Бүгін С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті депутаттарының офицерлер мен запастағы сержанттарды әскери даярлау мәселелеріне арналған көшпелі отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Іс-шара жоғары оқу орындарында әскери даярлауды ұйымдастырудың өзекті мәселелерін талқылауға, оқу үдерісін жетілдіруге, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталды.
Дөңгелек үстелге Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Андрей Лукин, ҚазАТЗУ Басқарма төрағасы – ректоры, ҰҒА академигі, ғылым докторы Қанат Тіреуов, Парламент Сенатының депутаттары, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланының өкілдері, сондай-ақ елдің жетекші жоғары оқу орындарының әскери кафедраларының басшылары қатысты.
Көшпелі отырыс аясында Сенат комитетінің мүшелері ҚазАТЗУ-дың әскери кафедрасында болып, офицерлер мен запастағы сержанттарды даярлау жағдайымен, оқу үдерісінің ұйымдастырылуымен, оқу-материалдық базамен, арнайы аудиториялар мен оқу кабинеттерінің жұмысымен танысты.
Алғашқы әскери дайындықтың жаңа ережелері енгізілді
Жиын барысында Қорғаныс министрлігінің Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы, полковник Мұрат Олжабаев, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің әскери кафедрасының бастығы, отставкадағы полковник Төлеген Дуламбаев, сондай-ақ Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әскери кафедрасының бастығы, генерал-майор Еділ Оразов баяндама жасады.
Отырыста комитет төрағасы Андрей Лукин көшпелі кездесудің университеттің әскери кафедрасының қызметімен танысуға арналғанын атап өтті. Аталған кафедра запастағы офицерлер мен сержанттарды төрт әскери-есептік мамандық бойынша даярлайды. Оқу үдерісін ұйымдастыру, білім алушылардың әскери-патриоттық тәрбиесі, материалдық-техникалық база деңгейі мен профессорлық-оқытушылық құрамның кадрлық әлеуетіне ерекше назар аударылды.
Мектептердегі алғашқы әскери дайындық жүйесі жаңартылады
Көшпелі отырыс қорытындысы бойынша әскери даярлау сапасын арттыруға, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге және Қарулы күштерді сапалы әрі сұранысқа ие запастағы кадрлармен қамтамасыз етуге бағытталған нақты ұсынымдар әзірлеу жоспарланып отыр.