Қарағанды облысының Шет ауданында алғаш рет трассаларда жұмыс істеуге арналған арнайы реанимобиль пайдалануға берілді. Құтқару қызметінің жаңа көлігі Төтенше жағдайлар министрлігінің жол-медициналық-құтқару қызметінің қарамағына беріліп, жол-көлік оқиғалары мен өзге де төтенше жағдайлар кезінде тікелей автожолдарға шығады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жаңа реанимобильдің басты міндеті – зардап шеккендерге ең алғашқы, шешуші минуттарда шұғыл медициналық көмек көрсету. Арнайы автокөлік заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтылған, бұл оқиға орнында реанимациялық шаралар жүргізуге, науқастың жағдайын тұрақтандыруға және оны жедел жәрдем бригадаларына немесе медициналық мекемелерге жеткізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар трасса бойындағы жол-медициналық-құтқару бекетіне өздігінен жүгінген жүргізушілер мен жолаушылар да қажетті көмекті ала алады.
Мұндай реанимобильдің іске қосылуы автожолдарда медициналық көмекті қамтамасыз етіп, адам өмірін сақтап қалу мүмкіндігін арттырады.