• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Пікір Бүгін, 09:18

Ережеге негізделген ұмтылыс

10 рет
көрсетілді

Конституция жобасы күрделеніп келе жатқан әлеуметтік және цифрлық шындыққа институционалдық жауап беруге ұмтылыс ретінде ұсынылды. Мұнда басымдық тосын әрекеттерден нысандандырылған ережелерге ауысып, адам құқықтарын қорғау декларациялармен емес, нақты жұмыс істейтін рәсімдермен байланыстырылған.

Жаңа Конституция жоба­сының пайда болуы әдетте эмо­циялық реакция тудырады, бұл – табиғи құбылыс. Өйт­кені қоғамдық санада Конс­титуция көбіне тек құқық­тық құжат ретінде емес, ең алды­мен әділеттіліктің, би­лік шекараларының және жеке қауіпсіздіктің рәмізі ре­тінде қабылданады. Алайда эмоциялық әсерден алшақтап, мәтінді мұқият оқығанда құрылымдық әрі мазмұндық мәселелер айқын көрінеді. Жалпы алғанда, Конституция жобасы рәсімдерге, консти­туциялық бақылауға және жаңа цифрлық шындық жағдайында адамды қорғауға негізделген жаңартылған конституциялық архитектураны ұсынады.

Конституция жобасы нақ­ты формуламен ашылады: Қазақ­стан – демократиялық, зайыр­лы, құқықтық және әлеу­меттік мемлекет, ал ең жоға­ры құндылықтар – адам, оның өмірі, құқықтары мен бос­тандықтары. Бұл норма бүкіл мәтіннің жалпы бағы­тын айқындап, жеке бас бостан­дығының кепілдіктерінен бас­тап ақпаратқа қол жеткізу мен жеке өмірді қорғауға дейінгі ережелерге негіз болады.

Жобадағы маңызды өзгеріс­тер­дің бірі – декларативті мақсаттарға қарағанда рәсім­дердің басым болуы. 3 және 4-баптарда мемлекет миссия, идеал немесе болашақ бейне арқылы емес, қызмет қағи­даттары, билік көздері және өкілеттіктерді беру тетіктері арқылы сипатталады. Мұндай тіл процедуралық мемлекет­ке тән, онда тұрақтылық хариз­малық шешімдермен емес, институттардың жұмыс істеуін алдын ала айқындайтын ереже­лер арқылы қамтамасыз етіледі.

Конституция жобасында адамның жүйе алдында ерекше осал болатын жағдайларына айрықша назар аударылған. Ұстау және қамауға алу тек заңда белгіленген негіздер мен тәртіп бойынша, міндетті сот бақылауымен және шағымдану құқығымен жүзеге асырылатыны бекітіледі. Адамға бос­тандығын шектеудің себептері мен құқықтары түсіндіріліп, қорғаушыға қол жеткізу ең ерте кезеңнен қамтамасыз етілуге тиіс. Бұл нормалар саяси мәлімдемелер ретінде емес, еркін шешімдердің қаупін азайтып, құқық қолданудың болжамдылығын арттыруға бағытталған нақты ережелер ретінде маңызды.

Жеке өмірді цифрлық технологияларды ескере отырып қорғаудың тікелей бекітілуі – түбегейлі жаңа элемент. Жоба хат-хабардың, келіссөздердің, хабарламалардың, дербес де­рек­тердің және банк құ­пия­сының қол сұғылмастығын бекітеді. Онда жеке өмірдің бүгінгі таңда тек физикалық кеңістікте емес, цифрлық ортада да жүзеге асатыны мойын­далады. Алғаш рет Негізгі заң деңгейінде жеке өмір мен дербес деректерді қорғау цифр­­лық технологияларды қол­данумен тікелей байланыстырылып отыр (21-бап), бұл –отандастарымыздың күнделікті өмірінің жаңа шындығына конституциялық нормаларды бейімдеудегі аса маңызды қадам.

Жобадағы ең практикалық нормалардың бірі – мемле­кеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың азаматтардың құқықтары мен мүдделе­ріне қатысты құжаттарға, шешім­дерге және ақпарат көздеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету міндеті. Негізінде қарапайым қағида бекітіледі: егер шешім саған қатысты болса, оның қандай негізде қабылданғанын білуге құқығың бар. Бұл ашық­тықты арттырып, азамат пен мемлекет арасындағы сенімді нығайтады.

Жоба сөз бостандығын және цензураға тыйымды растай отырып, ар-намыс пен қадір-қасиетті, денсаулықты, құлықтылық және қоғамдық тәртіпті қорғауға бағытталған шектеулерді де белгілейді. Бұл көптеген құқықтық жүйеде қолданылатын тәсілге сай келеді: сөз бостандығы тек заң негізінде, заңды мақсаттар үшін және қажеттілік пен тепе-теңдік қағидаттарын сақтай отырып шектелуі мүм­кін. Мұндай тепе-теңдік сот­тың бағалауына және құқық қолдану практикасына шешу­ші рөл береді.

Сонымен қатар Консти­туция жобасы барлық қоғам­дық алаңдаушылықты бір­­ден шешпейтінін түсіну маңыз­ды. Бұл – мұндай ауқым­ды құ­жат үшін қалыпты жағ­дай. Конс­титуция саяси пікір­талас­ты немесе қоғамдық талқы­лауды алмастыруға арнал­маған. Ол барлық қоғамдық қатынасты егжей-тегжей рет­темейді және ағымдағы құ­қық шығармашылығын алмас­тырмайды. Оның міндеті – негізгі қағидаттарды, билік архитектурасын белгілеу, ше­шім қабылдау рәсімдерін бекі­ту және мемлекеттің ара­ласу шектерін, сондай-ақ адам құқықтары мен бостан­дық­тарының базалық кепілдік­терін айқындау. Ал нақты ше­шім­дер заңдар, заңға тәуелді акті­лер және сот практикасы деңгейінде қалыптасады.

Жоба мемлекеттіліктің ір­гелі параметрлерін – егемен­дік, тәуелсіздік, аумақтық тұ­тас­тық және басқару нысанын тікелей бекітеді. Бұл саяси жағдай өзгерген сайын қайта қаралмайтын құндылықтардың бар екенін білдіреді. Прези­денттік мандаттың болжам­дылығы да ерекше атап өтіледі: өкілеттік мерзімі жеті жыл болып белгіленіп, бір ретпен шектеледі және бұл норма өзгермейтін деп көрсетіледі.

Маңызды жаңалықтардың бірі – Конституциялық сот­тың рөлін күшейту. Алғаш рет азаматтарда өз құқықтары мен бостандықтарына тікелей әсер ететін нормативтік ше­шімдерге шағымдануға мүмкіндік беретін тікелей конституциялық құрал пайда болады. Бұл – елеулі өзге­ріс. Енді мемлекетпен дау­лар­ды көше арқылы емес, құ­қық­тық жүйенің ішінде шешу ұсынылады.

Жалпы алғанда, жаңа Конс­­титуция жобасы жоспар­сыз әрекеттен гөрі ережелерге негізделген мемлекетке көшуге ұмтылыс ретінде көрінеді. Онда рәсімдер нақ­ты­ланып, конституциялық бақылау күшейтіледі, цифр­лық шындық ескеріледі және институттардың болжам­дылығына басымдық беріледі. Сондықтан жобаны қоғам болып талқылаудың маңызы зор. Конституциялық мәтін форматты айқындайды, ал оның нақты мазмұны заңдардың сапасына және оларды қолдану практикасына байланысты болады.

 

Айгүл ЗАБИРОВА,

Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері

Соңғы жаңалықтар