Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы жүктеген міндеттердің орындалу барысын талқылау мақсатында арнайы кеңес өткізді. Жиында Президент тапсырмаларын іске асырудың нақты тетіктері, мерзімдері әрі жауапты органдар айқындалды.
«Мемлекет басшысы жаңа Конституция жобасының мәні мен маңызына арнайы тоқталды. Ұсынылып отырған өзгерістердің ауқымы кең, маңызы зор. Ең бастысы – талқылау үдерісі ашық өтті, мұндай тәжірибе еліміздің тарихында бұрын-соңды болмаған. Президент атап өткендей, жаңа Конституцияда «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген қағидат айқын көрініс тапты. Конституциялық реформаның негізгі мақсаты – саяси жаңғырумен қатар экономиканың сапалы өсімін қамтамасыз ету. Яғни бірінші кезекте халықтың табысы мен әл-ауқатын арттыруға басымдық берілуі керек. Бұл – біздің алдымызда тұрған аса маңызды міндет», деді отырысты ашқан Үкімет басшысы.
Ал Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринның айтуынша, табыстың өсуі, инфляцияны төмендету мен нақты секторды қолдауға басымдық беріледі. Ұлттық банкпен бірлесіп, инфляция деңгейін 9–11%-ға дейін төмендету туралы жоспар әзірленетіні айтылды. 1 мамырға дейін Халық табысын арттырудың 2026–2029 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданады. Сондай-ақ бизнесті мемлекеттік қолдау шараларын EGov Business платформасында «бір терезе» қағидаты арқылы дамыту жалғасады.
Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев бірқатар негізгі цифрлық жобалардың жүзеге асырылу барысы туралы баяндады. Атап айтқанда, Keden және Қаржы министрлігінің салықтық әкімшілендіру платформалары, су тасқынын болжауға арналған Tasqyn жүйесі, автожол саласындағы eJoldar, тасымалдау бағытындағы Smart Cargo және өзге де салалық цифрлық шешімдер таныстырылды. Сонымен қатар «Әлеуметтік әмиян» мен үй шаруашылықтарының цифрлық профильдерін дамыту жұмыстары жалғасып жатқаны айтылды. Алдағы кезеңде мемлекеттік органдардың тиімділігін арттыру мақсатында ақпараттық жүйелерді бірыңғай QazTech платформасына көшіру, киберқауіпсіздікті күшейту, салалық Data Lake жүйелері мен жасанды интеллект агенттерін қалыптастыру жоспарланып отыр.
«Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың сөзіне сүйенсек, 2026–2030 жылдары 27 млрд доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тарту көзделген. Сонымен қатар цифрландырудың нәтижелері, оның ішінде 5 жыл ішінде жиынтық экономикалық әсері 1,3 млрд долларды құрайтын жасанды интеллект жобаларын енгізу мәселесі сөз болды. Премьер-министр Қор құрылымын одан әрі жетілдіруді, қажет болған жағдайда жекелеген компанияларды біріктіру арқылы трансформациялау шараларын қарастыруды тапсырды.
Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, бірінші жартыжылдықта Тауарлардың ұлттық каталогін іске қосу жоспарланып отыр. Салықтық, кедендік әкімшілендіруді цифрлық форматқа көшіру жедел жүріп жатыр. Тиімсіз шығыстарды қысқарту мақсатында бюджеттік бағдарламаларға ревизия жүргізіледі. Сондай-ақ бюджет қаражатының қадағалануы үшін цифрлық теңгені қолдану аясы кеңейтіледі.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов келтірген дерекке сүйенсек, 2029 жылға дейін 13,3 ГВт жаңа қуат көздерін іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар көмір генерациясын дамыту туралы ұлттық жоба дайындалып, қоғамдық талқылауға шығарылды, еліміздің энергетикалық негізін нығайту бағытында жұмыстар жүргізіледі. Мұнай өңдеу және мұнай-газ химиясы саласы бойынша Президент тапсырмасына сәйкес, жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу зауыттарының қуатын кеңейту жобалары белгіленіп, жаңа МӨЗ салу мәселесіне де назар аударылды. 2029 жылға дейін ірі мұнай-газ химиясы бойынша бірқатар жобаны іске қосу жоспарланып отыр, «Мұнай-газ химиясы өнеркәсібі туралы» заң жобасы әзірленіп жатыр.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, отандық тауар өндірушілердің тізілімінде 5,6 мың компания тіркелген. АЭА қызметін кезең-кезеңмен трансформациялау жоспарланған. Бүгінде АЭА-да өңдеу өнеркәсібі бойынша 4,4 трлн теңгеге 555 жоба жүзеге асырылды, 33 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Өнеркәсіп саласында терең өңдеуге басымдық беріледі. Шикізатты сыртқа шығаруды реттеу және жоғары қайта бөлінген өнім өндіруді ынталандыру тетіктері қарастырылып отыр. Сонымен қатар маңызды минералдар саласын дамыту стратегиясы әзірленіп жатыр. Геологиялық барлау бағытында алдағы 3 жыл ішінде қаржыландыру көлемін кейінгі 30 жылда тартылған инвестиция деңгейіне жеткізу жоспарда бар.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту туралы кешенді жоспарды іске асыруға әрі саланы жеңілдетілген қаржыландыру аясын кеңейтуге басымдық берілетіні туралы баяндады. Ветеринарлық қауіпсіздікті күшейту мен бақылаудың цифрлық құралдарын енгізу міндеттері бөлек айқындалған. Қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібінде 2026 жылдан бастап инвестициялық субсидиялар ұлғайтылып, қосылған құн салығы төмендетіледі. Сондай-ақ шикізатты қайта өңдеу мен терең өңдеуге бағытталған жаңа жобаларды іске қосу үшін қосымша ынталандыру шаралары енгізіледі.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова білім беру саласын қаржыландыру тетіктерін жетілдіру туралы ұсыныстарын таныстырды. Президент тапсырмаларын орындау шеңберінде жекеменшік мектептерді қаржыландыру өңірлік қажеттілікке сәйкес басым жобаларға бағытталады. Олардың мемлекеттік стандарттарға сәйкестігін бақылау күшейтіледі. Мектепке дейінгі ұйымдарды ваучерлік қаржыландыру тетігінің нәтижелері де ұсынылды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл жүйе 25,7 млрд теңге үнемдеуге мүмкіндік берген. Алдағы кезеңде аталған тетік кезең-кезеңімен кеңейтіледі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, қазір Бірыңғай цифрлық әлеуметтік қорғау платформасы негізінде әлеуметтік қызметтерді толық цифрландыру мен қолдау тетіктерін проактивті форматқа көшіру үшін деректерді дайындау жұмыстары жүргізілуге тиіс. Сонымен қатар еңбек нарығын жаңарту міндеті қойылды. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Ұлттық мамандықтар трансформациясы орталығын құру жоспарланып отыр.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйенің құрылғанын хабарлады. Бұл жүйе денсаулық сақтау саласындағы барлық ІТ шешімдерді біріктіріп, қызмет көрсету үдерістерінің ашықтығына бағытталған. Аталған жүйе мен денсаулық сақтау порталы 2026 жылғы 1 желтоқсанда іске қосылады. Амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласында «Әлеуметтік әмиян» тетігі кеңінен қолданылып келеді. 2025 жылы осы жүйе арқылы 13,8 млн-нан астам рецепт берілген, бұл жалпы көлемнің 82%-ын құрайды.
Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаровтың айтуынша, 2026 жылы транзит көлемін 55 млн тоннаға дейін жеткізу көзделген, бұл 65%-дық өсімді білдіреді. Бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаларды аяқтау жоспарланған. Ресей Федерациясы және Қытай Халық Республикасымен шекаралық инфрақұрылымды үйлестіру жұмыстары жалғасып жатыр. «ҚТЖ» жол картасы мен жаңа тарифтік саясат бекітілді. Автожол саласында Қызылорда, Сарыағаш және Рудный қалаларында 3 айналма жолдың құрылысы басталады, 33 өткізу пункті жаңғыртылып жатыр. Жасанды интеллект шешімдерін енгізу аясында Smart Cargo платформасын мемлекеттік және салалық сервистермен ықпалдастыру жалғасады. 2027 жылға дейін Біртұтас интеллектуалды көлік экожүйесін қалыптастыру жоспарланған.
Жиын қорытындысында Премьер-министр Олжас Бектенов Президент белгілеген барлық міндеттер халық пен бизнеске нақты нәтиже беруге тиіс екенін айтты. Оның айтуынша, қабылданған шешімдер қағаз жүзінде қалмай, іс жүзінде орындалуы қажет. Осыған байланысты бірқатар нақты тапсырмалар жүктелді.
«Көріп отырғанымыздай, алдымызда тұрған мақсат-міндеттердің ауқымы өте үлкен. Мемлекет басшысы атап өткендей ойланып-толғануға уақыт жоқ. Батыл, тиімді шешім қабылдап, оны жедел жүзеге асыру қажет. Халықтың табысы мен әл-ауқатын арттыру – атқарылатын жұмыстың нақты нәтижесі болуға тиіс. Мемлекеттік органдар мен әкімдіктер Президент тапсырмаларының сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз етуі керек», деп қорытындылады Үкімет басшысы.