Ата заңның жаңартылған нобайы қоғамда кең ауқымда пікірталас тудырып отыр. Азаматтық қоғамның мүшесі ретінде конституциялық реформа төңірегіндегі пікірталастарды тұрақты назарда ұстауға тырысамын. Бір байқағаным, әлеуметтік желіде көбіне саяси режім мен мемлекеттілік ұғымының ара-жігін ажырата алмайтындар пікір айтып жатады. Сол себепті де бұл кейде негізгі мақсаттан тыс дәйексіз дауға ұласады.
Бірі конституциялық нормаларды тек қана қазіргі билікке қарым-қатынасы тұрғысынан бағалап, режімге қатысы жоқ, бірақ мемлекеттіліктің негізі саналатын ережелерді сынап жатса, екіншісі саяси режімді реттейтін нормаларды мәңгілік, қол сұғуға болмайтын нәрсе деп теріс түсіндіріп отыр.
Бұл екеуі, негізінен, мемлекет құрылымының әртүрлі деңгейлері. Саяси режім – құбылмалы. Ол белгілі бір кезеңдерде күшеюі, әлсіреуі, реформалануы немесе кері шегінуі мүмкін. Қазақстан тарихында мұндай өзгерістер болды және бұл қалыпты саяси үдеріс саналады.
Ал мемлекеттілік – кез келген режімнің іргетасы. Оған егемендік, аумақтық тұтастық, институттардың сабақтастығы, мемлекеттің шешім қабылдау мен жүзеге асыру қабілеттері кіреді. Бұл іргетасты жоғалту салыстырмалы түрде оңай болғанмен, оны қайта қалпына келтіру аса күрделі, кей жағдайда тіпті мүмкін емес.
Осыған байланысты конституциялық нормаларды «бұл нақты кезеңде қолданыстағы билікті күшейте ме?» деген өлшеммен бағалау дұрыс емес деп есептеймін. Билік те, саяси тұлғалар да уақыт өте өзгереді. Ал мемлекет тарихи тұрғыда жеке тұлғалардан да, саяси кезеңдерден де ұзақ өмір сүруге тиіс. Конституция – бір ғана саяси кезеңге арналған құрал немесе сол кездегі жағдайға қарай қабылданатын құжат емес. Сондықтан қоғамдық пікірталастар барысында біз саяси режімнің параметрлерін талқылап отырмыз ба, әлде мемлекеттіліктің іргелі негіздерін қарастырып отырмыз ба – осыны нақты айыра білу қажет.
Назар аударатын бір жайт, ұсынылған жобада «Заң мен тәртіп» қағидаты айқын көрсетілген. Жалпы, халықаралық тәжірибеде идеологиялық бағдарлар мен жүйе құраушы ұстанымдарды Конституцияға бекітуге жол беріледі. Мұндағы басты шарт – олардың құқықтық нормалардың орнын баспауы. Жаңа Конституция жобасында, тұтастай алғанда, бұл тепе-теңдік сақталған. Әлеуметтанулық зерттеулер отандастарымыздың заңдылық пен тәртіп мәселелеріне баса назар аударып келе жатқанын көрсетіп отыр. Былтыр жүргізілген ҚҚДИ зерттеуіне сәйкес, респонденттердің 67,6%-ы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған «Заң мен тәртіп» қағидатымен таныс екені белгілі болды.
Жаңа жобада өзгеріс көп. Бәріне тоқталу мүмкін емес. Дегенмен «шынайы тежемелі әрі тепе-тең жүйе орнату – басты мақсат» дейтін болсақ, «Президент – Парламент», «Парламент – Үкімет» қатынастарын жеке-жеке қарастыру қажет деп ойлаймын. Мәселен, Президент ұсынған кандидаттарды Құрылтай екі мәрте кері қайтарған жағдайда, Президенттің Құрылтайды тарату құқығы көзделген. Бұл тетік тепе-теңдіктен гөрі бір тараптың басымдығын күшейтетіндей әсер қалдырады. Негізінде, біздің саяси тәжірибемізде уақыт өте келе ұмыт қалған, бірақ институционалдық тұрғыдан әлдеқайда әділетті бір тәсіл болды. Жаңағыдай институционалдық тығырыққа тірелгенде, екі тарап та қайта сайлауға түсетін. Меніңше, осы нағыз тежемелі механизм. Бұл тәсіл екі жақты ымыраға итермелейді. Ал егер ымыра болмаса, тәуекел туындайды. Демек, жауапкершілік те жоқ емес. Әрине, нақты шешім референдум арқылы қабылданады. Сондықтан жобаны әлі де кеңінен талқылауға мүмкіндік бар.
Риззат ТАСЫМ,
Қазақстан қоғамдық даму институты Қоғамдық үдерістерді зерттеу орталығының басшысы