• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Сәуір, 2019

Жас театрдың тартуы – «Жібек саты»

Бір ғана «Севиль шаштаразы» көңілді операсымен әлемнің талғампаз тыңдарманын таңдай қақтырған италиялық композитор Джоаккино Россини есімі бүгінде опера театрларының бойтұмарына айналғандай. «Астана Опера» ұжымының да Россини мұрасына оқтын-оқтын орала беруінің басты себебі композитордың осы бір терең талғамында жатса керек.

Жақында елорда төрінде тұ­сауы кесілген «Жібек саты» бір­ ак­тілі опера-фарсы ойымызды дәйектей түседі. Карнавал сти­лінде қойылған қойылым театр­ іші­нен ашылған «PICCOLO» ка­ме­ралық театрының тырнақал­ды жұ­мысы.

Иә, өзінің тарих беттерін 6 жыл бойы жазып келе жатқан «Астана Опера» үшін бұл айтулы оқиға. Өйткені театр­дың жетекші солистерімен қатар, ір­гелі жобада жас мамандардың да шы­ғармашылық мүмкіндігі мен шебер­лігін тануға кең жол ашылған. Яғни «PICCOLO» ка­мералық театры – студенттер, түлектер, жас вокалистердің бел­гілі опера әншілерімен бірге өз ше­­берліктерін арттыруға ар­нал­ған шығар­машылық зертханасы іспетті.

Әне, шымылдық ашылып, жайлы камералық атмосферада қоюшы дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиновтің сүйе­­мелдеуімен «Астана Опера» сим­фо­ниялық ор­кестрі орындаған тамаша­ музыка аясында қызықты оқиға орын ала бастады. Әйгілі италиялық «Дель Арте» комедиясы стиліндегі таң­ғажайып маскалармен сахнаға шық­қан әртістердің «Жібек саты» айналасында өрбитін комедиялық фарс жанрындағы шытырман сю­жетті шебер игергені сонша­лық, кө­рермен алдына шыққаннан ойнап емес, кейіпкер сезімін қо­­йылым ішінде бейнебір өмір сү­ріп жүргендей шынайы жеткізе білді. Опера әлемінің жарық жұл­дыздары Салтанат Ахметова (Джулия), Сүндет Байғожин (Джермано), Евгений Чайников (Бланзак) бастаған үздік солистер жас әртіс­терге нағыз шеберлік мектебін көр­сет­ті десек, тіпті де ар­тық айтқандық емес. Қойылым бойы әртістер бір сәт те тыным тап­пады. Ән сала жүріп жүгіріп, енді бірде тығылып қалып, күт­пеген сәттерде қайта оралып кө­рерменіне өнердің ға­ламат ме­рекесін тарту етті. Ең бас­тысы, тыңдармандардың іші пыс­қан жоқ. Дарынды жас орындаушы­лар мен опера сахнасының сұра­нысқа ие шеберлері өз партия­ларына нәзік вокал­дық реңк бе­ріп қана қоймай, бір мезетте түр­лі эмоцияларын ым-ишарамен, ойна­қы көзқараспен жоғары дең­гейде сараптай білді. Әсіресе Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткерлері, театрдың жетекші со­листері Сүндет Байғожин мен Салтанат Ахметованың арасын­дағы жастық жалынға толы тамаша тандем залға жиналған көрер­мен көңілін бірден өзіне баурап алып, тыңдарманын қойылым соңы­на дейін таңғалдырудан тан­бады.

– Музыкасы көңілді әрі ой­нақы бол­­­ғандықтан, сырттай бұл опера жеңіл қабылдануы мүмкін. Әйтсе де әр­тістер үшін үлкен шеберлікті та­лап етеді. «Жібек саты» – әртіс шебер­лігінің бар мүм­кіндігін паш ететін опе­ра. Сондықтан да «PICCOLO» ка­ме­ралық театры сахнасындағы ал­ғаш­­қы жұмысымызға тың­ғылықты дайындық, жан-жақ­ты із­деніспен келдік. Со­ңы­мыздан өсіп келе жатқан жас та­­ланттарға лайықты деңгейде үлгі бола алсақ, мақсатымыздың орындалғаны, – дейді қойылым соңынан әсерімен бө­ліскен Джермано рөліндегі Сүндет Бай­­ғожин.

Рас, «Жібек саты» операсы шымыл­дық ашылған сәт­тен-ақ сюжетінің ой­нақ­ы да жеңіл­дігімен тыңдарман на­зарын бір­ден өзіне бұрып, кәнігі ве­не­циялық романтика лебі есіп тұр­­­ған ғажайып әлемге же­те­лей жө­неледі. Бұған әрине Ита­лиядан ар­найы шақырылған сценограф әрі костюм суретшісі Манана Гу­нианың сіңірген еңбегі зор. Суретші костюмдер мен декорацияларды вене­циялық карнавал стилінде, дәлірек айт­қанда, кейіпкерлері капитан Фракасс, доктор Чума, арлекин әр берген «Дель арте» комедиясы негізінде орындаған.

– Операдағы оқиғаларды либреттода жазылғандай Парижге емес, Венецияға ауыстырдық. «Жібек саты» «Сан-Моизе» теа­трына арнап шығарылып, вене­циялық карнавал мерекелері ке­зеңінде орындалуы керек бо­­ла­тын. Әдет­те спектакльді ро­­­мантизм, ампир немесе модерн дәуірінде ұсынады. Біздің кос­­­тюмдеріміз карнавал стилис­тикасы мен сол кезеңдегі тарихи тігіс үлгісінде жасалған. Дж.Россинидің алғашқы идея­сына етене жақын венеция­лық рухт­ы жеткізгім келді. Бұл қойы­лымда костюм­дердің саны сон­шалықты көп емес, дегенмен де­ олардың бәрі өте күрделі әрі­ дайындау мерзімі бойынша ауқым­­ды спек­такльдерді жасау­мен пара-пар. Ең қажырлы жұ­мыс Бланзактың костюмін жасау бол­­ды, ол капитан Фра­кас­стың пі­­ші­нінде тігілді, – дейді сурет­ші-­сцено­граф.

Бұл ерекшелікті қойылым режиссері Алла Симонишвили (Италия) де өз сараптауында ұтым­­­­ды тоғыстырып, сценографпен сәтті тандем түзген. Сурет­кер­дің спектакль географиясын керемет жасағаны соншалық, сах­­наның әрбір бұ­рышы жанданып, тіпті оқиға вене­ция­лық алаңда өтіп жатқандай әсер сый­лады.

Камералық залды екі күн бойы өнер думанына айналдыр­ған премьера Жас­тар жылы аясында Мәдениет және спорт ми­нистрлігінің қол­дауымен аса жо­ғары деңгейде өтті. Тың­дар­­­мандар әртістерге ыстық ықы­­ластарын білдіріп, ұзағы­нан қол соғып, қошемет көр­сет­ті. Осылайша «PIC­COLO» Ка­­­­­мералық театры шығар­ма­шылық жобасы асқақ өнерді бағалаушылардың оң пікірін алды. Демек, бұл – «Жібек сатыны» ұзақ та бақытты сахналық ғұмыр күтеді деген сөз. Лайым, солай болғай!

Соңғы жаңалықтар