Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мағира Қожахметова апайды оқушы кезімнен білемін. 80-жылдардың басында «Лениншіл жас» газетінен етектей-етектей мақалаларын сүйсініп оқитынмын.
Диплом
Мектеп бітіргенде, бағым жанып ҚазМУ-ге түсіп кеттім. Бұл кезде Мағира апай «Қазақстан әйелдері» журналы бас редакторының орынбасары болып істейтін. Дипломдық жұмысыма Мағира апайдың журналистік қызметін арқау етіп, сол арқылы қазақ қыздарының қолынан журналист болу келетінін дәлелдегім келді. Ұсынысымды кафедра жетекшісі құптады. Сонымен Мағира апайдың шығармашылығымен жіті таныстым. Өнер, мораль тақырыбына жазғандары көркем дүниедей оқылады. Мағира апайды іздеп «Қазақстан әйелдері» редакциясына бардым. Апай «қосымша деректер керек болар, мынау менің күнделігім, сосын қайтарып бересің» деп қалың блокнот ұстатты. Сөйтіп, «Мағира Қожахметованың журналистік қызметі» атты дипломымды абыроймен қорғадым. Комиссияның төрағасы жазушы-публицист Камал Смайылов «Мағира Қожахметованың журналистік шеберлігін ашып, пайдалы мағлұматтар беріпсің» деп бестік баға қойғанда, қуанып кеттім.
Жыр болған журфак
Көкшетау облысы Зеренді ауданы Қошқарбай ауылында 1946 жылы 5 ақпанда туған жазушы мектепті қазақша бітіріп, Көкшетау кітапхана техникумына түсіп, оқуын орыс тілінде жалғастырады. Алматыға барып, журналистика факультетінде оқу үшін үш жыл жұмыс істеу керек екен. Сөйтіп, Журфактың күндізгі бөліміне құжат тапсыра алмайды. ЖенПИ-дің кітапхана факультетіне сырттай оқуға түседі. Бірде Әсемгүл есімді әдемі қызбен танысады. Ол «менің әкем Журналистика факультеті деканының досы Тұтқабай Тілепбергенов», дейді. Үшінші курсты сырттай бітіргеннен кейін Әсемгүл курстасы журналистика факультетінің деканы Тауман Амандосовқа алып барады. «Не жазасың?» деген сұрағына «Күнделік жазамын» деп жауап береді. Күнделігінде музыка, өнер туралы жазғаны, өлеңдері бар. Декан күнделікті алып қалып, кафедрада істейтін Есберген Естаев деген оқытушыға оқуға тапсырма береді. Ол кісі «ой өрісі өте кең» деп бір бет арқылы жазады. Сол рецензия бойынша Тауман аға екінші курсқа қабылдайды. Университетті бітіргеннен кейін жолдамамен Көкшетауға радиоға жібереді. Бірақ республикалық «Лениншіл жас» газетінде жұмыс істесем деп армандайды.
Атын әйгілеген «Лениншіл жас»
Газеттің бас редакторы Шерхан Мұртазаға кіреді. Сынақ мерзімімен 1969 жылы күзде жұмысқа қабылданады. Алғаш рет Талдықорған облысы жақтағы Гвардия ауданына іссапарға жібереді. Орталығы Қоғалыға барғанда Шоқан Уәлихановтың зиратына соғады. Біздің ел перзенті ғой деген оймен сол жерден бір уыс топырақ салып алып, кейін Көкшетауға әкеледі. Бірінші барған іссапардан жазған мақаласына бас редактор Шерхан Мұртаза екі есе қаламақы қояды. Жалақымен қоса көтерме қаламақы алғаны, кейін газеттің бас редакторы Сейдахмет Бердіқұловтың пәтер бергені де әлі жадында.
Мағира Қожахметова музыка десе ішкен асын жерге қояды. Жас кезінен классикалық музыкаларды, күйлерді сүйіп тыңдады. Л.Бетховеннің №32 сонатасы, симфонияларын сағаттап тыңдайтын. Оларды қазақ музыкасымен салыстырып, әуен арасындағы ұқсастықтарды байқайтын еді. Бұлар қаламгерге шабыт берді. Мәселен, әлемге әйгілі балерина Майя Плисецкаядан сұхбат алуға телефонмен келісіп, енді опера театрына барғанда әйгілі биші көзіне ілмей өте шығады. «Майя Михайловна, біз келісіп едік ғой» дегенде, «Көп тиражды әрбір басылым менен сұхбат алғысы келеді. Менің уақытым жоқ», дейді. «Майя Михайловна, Сіз балетте «Карменмен» революция жасадыңыз» деген кезде ғана мойнын бұрады. Ол туралы жан-жақты біліп барған. Опера театрынан қонақүйге жеткенше көтеріңкі көңіл күйде шешіліп сөйлесіп кетеді. Суреттерін береді.
Мағира Қожахметова ел-жұртты көп аралады. Халыққа қызмет етті. Мораль тақырыбына жазылған мақаласымен талай адамды түрмеден арашалап алды.
Жазушының өзі «атымды шығарған, мені адам қылған «Лениншіл жас» газеті. Ондағы бас редакторым Сейдахмет ағама «Аға менің екі ғана ағам бар, біреуі Шерхан аға, біреуі сіз» деймін ғой. Сонда «Әй, қу қыз, осыны басқа жерде айғайлап айтып жүрші» деуші еді» деп мақтанады. Оралхан Бөкеев Мағира апайдың табиғатын түсініп, «Мағаш» деп еркелетіп, қадірледі. Қарындасы Мәншүк қайтқанда әріптесі Дидахмет Әшімханұлымен Қатонқарағайға барды. «Лениншіл жаста» 1982 жылға дейін істеді. Сол жылы «Қазақстан әйелдері» журналының бас редакторы Мария Қарақонақова журналға шақырып, алдымен әдебиет бөлімінің меңгерушісі, кейін бас редактордың орынбасары болды.
Баукеңнің алдына барғанда...
Мағира Дәулетбекқызы қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлы тағдыры жайында «Тосын сыр-сұхбат» атты драма жазамын деп ойлаған жоқ.
1970 жылы Екінші дүниежүзілік соғыстың 25 жылдығына орай бас редактор Шерхан Мұртаза соғыс ардагерлерінің жолдауына Бауыржан Момышұлының қолы керек деп тапсырма береді. Барса, ол кісіні дәрігерлер ауруханаға алып кетейін деп жатыр екен. «Бауыржан аға, сіздің майдандағы ерлігіңіз жер жүзіне аңыз болып тарады. Жеңіс мерекесінің 25 жылдығына орай сіздің қолыңыз керек» деген журналист қызға: «Қайдағы Бауыржанды айтып тұрсың, мені ме? Мен Бауыржан емеспін. Бауыржан жоқ қазір. Әне, Бауыржан, нағыз Бауыржан, әне» деп қолын қабырғада ілініп тұрған ақбоз атпен түскен суретіне сілтеп, «бар да, сонымен сөйлес», деп қысқа қайырады. Бұл бірінші жүздескені еді. Батыр 70 жасқа толатын жылы «Қазақстан әйелдері» газетінде жұмыс істеді. Сегізінші наурыздың нөмірін жасап жатыр. Белгілі адамдар қазақтың әйелдері туралы бір ауыз тамаша сөз айтып, қолтаңбасын қалдыру керек. Соған Бауыржан Момышұлының үйіне баруды Мағира апайға жүктеді. Есікті батырдың өзі ашады. Үстінде қара тон, түлкі тымақ, тонның сыртынан қызыл белбеу, қызыл етік, қызыл сөмке, қаздиып тұра қалған журналиске: «Кругом!» деп айғай салады. Кет дегені. Мағира апай әскери тәртіппен тік тұра қалады. Батыр «Шагом марш в мой рабочий кабинет!» дейді. Жұмыс кабинетіне өтіп «қазақ әйелдеріне қатысты пікіріңізді жазып беріңізші, қолыңызды қойып» деп өтінеді. Батырдың айтқанын жаза бастағанда қағазы таусылып қалады. «Блокнотың жоқ, не қылған журналиссің, тіпті қағазың да жоқ па?» деп бір бума ақ қағазды әкеліп, «сиди, пиши» деп бұйырады. Б.Момышұлына тұңғыш рет жарық көрген «Күннің алтын сынығы» деген кітабын ұсынады. «Оны неге жазып әкелмейсің?» деп кітабын лақтырып жібереді. Сол жерде журналист қолтаңбасын жазып береді. Соңынан бет қаратпаған батырдың жүзіне мейірім ұялап, шешіле сөйлесіп кетеді. Осының бәрі батырдан да беті қайтпаған қайсар журналист Мағира Қожахметованың драмасында жазылған. Қарымды қаламгердің бұл драмадан өзге де республикалық байқауларда орын алған «Көшім хан – Сүзге», «Мен, Иманжүсіп!», «Мәншүк – ғұмыр», Қазақстанның Халық әртісі Роза Әшірбекованың тағдырлы өмірінен өрілген «Роза» атты драмалары бар.
1992–1994 жылдары Мағира апай «Денсаулық» журналында бас редактордың орынбасары болды. Журналды Бейбіт Қойшыбаев басқарды. Осында жүргенде құмалақ ашу әдістерін алғаш жүйеге түсірді. Бір күні этнограф, ғалым Мардан Байділдаев редакцияға құмалақшы, емші Камалбек Арыстанбекұлын алып келді. Қарап отырса әлгі адам дұғамен, Құранмен емдейді екен. «Денсаулық» журналына нөмір сайын шығарғанда, оқырман жылы қабылдады. Құмалақты насихаттаудың арқасында «Денсаулық» журналының тиражын 14 мыңнан 140 мыңға көтеруге себі тиді.
Әуелден тылсым сырды жақсы көретін. Көрген түсін қағазға түсіретін. Ол кезде Новосібір университетінен парапсихология туралы, тибет медицинасы жайында шағын кітапшалар шығатын. Соларды сатып алып оқыды. Қазақтың түс жоруындағы қаншама ырымдарды тауып алды. Адамның ішкі жан дүниесіндегі иірімдер, қалай дәрісіз емделуге болады, адам мүгедектіктен қалай сақтанады деген сияқты сұрақтарға жауап беретін әдебиетті іздеп жүріп оқыды. Осы ізденістер нәтижесінде «Адам – құпия» кітабы дүниеге келді. Сонымен қатар түс туралы «Түс-құпия», «Түс-саяхаттар» дүниесін жаза бастады. 2005 жылы «Денсаулық» журналында жинаған тәжірибесі және әрбір тірі адам басына түскен қиындықтан өзін-өзі емдеп алып шығу керек деген ұстаныммен «Дертке дауа» газетін шығарады.
Бала десе жанын береді
1994–1996 жылдары «Ай», 1996 жылдан «Ақ желкен» журналында қызмет етеді. Балалар әлеміне берілгені сондай, 2002 жылдан бастап балаларға арналған «Балбұлақ» журналын өз күшімен бүгінге дейін шығарып келеді. Мағира апайдың суретшілермен бірігіп жасаған түрлі-түсті бояумен безендірілген «Қуыршақтарды киіндіру», «Балаларға арналған текшелер (кубик)» ойын жинақтары дайын тұр. «Батырлар жырынан» берен, дулыға, сәукелеге қатысты шумақтарды алып, суретші суретін салады. Осы жобасы қолдау таппады. Оның патентін аламын деп жүгіріп, қомақты қаржысын жұмсады. Мағира Дәулетбекқызы Қазақстанда балаларға қатысты балабақша, басылым, үйірме тегін болуы керек деп ойлайды. Биліктен қолдау тапса балғындарға шағын театр, үйірме ашып, өздерінің жазып-сызғанынан хрестоматия жасасам деп армандайды.
Мерейтой иесінің жазушылық жолы өз алдына бір төбе. «Күннің алтын сынығы», «Әлем-әуен», «Жылы шырай», «Адам құпия», «Жантәсілім», «Жападан жалғыз», «Ұзақ жолдың бойында», «Менің шашылған энциклопедиям» кітаптары туралы ұзақ толғауға болады. Ол Қазақстанның Халық жазушысы, ақын Мәриям Хакімжанованың ІІІ томдық шығармалар жинағын құрастырды. 2024 жылы Мағира апай жөнінде қаламгерлердің жазған мақалаларын топтастырған «Таланты – ерек, табиғаты – бөлек» атты кітап жарық көрді. Бұл кітапқа 350 мақала енген. Әйгілі сыншы Зейнолла Серікқалиұлы, Тұтқабай Иманбеков, Темірбек Жанәбілов, Сәбит Досанов, Қанипаш Мәдібаева, Сара Мыңжасарова, Жанат Ахмади, Гүлзира Серғазы, Қалампыр Кенжеғалиева және тағы басқа қаламгердің шығармашылығынан жазған дүниелерінен Мағира Қожахметова апайдың қазақ руханиятына шексіз үлес қосқанын жазбай тануға болады.