Кеңес заманында Көкше өңірі зиялыларының көшін бастаған белгілі қоғам қайраткері, журналист, жазушы Жанайдар Мусиннің жарқын бейнесі әлі жадымызда. Ауыр дертке шалдығып, аурухананың ақ төсегіне таңылған күндерінде де қолынан қаламын түсірмей, 55 жасында жарық жұлдыздай жарқ етіп ағып өтіп еді қайран ағамыз.
Жанайдар Баймырзаұлы басшылық жасаған кездегі «Көкшетау» газетіне абырой-беделі жағынан тең келер облыстық басылым бері салғанда еліміздің солтүстік аймағында бұрын-соңды болған жоқ. Қазағының қатары онша қалың емес бұрынғы Көкшетау облысына ғана таралған «Көкшетау» газетінің таралымы 16 мың данадан асып жығылғандығы – соның айғағы. Себебі басылым редакциясында кілең мүйізі қарағайдай майталман журналистер тоғысқан болатын. Бірінен-бірі асқан қара сөздің хас шеберлері, бір шоғыр ақын-жазушы жиналған нағыз шығармашылық орта бойында титтей дарын дәні бар кімді болсын қанаттандырмай қоймас еді. Сол бір ғажап шығармашылық ортаны бүгінде біз «Мусиннің мектебі» деп қастерлей атап, сағынышпен еске аламыз.
Шынында да, Жанайдар Баймырзаұлы – қазақ журналистикасында өзіндік мектебін қалыптастырған тәлімгер-ұстаз еді. Оның төгілте жазған мақалалары мен очерктерін тамсана оқып, өзімізге үлгі етіп ұстанатынбыз. Редактор ретінде, әсіресе, газетке шығатын кез келген материалдың тақырыбы оқырманды «мені оқы» деп шақырып тұратындай, тартымды болуына айрықша мән беретін. Ал ол редакцияның дәлізінде ілулі тұрған «қызыл тақтаға» газетке шыққан жақсы материалымызды қойғызса, төбеміз көкке тигендей болып, шабыттанып-шалқып жүретінбіз.
Жәкең облыстық деңгейдегі әртүрлі жиналысқа қатыса жүріп, өзіне ой салған өзекті мәселелерді қойындәптеріне түртіп алып, кейін бізге жазатын тақырып пен тапсырманы үйіп-төгіп беруші еді. «Көкшетау» газетінің жарияланымдары облыстық партия комитетінің бюросында қаралып, редакциямыздың ұйтқы болуының арқасында Көкше өңірінде талай тың бастамалар туындап жататын. Соның бірі – Көкшетау қаласында қазақ педагогикалық училищесі ашылғандығы. Қазір жоғары қазақ педагогикалық колледжі атанған оқу орнына Жанайдар Мусин есімі берілуінің сыры осында.
Біз Жанайдар ағаның қоғам қайраткерлігімен ұштасқан басшылық тәжірибесін де көріп, жадымызға түйіп өстік. Ол әріптестеріміздің ешқайсысын бөліп-жармай, бәрін тең ұстауға тырысушы еді. Бір жылы редакцияның басшы қызметкерлерінің біреуі халық депутаттары Көкшетау қалалық кеңесінің алғашқы баламалы сайлауында жеңіліс тапты. Көп ұзамай қаладағы кейбір сайлау округтерінде ешбір кандидат жеңіске жетпегендіктен, оларда қайта сайлау өткізу ұйғарылды. Осыған орай, қалалық партия комитеті маған бастауыш партия ұйымының хатшысы ретінде редакция басшыларымен келісе отырып, «Көкшетау» газеті редакциясының атынан тағы бір кандидатураны ұсынуды тапсырды. Мен редактордың кабинетіне кіріп, кеңес құрылысы бөлімінің меңгерушісі Жабал Ерғалиевті ұсынғым келетінін айттым. Жанайдар аға осындай маңызды мәселелерді талқылауға үнемі қатыстырып жүретін, өзімен жастары тетелес бірінші орынбасары мен жауапты хатшыны шақырып алып, олардың пікірлерін сұрады. Екеуінің де сөздері бір жерден шығып: «Бәленшекең сайланбай қалып жатқанда Жабалдың жолы болып, депутаттыққа өтіп кетсе, ыңғайсыз емес пе?..», десті. Мен: «Құрметті ағалар, өсіп келе жатқан жастардың жолын бөгеу дұрыстыққа жата қояр ма екен?!.», дедім. Жанайдар аға сәл ойланып қалды, сосын: «Кәрібайдың сөзінің жаны бар. Жабал ініміз қалалық кеңеске депутат болып сайланса, ол да біздің газетімізге абырой емес пе?», деп, бір-ақ кесті. Осылайша, кейін Парламент Сенатының депутаттығына дейін көтерілген Жабал Ерғалиев ағамыздың қайраткерлік жолы Жанайдар Мусиннің батасымен Көкшетау қалалық кеңесінің депутаты болып сайлануынан басталған еді.
Жәкең Көкше өңіріндегі аудандық газеттердің редакцияларында жұмыс істеп жүрген, талаптары таудай жас журналистерді дер кезінде тап басып танып, облыс орталығына қызметке шақырып, қаладан жайлы үй әперіп, үлкен қамқорлық көрсетті. Олардың өзім білетін, толық емес тізімінде Райхан Сейітова, Қорғанбек Аманжол, Ғосман Төлеғұл, Қайырбай Төреқожа бар. Сол тізімге мен де кірдім.
1981 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) журналистика факультетін тәмамдаған соң жолдама бойынша Солтүстік Қазақстан облыстық «Ленин туы» газетінің редакциясына жұмысқа орналастым. Үш ай қатардағы тілші болып істегеннен кейін Петропавл қаласынан пәтер түгіл, отбасылық жатақханадан орын алудың өзі де қиын болған соң редакция басшылығы мені Жамбыл ауданы бойынша меншікті тілші қылып жіберуді ұйғарды. Сөйтіп, үш жарым жыл шалғайдағы ауданның орталығы – Благовещенка ауылында тұрып, журналистік еңбек жолымды жалғастырдым. 1985 жылғы шілде айының соңында Жанайдар Баймырзаұлының өзі Көкшетаудан Благовещенкадағы пәтеріме телефон соғып, Щучье қаласының орталығындағы бес қабатты үйдің үшінші қабатында үш бөлмелі пәтер менің отбасыммен бірге көшіп келуімді күтіп, бос тұрғанын айтты. «Біз «Ленин туын» ұдайы алдырып, оқып тұрамыз. Мақалаларың республикалық газеттерде де жарияланып жатыр. Жазуың ұнайды. Сондықтан саған әзірге «Көкшетау» газетінің Щучье ауданы бойынша меншікті тілшісі қызметін ұсынамын. Бірер жылдан кейін редакциямыздың бір бөлімінің меңгерушісі қылып жоғарылатамын», деді. Мен өз құлағыма өзім сенбегендей күй кешіп, қуана келісім бердім.
Тез арада отбасыммен бірге Щучье қаласына көшіп келіп, курортты шаһардың орталығында орналасқан бес қабатты жайлы тұрғын үйдің үшінші қабатындағы үш бөлмелі пәтерге түсіп, үйреншікті меншікті тілшілік қызметімді атқаруға кірістім. Арада бір жарым жыл өткенде редакцияның ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалдым. Сондықтан да көңілімнің түкпірінде: «Жанайдар аға болмаса, мен сол түкпірдегі Благовещенка ауылында қатардағы тілші болып қала берер ме едім, кім білсін?», деген күмәнді ой жатады.
Жанайдар Баймырзаұлы Көкшетау облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болып сайланғаннан кейін де өзі 19 жыл басшылық еткен ұжымда кінәратсыз шығармашылық ахуалдың сақталуын қадағалап отырды.
Ұлы Абайдың «Болмасаң да, ұқсап бақ» дегеніндей, жас кезімде мен Жанайдар ағадай сөздің майын тамызатын шебер журналист болуды армандайтынмын. Оның қарамағында қызмет істеген бес жылдай уақытым шын мәніндегі екінші университетім, бірегей шығармашылық мектебім болды. Жалғыз мен емес, Жәкеңнің тәлім-тәрбиесін көрген талай танымал журналист өздерінің «Мусиннің мектебінен» өткендерін мақтан тұтады.
Пайымдап қарасам, өмірде қол жеткізген азды-көпті жетістігімнің бәріне Жәкеңнің өзім тәнті болып, еліктеуге тырысқан қайраткерлік қырларының, ақыл-парасатының, адамгершілік қасиетінің, биік азаматтық ұстанымының ықпалы тиіпті. Ақан сері бабамыз: «Тау болсаң, Жыландыдай биік тау бол!», деп жырына қосқан Жыланды тауының баурайында дүниеге келіп, тауға қарап өсіп, тау тұлғалы азамат болып шыңдалған Жанайдар аға – мен үшін биіктік пен іріліктің, кеңдік пен кемелділіктің өнегесі.