• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Желтоқсан, 2025

Қарағандыда әлеуметтік тауарлардың бағасын өсіргендер жазаланды

20 рет
көрсетілді

Қарағанды облысына көтерме тауар жеткізушілер «Milk Group» ЖШС және «Деп Плюс» ЖШС сары майдың сауда үстемесін  22,6% және 26,3%-ға артық қолданғаны анықталды. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сонымен қатар «Сұлтан Камал» ЖШС 2,5% майлылықтағы айранға 43,2%, «Кадомец ЖК» 1-санаттағы тауық жұмыртқасына 25% мөлшерінде, ал «Ер-Ай 2012» ЖШС қарақұмық жармасына белгіленген шекті деңгейден 12% жоғары сауда үстемесін белгілеген. Өңірге көкөніс өнімдерін жеткізетін «ЖК Надиров» және «ЖК Марш» сауда желілеріне картопты өткізген кезде сауда үстемесін тиісінше 5% және 20%-ға асырған.

Осы заңбұзушылықтардың нәтижесінде Сауда және интеграция министрлігінің Қарағанды облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті аталған субъектілердің барлығын ҚР ӘҚБтК-нің 204-4-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Жалпы, облыста мемлекеттік бақылау аясында жыл басынан бері 155 сауда субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 142 субъект әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша сауда үстемесін негізсіз арттырған, 10 жағдайда баға көрсеткіштерінің сәйкес еместігі анықталған, 3 субъект сауда нысандарының жұмыс регламентін сақтамаған.

Нәтижесінде 40 кәсіпкерге ескерту беріліп, 115 кәсіпкерге жалпы сомасы 5 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын негізсіз өсіруге жол бермеу және өнімсіз делдалдық тізбектерді болдырмау мақсатында облыста делдалдық схемаларды тергеп-тексеру жөніндегі өңірлік комиссия жұмыс істейді.

Соңғы жаңалықтар