Мәжіліс алдағы жалпы отырысында Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы шекаралық өткізу пункттерінің жұмыс тәртібіне қатысты маңызды құжатты қарайды. Бұл өзгеріс шекара маңындағы қозғалысты жеңілдетіп, сауда мен туризмге серпін беруі мүмкін, деп жазады Egemen.kz.
Астанада өткен Бюро отырысында Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов депутаттардың алдағы отырысының күн тәртібін нақтылады. Соған сәйкес халық қалаулыларына «2003 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Үкіметі мен Қырғыз Үкіметі арасындағы шекара арқылы өткізу пункттері туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы ұсынылады.
Зергерлер неге Қырғызстанға көшіп жатыр?
Аталған хаттама «Кеген-автожолдық» және «Қарқара-автожолдық» өткізу пункттерінің жұмыс режимін өзгертуге бағытталған. Құжатқа сәйкес, бұл бекеттер бұдан былай тек күндіз емес, тәулік бойы жұмыс істеуі мүмкін. Мұндай қадам Қазақстан-Қырғызстан шекара маңындағы ынтымақтастықты нығайтып, тауар айналымын арттыруға және туристік байланыстарды кеңейтуге жол ашады. Сонымен қатар шекарадағы өзге автокөлік өткізу пункттеріндегі жолаушылар ағынын азайтуға ықпал етеді.
Жалпы отырыстың күн тәртібіне тағы бір халықаралық құжат енгізілді. Ол – 2016 жылғы 6 қазанда Монреаль қаласында қол қойылған Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның 50 а) және 56-баптарына өзгерістер енгізу жөніндегі хаттамаларды ратификациялау туралы заң жобасы. Бұл құжат Халықаралық азаматтық авиация ұйымы кеңесі мен Аэронавигациялық комиссияның сандық құрамын ұлғайтуды көздейді.
Отандық бизнес неге Қырғызстанға бет бұра бастады?
Сонымен қатар депутаттарға қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы Еуропалық конвенцияны ратификациялау жөніндегі жаңа заң жобасын жұмысқа қабылдау ұсынылып отыр. Бұл бастама халықаралық құқықтық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған.
Бұған дейін қазақ-қырғыз шекарасында техникалық жұмыстардың өткізілуіне байланысты, ары-бері қатынас жиі тоқтатылатынын жазған едік.