• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Кеше

Абай облысында алимент өндіру тетігі күшейді

10 рет
көрсетілді

Абай облысында алимент өндіру мәселесіне қатысты жедел-профилактикалық іс-шаралар жүріп жатыр. Тексеру барысында алимент бойынша берешегі бар азаматтар анықталған. Қарыз көлемі бірнеше мың теңгеден бастап, қомақты қаражатқа дейін жеткен жағдайлар кездеседі, деп жазады Egemen.kz.

Баланың несібесіне салғырт қарау – тек отбасының емес, қоғам үшін де маңызды жайт екені рас. Осы мәселенің мән-жайын нақтылау үшін Абай облысы Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының басшысы Мағжан Есенбаевқа сауал жолдаған едік. Оның айтуынша, алимент өндіру тәртібі күшейген. Мәселен, алиментке байланысты сот бұйрығы немесе атқарушылық құжат борышкердің тұрғылықты жері не жұмыс орны бойынша жеке сот орындаушысына беріледі. Содан кейін өндіріп алу жұмысы басталады.

«Егер борышкер ресми жұмыс істемесе, берешек елдегі орташа айлық жалақы мөлшеріне сүйеніп есептеледі. Бұл норма алимент төлеуден жалтарудың алдын алуға бағытталған. Берешегі бар азаматтардың банктік шоттары бұғатталып, мүлкіне тыйым салынады. Елден шығуына уақытша шектеу қойылады. Сондай-ақ көлік құралын басқару құқығы шектеледі», деді Мағжан Есенбаев.

14 мың борышкер алимент төлеуден қашып жүр

Өңірлік палатаның дерегінше, борышкерлерге қатысты мәжбүрлеу іс-шаралары кезең-кезеңімен қолданылады. Сот орындаушысының талаптарын орындамаған тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Айыппұл салынады, қоғамдық жұмысқа жіберіледі немесе әкімшілік қамауға алынады.

Ал алимент төлеуден қасақана әрі ұзақ уақыт жалтарғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Мұндай жағдайда айыппұл салу, түзеу жұмыстарына тарту, бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазалары қарастырылған. Бұған қоса, елден шығуға тыйым салу, көлік жүргізу құқығын шектеу және мүлкін тәркілеу шаралары қатар жүреді.

Тараптар өздеріне бекітілген жеке сот орындаушысы туралы мәліметті бірнеше жолмен ала алады. ADILETGOV мобильді қосымшасы арқылы, Әділет министрлігінің ресми сайтындағы тізілімнен немесе тұрғылықты жері бойынша Өңірлік жеке сот орындаушылары палатасына жүгіну арқылы ақпаратқа қол жеткізуге болады. Өңірлік палата өкілдері алимент өндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.

Астанада жеке сот орындаушы алимент төлемеген әкеден 196 млн теңге өндіріп алды

Соңғы жаңалықтар