физикалық тұрғыда жойылған ғалымдардың идеялары, әдістері мен күн тәртібіне қойған мәселе­лері уақыт өте әлдеқайда өміршең болып шықты.

Ғылым тоталитарлық зор­лық-зомбы­лықтан жоғары тұ­рып, өз бо­лашағын сақтай алды. Осы ма­ғы­нада «түркология – атыл­ған ға­лымдардың ғылымы» тір­ке­сі тек қасіреттің рәмізі емес, ғы­­лым­­ның қарсы тұра алу әле­уе­­ті­нің де көрсет­кіші болды. Бұл – өз өмірінің құны арқы­лы түркологияны сақтап қал­ған ғалымдардың рухани мұрасы екенін еске салады. Түркология тарихы – осы рухани мұраның қандай ауыр сынақтардан өтке­нінің, соған қарамастан қалай аман қалғанының жады. Ғылы­ми әрі зияткерлік әлеуетке ие түр­кология өз өкілдерінің арқасында тоталитарлық кеңестік қоғамның жүйелі қысымы мен шектеуле­ріне төтеп беріп, ғылыми дәстүрін сақтап қалды және орнықты тұжы­рымдамалық ұстанымдар қалып­тастырды.

–  Ортақ мәміле арқылы жаңа әліпбиге көшу сол заманның талабы болғаны да рас. Сол ар­қылы сауаттылықты арттыру, білім мен ғылымды жаңғырту, түркі халықтары арасындағы мәдени-интеллектуалдық байланысты күшейту Һәм түркі әлемін халықаралық ғылыми кеңістікке жақындату мәселесі күн тәртібінде болды ма?

Бахром Ирзаев:

– Бұдан жүз жыл бұрын Баку қала­сын­­да І Бү­­кілодақ­­тық Түр­­кологтер құ­­­рыл­­­та­йын­да латын әліп­­­песіне көшу туралы ше­шім қа­был­­­данған еді. Шын мәнін­де, әліпби­ді жаң­ғырту мәселесі Кавказ мұсылмандары, Түр­кия және татар зиялылары арасында әлдақайда бұрын көтеріл­ген болса да, Түркістанда бұл мәселе кеңес өкі­меті орнағаннан кейін ғана нақты күн тәртібіне шықты. 1918 жылы Таш­кентте, 1923 жылы Бұхарада, 1924 жылы Хорезмде өткен емле кон­ферен­ция­ларында латын жазуының қо­лай­лылығы туралы жекеленген пікір­лер айтылғанымен, не­гізгі назар араб әліп­биін же­ңілдету және оңтайлан­ды­ру мәсе­лелелеріне аударылған еді. 1922 жылы Ташкенттегі «Беҳбуди» клубының ғимаратында профес­сор Паливанов және Неъмат Хакимнің қатысуымен өткен емле мәселесіндегі үлкен талқылауда Мунаввар қори Абдурашидханов емле реформасында асығыстыққа жол бермеуге шақырып, алдымен тілдің бар­лық заңдылығын жан-жақты әрі толық үйрену қажетті­гін айтты. Бүгін Еуропа ғалым­дары Шығыстың рухани мұра­сын, кітап­тарын пайдалану және зерттеу мақ­сатында бүкіл өмі­­рін арнап жатқан бір кезеңде біз өз қолымызбен, өз балала­рымыз­ды, өз қазынамыздан айыруға тыры­самыз. Әкелер жазуын балалар, ­балалар жазуын әкелер түсін­бейтін болашағы айқын емес әліпбилер­ге қарсы шығады. 1922 жылы кеңестік рес­публикалар аумағында ал­ғаш­қы болып Әзербайжан латын емлесіне ауысып, 1923 жылы латын әліпбиі мемлекет­тік әліп­биі ре­тін­де жарияланды. 1924 жылы ­18 ақпан­да Мәскеуде өт­кен татар, баш­құрт ағар­ту қыз­мет­керлерінің құрылтайын­да Олимжон Ибрахимов араб жа­зуы­нан бас тарту және барлық түркі халық­та­ры­на ортақ латын әліпбиін енгізу ­туралы ұсыныс жасады. 1926 жыл­дың басынан бастап, кеңес өкіметінің қатаң талабымен Өзбекстан Республикасы Орталық атқару комитетінің төрағасы Й.Охунбобоевтың бас­шылығымен беделді мемлекет қайраткерлері, тілші-ғалымдар мен мамандардан құралған 44 адамдық «Жаңа әліпби комите­ті» құрылды. Дәл осы 1926 жыл­ғы Баку құрылтайынан соң ауқым­ды жұмыстар басталып, бұл сая­си шара ұлт зиялылары үшін тек жаңа әліпбиі мәселесі ғана емес, халықты сауатсыздықтан құт­қару жолындағы олардың арманын әрі түркі елдері арасында ғылыми және мәдени байланыстарды орнату мен дамытуға мүмкіндік ретінде қабылданды. Бүгінде қайтадан өзекті болып отырған біртұтас әліпби жасау ісінде олардың ұсыныстары, тәжірибелері мен идеялары әлі де аса маңызды деп есептеймін.

– Түркология туралы ойлар ой уақытша тұн­шық­­­ты­рылғанымен, толық жо­йыл­­­ған жоқ. Аталған съезге қа­тыс­қан тұлғалы ғалымдардың кейінгі тағдыры қалай болды?

Нурдин Усеев:

– Бакуде өткен I Бүкілодақ­тық түрко­логиялық құрылтай­ға Қырғызстан атынан Қасым Тыныстанов пен Базарқұл Да­нияров қа­тыс­ты. Құрылтайына Қыр­ғыз­стан атынан қа­тысу мә­се­лесі Қара-қырғыз авто­но­мия­лық облысының Халық ағар­ту ­бө­ліміне қарас­ты Ғылыми ко­мис­­сияның 1925 жыл­ғы бір отырысында қаралған. Осы оты­рыстың ­­№26 хат­тамасында Қ.Тыныстановтың құ­рылтайды ұйымдастыру жұмыстары ту­ра­лы баяндама жасағаны, құрыл­тай­ға Қ.Тыныстанов, Б.Дания­ров және И.Арабаевты жіберу жөнінде шешім қабылданғаны жа­зылған. Алайда белгі­сіз себептермен И.Арабаев құрылтай­ға қатыспаған. 1926 жылы Қара-қырғыз автономиялық облысы­ның Халық ағарту бөліміне қа­расты ғылыми комиссияның мү­шесі болумен қатар, «Эркин-Тоо» газетінің редакторы қыз­метін атқарған Қ.Тыныстанов құрылтайға ұйымдастыру комиссиясы мен Президиумның мүшесі ретінде қатысып, қырғыз тілінің латын негізіндегі әліпбиі туралы баяндама жасады. Ол өз сөзінде жаңа латын әліпбиіне көшудің қажеттігін ерекше атап өтті. Құрылтайдың қызметі мен қорытындылары туралы «Бакудегі түрко­логиялық құрылтай және оның маңызы» атты мақала жазып, оны 1926 жылғы 8 сәуірде жарық көрген «Эркин-Тоо» газе­тінде жариялады.

1926 жылы Орталық педаго­гика­лық техникумда қызмет еткен Б.Данияров құрылтайға Қара-қырғыз автономия­лық облысы­ның Халық ағарту бөлімі атынан қатысты. Белгілі болғандай, I Бүкіл­­одақтық түркологиялық құрыл­­тай­дың басты мақсат­та­рының бірі — түркі тілдері үшін латын әліпбиіне негіз­делген жаңа жазуды қабылдау бол­ды. Құрылтайда түркі тілдері үшін латын графикасына негізделген жаңа әліп­бидің қабылдануы Қырғызстанда латын әліпбиіне көшу үдерісін жеделдетті. Бұл туралы ­Қ.Ты­ныс­танов былай деп жазды:

«Қабылданған жаңа қырғыз әліпбиі де көздеген мақсатына то­лық жете алмады, себебі 1926 жылдың 1 шілдесінде Фрунзе қала­сында өткен қырғыз мәдени-ағар­ту және жауапты қыз­меткерлері­­­нің кеңесінде КСРО-дағы басқа ­түркі халық­та­рының әліпбилерімен қырғыз әліпбиін унификациялау мәселесі талқылан­ды. 1926 жылдың маусым айында Баку қаласында жаңа түркі әліпбиле­рін унификациялау жөніндегі комиссияның жұмы­сынан кейін біріздендірілген әліп­биді енгізу туралы қайтадан түсіндіру шаралары кеңінен жүргізіліп, кадр­лар­ды қайта даярлау бас­талды…» Қ.Тыныс­танов 1938 жылдың 5 қарашасында КСРО Жоғарғы Әскери сотының жабық көшпелі сессиясында 1921 жылдан бастап ұлтшыл «Алаш-Орда» ұйымына, кейін буржуазиялық-ұлтшыл, диверсиялық-зиянкес­тік сипаттағы «Социал-Туран» партиясының жетекші тобына қатысы бар деген айып тағылып, ату жазасына кесілді. Үкім жедел орындалып, 7 қа­ра­ша күні атылды. Б.Данияров та саяси айыптармен тұтқындалып, 1942 жылы Ресейдің Свердлов облысын­дағы саяси тұтқындар түрмесінде қайтыс болды.

– Осы құрылтайға қазақ елі­нен қатысқан делегаттардың ұстанымы қандай еді?

Ермұхамет Маралбек:

– Баку құрыл­тайына еліміз атынан Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омар­ұлы, Нәзір Төреқұлов, Біләл Сүлеев, Азиз Бай­сейдулин қатысты. Құ­­рыл­тайда ғылыми тер­­ми­нология қа­лып­тастыру­ға қатысты бір­қатар ұсыныс айтылды. Бұлар­дың ішіндегі ортақ тер­минологиялық база құру, әр республикада терминология­лық комиссия құру, түркі халықтары­на ортақ ғылы­ми терминдер сөзді­гін жасау сияқты өзекті мәселе­лер бастамасы көтерілді. Құрылтай­да Ахмет Байтұрсынұлы­ның негіз­гі баяндамасының бірі терми­но­логия тақырыбында болды. Ға­лым баяндамасында екі тақы­рып­­қа баса назар аударды: оның бірі – ­терминологияны қалай халық тіліне жақындату; екін­ші­сі – терминжасамда ұстана­тын қағидаттар. Қазақ терминоло­гия­сы тура­лы ұстанымдары мен тұ­жырымда­­рын А.Байтұрсынұлы 1911 жылдан бас­тап жүзеге асырып, қазақ, татар басылым­дарын­да айтып келе жатқандықтан болса керек, құрылтай делегаттары­­на өзі­нің бұл тақырыптағы ұста­нымдарының таныс екенін алға тарта келіп, бұ­ған тоқ­талмай, жоғарыдағы аталған екі мәселе бо­йынша тұжырымдарына на­зар аударуларын сұрайды.

Құрылтайда Ахмет Байтұр­сынұлы, Елдес Омарұлы тіл­та­ну­­шы ғалымдар латын әліп­биіне көшуге түбегейлі қарсы бо­лып, қазақ тілі мен жазуының бүгін­ге дейін жеткен жетістігін, қорғау жолында күресті. Латын әліпбиіне көшу тек саяси астары бар мәселе ғана емес, оның тілтанымдық та негізі бар еді. Сон­­­дықтан да Нәзір Төреқұлов, Телжан Шонанұлы бас­таған беделді қазақ зия­лы­лары мұны қолдады. Он ғасырдан астам уақыт түркі халықтары қолда­нып келе жатқан, дауысты дыбыс­тар жазылмайтын және шартты­лығы көп араб жазу жүйесі түркі тілдерінің табиғаты­на сәйкес келмеді, әсіресе заманның даму деңгейіне сәйкес техника мен адамдар арасындағы тілдік ком­му­никацияның сұранысын өтей алмады. Сондықтан түркі ғалым­дары бұл қиындықтан құты­лудың жалғыз жолын әліпби ауыстыру деп түсінді. Ахмет Байтұрсынұлы араб жазуындағы бұл түйткілдерді әуел­ден-ақ байқап, 1912 жылдан бастап қазақ жазуын жаңа бағытқа, ұлттық арнаға бұрды. Сондықтан да қазақ әліпбиін ауыстырудың қажеті болмады. Бұл қадам, керісінше, ұлттық жазумен сауат­танып келе жатқан қазақ қоғамын жаппай сауатсыздыққа душар етіп, ұзақ мерзімдік тәуелсіздік күресі жолында қазақ халқын ояту мақ­сатымен жүргіз­ген саяси-рухани ағарту қозғалысының жемісін жоғалтумен бірдей еді. Кеңес өкі­метінің көздегені халықты жаппай сауатсыздандыру арқылы көзі ашылып, оянып келе жатқан түркі халықтарының рухани тұтас­тығына балта шауып, тамыры терең тарихы мен мәдениетін жас ұрпақ жадынан ұмыттыру, кеңес идео­логиясына адал жаңа буын тәрбиелеу еді. Мұны түркі зиялыларының ешбірі Ахмет Байтұрсынұлындай терең түсіне алмады. Араб жазу жүйесінің қиын­дығы тудырған тарихи қажет­тілікті отар­шыл билік өз мақ­саттарына пайдаланып кетті. Нә­тижесінде, латын әліпбиіне көшу ­ту­ра­лы қаулы қабылданып, латынграфикалы ортақ түркі әліпбиі қабылдан­ды. Дегенмен қазіргі латынграфикалы жаңа қазақ әліпбиіне көшу – бұдан мүл­де бөлек құбылыс: нысана бір болғаны­мен, оған апаратын жолдың бастауы екі бөлек.

Өзге республикаларға қара­ғанда, ­Ах­мет Байтұрсынұлы бас­таған қазақ зия­лы­ларының қат­ты қарсылығына ұшы­­ра­ған­­дықтан, латын әліпбиіне көшу Қазақстанда кешеуілдеп жү­зеге асты. Түркологиялық құрыл­тай­дан кейін елі­мізде латын әліпбиін жақтаушылар мен арабграфикалы қазақ әліпбиін жақтаушылар арасында айтыс-тартыс басталды. 1926–1928 жылдар аралы­ғын қамтитын бұл кезеңде әлі де «Байтұр­сынұлы әліпбиі» қол­даныста болып, мер­зімді басылымдар мен кітаптар жарық кө­ріп жатты. 1927 жылы маусым­ның 3–7 күндері Бакуде «Бүтінре­сей­лік Жаңа әліпбишілер Кін­­дік комитетінің жиналысы» өтіп, жаңа призидиум сайланды. Коми­тет төрағасы болып әзербайжан­дық Сәмет Ағамалыұлы сайланды. Мүшелікке Қазақстаннан төрт адам: Төреқұлұлы, Көлбашарұлы, Аспан­диарұлы, Диманштейн сайланды. Көп өтпей Қызылордада «Орталық Жаңа әліпби комитеті» құрылды. Комитет­тің төрағасы Ораз Жандосов, хатшысы Телжан Шонанұлы болып тағайындалды. Комитет латынграфикалы жаңа қазақ әліпбиін дайындау, насихаттау және көшіру жұмыстарымен айналысты.

1928 жылы 3 сәуірде Қазақстан Оқу комиссариатының алқасы (кеңесі) мен Қазақстан Кіндік әліпби комитеті латын­графикалы жаңа қазақ әліпби жобасын бекітеді. Бұл республикалық басылымдарда Қазақ жаңа әліпби кіндік комитетінің төрағасы Ораз Жандосұлы, хатшысы Телжан Шонанұлының аты­мен «Түпкілікті бекітілген қазақ жаңа әліпбиі» атты аңдатпа мақала арқылы жа­рияланды: Мақалада әліпби нұсқасы­ның енді өзгермейтіні, басқа жобалар қабылданбайты­нын ескертіп, осы нұсқамен түрлі кітап шығарылып, көпшілік тегіс қабылдауы міндеттелді. Бұл жоба бас әрпі жоқ, дәйекші жүйелі Байтұрсынұлы емлесімен жазылатын жаңа әліпби еді.

1928–1929 жылдары «Бай­тұрсынұлы әліпбиі» қолданыстан шығарылып, көп­шілік тегіс қабылдауы міндеттелді. Бұл жоба бас әрпі жоқ, дәйекші жүйелі Байтұрсынұлы емлесімен жазылатын жаңа әліпби еді. І Бүкіл­одақтық түрко­логиялық құрыл­тайды түркі халықта­ры тарихында ғылыми және саяси сал­мағы бұрын-соңды болмаған өте зор ауқымдағы құрылтай деуге болады.

Түйін. Қорыта айтқанда, 1926 жылғы Бакуде өткен тұңғыш түркологтер құрылтайы – санамызда мәңгі сақталған естелік. Ол – халықпен бірге өмір сүріп келе жатқан идеялар тізбегі. Бір ғасыр бұрын басталған үн бүгін қайта естіліп отыр. Түркі халықтарының ортақ тілі, ортақ жадты сақтауға ұмтылысы әлі де өзекті. Бұл тарихи жиын – ғылымның, ой еркіндігінің және рухани бірліктің рәмізі. Уақыт қанша өтсе де оның мәні кемімейді.

 

Дөңгелек үстелді жүргізген –

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,

«Egemen Qazaqstan» 

Соңғы жаңалықтар