• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Ата заң Бүгін, 18:02

Кәсіподақтар федерациясының төрағасы: Жаңа Конституция жобасы еңбек адамдарының тілегімен үндеседі

10 рет
көрсетілді

Кәсіподақтар федерациясы жаңа Конституция жобасын қолдайтынын мәлімдеді. Комиссияның 10-шы отырысында Федерация төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Ата заң жобасы қоғамның сұранысын, әрбір азаматтың өміріне ұзақ мерзімді ықпалын ескере отырып әзірленгенін атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Оның айтуынша, кәсіподақтар үшін ең маңызды мәселенің бірі – Конституциялық реформаның ашықтығы және талқылауға еңбек етіп жүрген азаматтарды кеңінен тарту. Бұл бағытта аймақтарда, еңбек ұжымдарында жүйелі кездесулер ұйымдастырылған.

«Кәсіподақтардың шамамен 2 миллион мүшесінің өкілі ретінде бұл құжатты талқылау  комиссия мен сарапшылар ортасының шеңберінде ғана қалмауы – мен үшін аса маңызды болды», деді Сатыбалды Дәулеталин.

Марат Шибұтов: Ата заң жобасы жалпыхалықтық референдумға шығаруға дайын

Өңірлердегі кездесулер барысында еңбек адамдарының күнделікті өміріне тікелей әсер ететін мәселелер көтерілген. Ашық диалог, кейде қызу пікірталасқа ұласқан талқылаулар шынайы сипатта өткен.

«Талқылау азаматтармен бетпе-бет, кейде қызу пікірталас түрінде, бірақ шынайы әңгіме сипатында өтті. Адамдар еңбек қауіпсіздігі, балаларының болашағы туралы айтты. Кәсіподақтар федерациясы жаңа Конституция жобасын қолдады. Себебі ол көп жағдайда біз еңбек адамдарынан естіп отырған ой-пікірлермен сәйкес келді», деді Федерация төрағасы.

Спикер жаңа Конституция жобасында әлеуметтік мемлекет қағидатының және адамның ең жоғары құндылық ретінде бекітілуінің айқын көрініс тапқанына ерекше тоқталды. Оның пікірінше, бұл – барлық мемлекеттік шешімдер үшін негізгі бағдар болуы тиіс.

«Алғашқы баптың өзінде-ақ Қазақстан әлеуметтік мемлекет ретінде айқындалып, ең жоғары құндылық ретінде адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары аталады. Жалдамалы жұмыскер үшін бұл – аса маңызды белгі. Мемлекет енді сандар мен есептердің айналасында емес, еңбек етіп, өнім өндіретін, еліміздің тұрақтылығын қамтамасыз ететін адамдар айналасында құрылады», деді Сатыбалды Дәулеталин.

Жаңа Конституция жобасында адам мен азаматтық құқықтың ара-жігін ажырату ұсынылды

Еңбек құқықтары мәселесіне келгенде, ол экономикалық және технологиялық өзгерістер кезеңінде мемлекеттің жұмыспен қамту мен еңбек жағдайларына жауапкершілігі сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілетінін айтты.

«Еңбек – адамның жеке тәуекелі ретінде емес, лайықты өмірдің негізі ретінде мойындалады. Тағы бір маңызды бағыт – ынтымақтастық қағидаты. Мұнда ол өзінің нағыз шынайы мәніне қайта оралады. Бұл – мемлекет, бизнес және еңбек арасындағы ынтымақтастық. Тәуекелді жұмыскердің мойнына іле салу емес. Біржақты жауапкершілік те емес. Бұл – мемлекет белсенді қатысушы бола отырып, адамдардың тұрмыс жағдайына жауапкершілік алатын мүдделердің әділ теңгерімі. Жұмысшы үшін бұл, ең алдымен, ертеңгі күнге деген сенім», деп түйіндеді ол.

Сөз соңында Кәсіподақтар федерациясының төрағасы ауызбіршілік пен қоғамның бірлесе әрекет етуі елдің тұрақты дамуының басты алғышарты екенін атап өтіп, Конституциялық комиссия мүшелеріне ашық әрі мазмұнды диалог үшін алғыс білдірді.

Халықаралық заңгерлер қауымдастығы: Жаңа Конституция жобасы халықаралық стандарттарға сай

Соңғы жаңалықтар