• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Денсаулық 14 Қараша, 2025

Тұмауға селқос қарамаңыз!

110 рет
көрсетілді

Жыл сайын күз мезгілінде жұқпалы вирустық инфекциялар күшіне мініп, әбігерге түсетініміз бар. Әсіресе балалардың қызуы көтеріліп, жөтел қысатын жағдай жиілейді. Мұндайда дәрігерлер ата-аналарға ешқашан үй жағдайында емделмеуге кеңес береді. Себебі жұқпалы вирустың түрі дәл анықталмағанның әрі дәрі-дәрмекті орынсыз тұтынғанның салдары баланың иммунитетін әлсіретіп, денсаулығына кері әсер етуі әбден мүмкін.

Жедел респираторлы вирустық инфек­ция (ЖРВИ) мен тұмауға қатыс­ты эпидемиологиялық ахуал күз бен қыста күр­делене түседі. Ресми дерекке сүйенсек, жыл сайын елімізде 4 млн-ға дейін ЖРВИ, 2 мыңға дейін тұмау тіркеледі екен. Дәрігерлер осының өзін қалыпты жағдай санайды. Мысалы, биыл қыркүйектен бастап қазірге дейін елімізде ЖРВИ-дың 1 278 745 жағдайы тіркелген. Бұл – эпидемиологиялық маусымның осы кезеңімен салыстырғанда 19%-ға төмен көрсеткіш. 30 қазан мен  30 қараша аралығын алсақ, республикада 150 605 ЖРВИ жағдайы анықталған.

Денсаулық сақтау министр­лігі санитарлық-эпидемио­­ло­гиялық бақылау комитетінің төр­­ағасы Сархат Бейсенованың айтуынша, елімізде жыл сайын күз, қыста айналымда жүретін маусымдық вирустың А (H3N2) ти­піндегі тұмаудың 304 жағдайы зертханада расталып отыр. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 173 жағдай тіркел­ген. Биыл тұмау циркуляциясы өт­­­кен эпидемиологиялық маусым­ға қарағанда ертерек басталды. ­Был­тыр алғашқы жағдайлар қа­ра­ша­да анықталса, биыл қазан айы­ның­ басында белгілі бо­лып отыр. Дүр­лігуге себеп жоқ, өйт­кені H3N2 (А тұмауы) тұмау вирусы жаңа штамм емес. Ол жыл сайын ай­­налымда болатын А тұмауы­ның­ маусымдық түрі. Әдетте, әр эпи­­де­миологиялық мау­сымда кездеседі.

Қазір еліміздің барлық дерлік аймағында тұмау өршіп, пациент­тер әдеттегіден әлдеқайда кө­бей­ді. Кейбір өңірлердегі бала­лар ауруханасында ұзын-сонар кезек пайда болды. Осы жағ­дайға байланысты инфекционист дәрі­гер, жоғары білікті пе­диатр, Астана қалалық №3 көп­­са­ла­лы балалар ауруханасы ди­рек­­торының ме­дициналық бөлім жө­­ніндегі орынбасары Роза Өтегенова:

– Қарашадан бастап біздің ауруханаға күнделікті келіп қа­ралатын балалардың саны өсті. Осыған қарамастан, қазіргі ахуал­ды жылда кездесетін қалып­­ты жағдай деп бағалаймыз. Бү­гін­­де ауруханаға 5 жасқа дейінгі балалар жиі келіп жатыр. Кейінгі апталарда бізге келген ба­лалар­дың 75%-ы осы 5 жасқа тол­маған балалар. Бүгінде эпиде­мио­ло­гиялық ахуалға байланыс­ты қаламыз­дағы барлық емханада фильтр кабинеттері жұмыс істейді. Арнайы мобильді топтар да бар. Ата-аналарға айтарымыз, ба­ланың қызуы көтеріліп, жөтел басталса, өзін әлсіз сезінсе немесе басқа да тұмаудың бел­гілері байқалса, бірінші кезекте отбасылық дәрігердің көмегіне жүгінген абзал. Дәрігер бала­ның жағдайын жіті тексерген соң, қа­жет болса, ем тағайындайды немесе ауруханаға жолдама береді, – деп мәлімдеді.  

Дәрігерлер балалар ауруханасына бірден барғанның тәуекелі барын алға тартады. Аурухананың қабылдау бөліміне балалар түрлі себеппен, сырқатпен келеді. Сон­дықтан инфекционистер жер­гі­лікті емханаға жүгіну, алды­мен тұ­мау жұқтырғанына күдік бар ба­ланың, сондай-ақ балалар­ ау­ру­ха­насы­ның кезегінде тұр­­ған­ өзге па­циенттердің қауіп­сіз­­дігі үшін маңызды деп са­най­ды. Сани­тарлық-эпи­демиологиялық ба­қылау коми­тетінің төрағасы Сархат Бей­сенова Денсаулық сақтау ми­нистр­лігінің ЖРВИ жөніндегі эпи­демиологиялық жағдайды апта сайын бақылап отырғанын айтады.

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамына сәй­кес, ағымдағы эпидемио­ло­гия­лық маусымда тұмау вирусы­ның үш штаммы – A (H1N1), A (H3N2), B тұмауы өзекті бола­­ды. Олардың барлығы аурудың ауыр түрлерінен қорғауды қамтама­­­­сыз ететін тұмауға қарсы вакцина­­­­­ның құрамына енгізілген. Сон­­дық­тан вакцина аурудың салда­­рын же­ңіл ең­серуге сенімді қор­ған. Эпи­де­­мио­логиялық бақылау ая­сын­­да жұқ­палы аурулардың сы­­намалары зертханалық тал­дау­лар­дан өтеді. Олар стандарт­ты жағдай анықтамасына сәй­кес­,­ тұмау вирусын анықтау мақ­са­тын­да жүргізіледі. Коро­на­вирус  инфек­ция­сы туралы айтар болсақ, мау­­сым  бас­талғалы бері 84 жағдай тір­­кел­ді, – деді бас санитарлық дәрігер.

Халықтың ең осал топтарына көр­сетілетін тегін медицина­лық көмек көлемі шеңберінде бірыңғай дистрибьютор Грип­пол+ вакцинасының 2 млн 100 мың дозасын сатып алған. Бұл кө­­лем халықтың 11%-ын вакци­на­мен қамтуға мүмкіндік бере­ді. Елде бүгінге дейін тұмауға қарсы екпені халықтың 9,4 па­йызы салдырған. Вакциналау әлі жалғасып жатыр. Тұмауға қарсы вакцина медицина қыз­меткерлерінің, медицина  ұйым­дарының динамикалық ­ба­қы­лауында тұратын балалар, же­тім балалар, ата-анасы­ның қам­­­қор­лығынсыз қалған балалар, қарт­тарға арналған медици­на­лық-әлеуметтік меке­мелердегі, мү­ге­дектігі бар, инфекция жұқ­ты­ру­ қаупі жоғары адамдарға тегін салынады.

Мамандар дәрігердің кеңе­сінсіз үй жағдайында ем-шара қа­былдауға болмайтынын, кез кел­ген дәрі-дәрмекті уақытпен, реті­мен әрі нұсқаумен ішпесе бауыр­ға кері әсері тиіп, қан­ды сұйыл­тып жіберуі ықтимал ­еке­нін ескертеді. Себебі ЖРВИ, тұ­мауға қарсы «антибиотик» кө­мек­теспейді. Керісінше, бала­лар­дың бауырына зақым ке­луі ық­тимал. Баланың қызуын ­тү­сі­ре­тін дәрілерді оңды-солды қа­был­даған да дұрыс іс-әрекет емес.

– Жұқпалы вирустық ауру­ларға қарсы уақтылы екпе алу керек. Содан соң адам көп жиналатын жерлерде бетперде та­ғып, жеке гигиена ережелерін сақ­таған жөн. Үйді желдетіп, үне­мі тазалау секілді қарапайым ере­желерді ұмытуға болмайды. Эпидемиологиялық жағдай өр­шігенде халық жиі бас қоса­тын жерлерге бармауға тырысу қа­жет. Қайталап айтамыз, ауру­дың қандай да бір белгілері пай­да болса, үй жағдайында ем­дел­мей, уақтылы медицина­лық кө­мек­ке жүгіну қажет, – дейді бас санитарлық дәрігер С.Бейсенова.

Соңғы жаңалықтар