Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ғалымдар мен мемлекеттік басқару саласының мамандары бас қосып, жаңа Конституция жобасының негізгі тұжырымдарын сараптамалық тұрғыдан талқылады. Жиында ұсынылып отырған өзгерістердің басты бағыттары, олардың институционалдық мәні және елдің саяси-қоғамдық жүйесіне ықпалы жан-жақты қарастырылды. Сондай-ақ қазіргі заман сын-қатерлері аясында конституциялық нормаларды жаңарту қажеттігіне ерекше назар аударылды.
Талқылауға жетекші ғалымдар, академиялық қауымдастық өкілдері, мемлекеттік басқару саласының сарапшылары, сондай-ақ университет оқытушылары мен докторанттар қатысты.
Іс-шара барысында Сенат депутаты Әлішер Сатвалдиев, «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Дихан Қамзабекұлы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры Ермек Әбдірәсілов, Қоғамдық саясат институтының директоры, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Мәдина Нұрғалиева, сондай-ақ «Қазақстан қоғамдық даму институты» АҚ басқарма төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Жұлдызай Ысқақова баяндама жасады. Жиынға Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов модераторлық етті.
«Конституция жобасы ғылыми-интеллектуалдық ортада талқылануы – маңызды жұмыс. Сондықтан да осы жиынға білікті сарапшыларды шақырып отырмыз. Ата заңның әділеттік ұстанымы, білім, ғылым, инновация, мәдениет құндылықтарын арқау етуі – ғалымдар үшін зор ынталандыру», деді Е.Б.Сыдықов.
Талқылау барысында сарапшылар жаңа Конституция жобасындағы өзгерістердің түпкі мақсаты – елдегі заң үстемдігін күшейту, мемлекеттік басқаруды ашық әрі жауапты ету екенін айтты.
Сенатор Ә.Сатвалдиев бұл құжат мемлекеттік институттық құрылымға да, қоғамдық қатынастардың құқықтық негіздеріне де әсер етіп, еліміздің конституциялық дамуының жаңа кезеңін айқындайтынын жеткізді.
«Ел көлемінде қызу талқыланып жатқан бұл құжатты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан саяси реформалардың логикалық жалғасы әрі заңды қорытындысы ретінде қарастырған жөн. 2022 жылғы референдумнан кейін басталған конституциялық жаңғырту үдерісі осы жылы жаңа Конституция қабылдауға бағытталған ауқымды ұсыныстармен жалғасып отыр», деді ол.
«Қазақ газеттерінің» басшысы Дихан Қамзабекұлы Конституцияның жобасын елдік талқылау кезінде үш-төрт факторды ұмытпауымыз керектігін атап өтті.
«Біріншіден, қалай десек те Ата заң туралы халық сұранысы, жұртшылық талғам-таразысы қоғамды бейжай қалдырмады. Екіншіден, Конституцияның салмағы – оның мазмұнында. Сондықтан оны оқымай, таныспай құр дүрмекпен пікір айтуға болмайды. Оны біз әлеуметтік желіден байқап отырмыз. Үшіншіден, қай қоғамда да «қажеттілік» деген түсінік бар. Сол тұрғыдан келгенде жауапты орындарға мыңдаған ұсыныс түскені – факт. Бұл туралы комиссияда жауапты азаматтар айтты. Төртіншіден, әділетті, заң мен тәртіпті басшылыққа алған мемлекетіміз саяси реформаны жүргізе отырып, бұрынғы Конституцияға арқа сүйеуі мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес. Егер Ата заңда 84 пайыз өзгеріс болса, мұны ел дамуының қажеттілігі деп қабылдауымыз керек. Әлбетте, жаңашылдық өзгеріс санымен есептелмейді. Оның тұжырымдамалық мазмұнымен есептеледі. Біз Конституциялық комиссия құрамында болғандықтан, өзгерістер мен толықтыруларға білікті заңгерлер, тәжірибелі қайраткерлер, айтары бар түрлі саланың жауапты мамандары қатысқанын өз көзімізбен көрдік», деді Д.Қамзабекұлы.
Сондай-ақ ол жоба көп талқыланып, әр бап сараптаудан өткенін айтты.
«Конституцияның кіріспесі мейлінше талқыланды. Мұны бұрынғы нұсқамен салыстырып, бағамдауға толық мүмкіндік бар. Атап айтсақ, «мемлекеттілікті нығайту» деп жазылды. Жаңа нұсқада мыңжылдық тарих сабақтастығын сақтау туралы айтылды. Шекара мен ел аумағының тұтастығы шегеленіп көрсетілді. Әділеттіліктің жолы бағамдалды. Мәдениет, білім, ғылым құндылығы нақтыланды. Табиғатты аялау мәселесі, тағы басқа елдігімізге қажетті қаншама жақсы ой тұжырымдалды. Сонымен бірге төртінші бапта «Мемлекеттік биліктің бірден бір бастауы және егемендік иесі – Қазақстан халқы» деп жазылуы да көптеген сұраққа, дүдәмал мәселелерге ашық жауап», деді Дихан Қамзабекұлы.
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың Конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры Ермек Әбдірәсілов Конституция жобасының преамбуласының маңызды рөліне тоқталды.
«Преамбула көлемді болмаса да, оны Конституцияның философиясы деп атауға болады. Ол Конституцияның негізгі түйінін айқындайды. Преамбулада ел алдында тұрған көптеген мәселе көрсетілген. Ең алдымен онда адам құқықтарын қорғау мақсаты белгіленген. Екіншіден, қазақ халқының қазақ жеріндегі байырғы мемлекеттердің дәстүрін сақтауы қажеттігі аталып өткен. Мен мұны үлкен жетістік деп санаймын», деді профессор.
Келелі кеңес кезінде Конституциялық реформа комиссиясының мүшелері – Қоғамдық саясат институтының директоры Мәдина Нұрғалиева мен «Қазақстан қоғамдық даму институты» ЖШС басқарма төрайымы Жұлдызай Ысқақова комиссияның жұмыс үдерісі қалай ұйымдастырылғанына тоқталды.
Талқылау барысында отбасылық және некелік мәселелерге ерекше назар аударылды, бұл қатысушылар арасында жандана түскен пікірталас тудырды.
Кездесу қорытындысында қоғамдық-саяси реформалардың негізгі бағыттарын талқылауға сарапшылар қауымын кеңінен тарту – уақыт талабы әрі аса маңызды екені айтылды. Сонымен қатар пікірталас қорытындысы бойынша Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелеріне ұсынымдар берілді. Іс-шара соңында сұрақ-жауап сессиясы өткізілді.