Атырау облысында жыл басынан бері биіктен құлауға байланысты 155 дерек тіркелген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мұндай жағдайға себеп болатын бірнеше жайтты атады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бірінші себеп – тұрғын үйдің терезесі мен балконында қорғаныштың болмауы. Екіншіден, тұрғындардың көпшілігі терезеге таяу тұсқа жиһаз қояды. Үшіншіден, терезе бекіткіші дұрыс орнатылмайды. Төртіншіден, балалар үйінде бақылаусыз қалады.
«Биіктен құлау – балалар өміріне қауіп төндіретін жайт. Бір жыл ішінде жедел медициналық жәрдем қызметінде 155 жағдай тіркелді. Оның 61-і балаларға қатысты дерек. Өкінішке қарай, бір жағдай өліммен аяқталды», деп мәлімдеді басқарманың баспасөз қызметі.