Еліміздің стратегиялық «қауіпсіздік жастығы» саналатын Ұлттық қордың жай-күйі туралы кезекті есеп жарияланды. 2026 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметке сәйкес, қордың жиынтық активтері 77,77 млрд долларды құрады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ресми мәліметке сүйенсек, 2025 жылдың басында Ұлттық қордың жалпы активтері 29,85 трлн теңгені құраған. Есепті кезеңде қор қоржыны 3,84 трлн теңгемен толығып, одан 5,95 трлн теңге жұмсалған. Осылайша, қордан алынған қаражат көлемі түсімнен 2,1 трлн теңгеге артық болып отыр.
Ұлттық қордың биылғы инвестициялық кірісі белгілі болды
Түсімдердің негізгі өзегін, дәстүрлі түрде, мұнай секторы ұйымдарынан түсетін тікелей салықтар құрады. Оның көлемі – 3,81 трлн теңге. Салықтық түсімдердің құрылымына үңілсек, корпоративтік табыс салығынан 1,27 трлн теңге, өнімді бөлу бойынша Қазақстанның үлесінен 1,20 трлн теңге түскен. Сондай-ақ пайдалы қазбаларды өндіру салығы 680,9 млрд теңгені, экспортқа салынатын рента салығы 442,1 млрд теңгені құрады. Ал жер қойнауын пайдаланушылардың қосымша төлемдері 180 млрд теңгеге жетсе, бонустар мен артық пайда салығынан түскен қаржы 38 млрд теңгеден аспады.
Үкімет алдағы кезеңге нақты стратегиялық міндеттер жүктеп отыр. Жаңа салық реформасының аясында 2026-2028 жылдар аралығында Ұлттық қордан алынатын қаражат көлемін жылына 2,6 триллион теңгеден асырмай шектеу жоспарланған. Бұл қадам бюджеттің Ұлттық қорға тәуелділігін төмендетіп, жинақтау функциясын күшейтуге бағытталған. Екі жылда 28 млн доллар игерілді: Азаматтар Ұлттық қор қаражатын қалай жұмсап жатыр? Мемлекет басшысының алға қойған басты мақсаты – 2030 жылға қарай Ұлттық қор активтерін 100 млрд долларға жеткізу. Қазіргі қарқын мен қабылданған фискалдық шаралар осы межеге сеніммен жетуге негіз қалап отыр.