Қазақстанда қазан айында жаңа тұрғын үйлердің бағасы орта есеппен 1 пайызға қымбаттады. Алайда өсім барлық өңірде бірдей емес, тек бес қалада көтеріліп, кейбір аймақтарда керісінше төмендеген, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, қазан айында жаңа пәтерлердің орташа бағасы қыркүйекпен салыстырғанда 1%-ға өсті. Бағаның айтарлықтай қымбаттауы бірнеше қалада ғана байқалған.
Ең жоғары өсім Конаев қаласында тіркелді – бір айда баға 5%-ға артқан. Алматыда көрсеткіш – +2,9%, Ақтауда – +1,9% деңгейінде. Сондай-ақ, Шымкент пен Семейде де аздаған өсім бар – 0,5-0,6%.
Ал Атырауда, Павлодарда және Көкшетауда 0.1-0.6%-ға төмендеген. Қалған өңірлерде жаңа үйлердің құны өзгеріссіз қалды.
Қазан айының қорытындысы бойынша ең қымбат жаңа баспана келесі қалаларда сатылып жатыр:
Алматы – 667 027 тг/кв. м; Астана – 650 133тг/кв. м; Атырау – 521 361тг/кв. м; Шымкент – 518 345тг/кв. м; Семей – 467 745тг/кв. м.Ең арзан жаңа үйлер Оралда – мұнда бір шаршы метрдің бағасы 299 155 теңге, бұл Алматыдағы көрсеткіштен шамамен 2,2 есе арзан.
Ел бойынша бір шаршы метрдің орташа бағасы – 555 161 теңге. Бұл қыркүйектегі көрсеткіштен шамамен 5,8 мың теңгеге жоғары.
Жылдық динамика да оң бағытта: соңғы бір жылда жаңа үйлер 13,1%-ға қымбаттаған. Ең жоғары өсім Павлодарда (+24,2%), Конаевта (+17,8%) және Алматыда (+16,2%) байқалған. Сонымен қатар Астанада баға 13,7%-ға, ал Шымкентте 15,5%-ға артқан.