Бүгін Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Мемлекет басшысының тапсырмалары шеңберінде әзірленген 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» бірыңғай тұжырымдамасын ұсынды, деп жазады Egemen.kz.
Тұжырымдама Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен және бейінді министрліктермен бірлесіп дайындалған. Құжат балалардың құқын қорғау саласында қабылданатын шаралардың дәйектілігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған.
Үкіметте «Қазақстан балалары» бағдарламасының тұжырымдамасы қаралды
«Тұжырымдамада қауіпсіздік, білім беру, денсаулық сақтау, отбасы құқығы және әлеуметтік қорғау сынды төрт негізгі бағыт қамтылған. Тиімділікті бағалау үшін 10 индикатор, ал жүзеге асыру үшін 158 іс-шара көзделген. Қаржыландырудың жалпы көлемі – 1,3 трлн теңге», деді Жұлдыз Сүлейменова.
Тұжырымдама шеңберінде «Заң мен тәртіп» идеологиясын кеңінен тарату, мектептерде педагог-психолог сағатын енгізу, балаларды «Адал азамат» рухында тәрбиелеу, зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға көмек кабинеттерін ашу, психологиялық диагностиканың бірыңғай цифрлық платформасын құру, қадағалауды талап ететін балаларды тәлімгерлермен 100% қамту жоспарланып отыр.
«Қазақстан балалары» онкүндігіне 5 миллионнан астам бала қатысқан
Сондай-ақ буллингті анықтау үшін бейнебақылау камераларына ЖИ технологияларын енгізу, құқыққа қайшы контентті жоймағаны үшін интернет-платформалардың жауапкершілігін күшейту де қарастырылған.
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында бала тәрбиесіндегі өзекті мәселелерге тоқталып, «Қазақстан балалары» атты біртұтас бағдарлама қабылдауды ұсынған болатын.