• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Сәуір, 2017

Барымызды қашан ұқсатамыз?

260 рет
көрсетілді

​Қазақтың байлығы мол дейміз, кейде кейбіреулер үшін сол байлық шайлығына жетпей, шарадай басы шақшадай болатынын қайтерсің. Осының арғы жағына үңілсең көп нәрсе барымызды ұқсата, еңбектегі нарымызды бағалай алмай жатқанымыздан болса керек.

Бұлай деуге себеп, осы күн­де­рі ауыл-елдердегі, үлкен қа­ла­­лар­дың маңындағы малмен ай­на­­лысатын, нақтылай түссек, жұ­рт­ты етпен қамтамасыз етіп отыр­ған қожалықтардың қора-қоп­сыларының төңірегінен үйі­ліп жатқан жылқы, сиыр, қой, ешкі терілерін көресің. Домалап жат­қан бастар да баршылық. Қо­жалық иелерінен бұл туралы сұ­ра­саң «Алушы жоқ», дейді. Кел­меске кеткен кеңес дәуірінде қыстау мен жайлауды, көктеу мен күздеуді, ауыл-ауылды, көше-көшені аралап жүріп, жүн-жұрқа мен тері-терсек алатындар мықты тұ­ратын еді. Өйткені, әлгі өнім­дер­ге сұраныс бар. Қар­жы қа­рас­тырылған. Ұтымды ұйым­дас­­тырылған. Асыл ешкінің жүні ал­тынмен пара-пар болатын. Әде­мілеп үйтіп, қауындай етіп жу­ған қойдың басы − ол кезде дү­кендердің мұздатқышында толып тұратын. Оның қызығын көп жағ­дайда студенттер көруші еді.

Ал, қазіргі үйіліп жатқан әл­гі аста-төк байлықты қашан қа­же­ті­міз­ге жаратар екенбіз? Егер оны ақау­сыз, нақты тірлікте орындай ал­сақ: шетелдің әлем-жә­лем жасан­дысынан құтылып, өзі­міздің табиғи өнімімізді иы­ғы­мызға ілер едік. Бір замандары Түркия еліне бас сауғалап барған қандастарымыз, қазіргідей керемет технология жоқ кездің өзінде былғары өндірумен абыройларын асырғаны мәлім. Олардың ұрпағы атажұртта баршылық. Келістіре алсақ, тері затына қай заманда да сұраныс сиремейді. Қоспасыз, қойыртпақсыз табиғи дүние ғой!

Осы бір түйткіл көкейден ке­тер емес. Бұл жайлы қожалық ие­лерімен сөйлессек, «Біз көп жағ­дайда ет өндіріп қана отырмыз. Ал, малдың өзге өнімдері еш­кімге керексіз болып тұр. Шір­кін, байтағымыздағы басынан бастап қара тұяғына дейінгі тө­рт түліктің «байлығын» толық иге­рсек, бұйымымыз пұл болып, дәу­­летіміз артып, сәулетіміз көз тар­тар еді. Қара тұяқтан «өне­тін» түймеміз де табиғи болып шы­ғары хақ. Осыны тиісті орын­дар ескеріп, жете мән берсе ұты­л­мас едік. Қожалықтардың қау­қа­ры көбейіп, қарымы артар еді. Бә­секелестік өрістеп, ша­рық­та­ған баға төмендер еді», дейді. Жөн сөз.

Тағы бір қожалықта ең­бек етіп жүрген азаматпен тіл­дес­ке­німізде, билік тар­ма­ғы­ның бір өкілі базарға апарған қой етін алушыға серейген күйде бұз­бай беру керектігін, бұл заң­да бекітілгенін айтыпты. Ол өзінің мұндай талапты естімегенін, кейбір азаматтар бұзып беруді сұрайтынын алға тартыпты. «Қазақ ет бұзған кезде әр мүшенің орнын білумен бірге, адам ағзасына зиянын тигізетін бездерді алып тастап отырған. Мұны бүгінгі жастар, кей­бір үлкендердің өзі біле бер­мейді. Біз көп жағдайда ет алушыларға осыны ескерткен­де олар, бұзып беруімізді өті­не­ді. Тіпті, соны біліп алсақ де­ген ниет танытушылар да аз кез­деспейді», деген ол, кейбір бел­сенділер түсіндірудің орны­на дікеңдейтініне, заңды ая­қ­ас­тынан талап ететініне өкініш біл­дірді. «Әрине, заң талабына қарсылығымыз жоқ. Білсек орын­дау міндетіміз. Ол бізге жет­пей жатады. Осы жағын да ескерсе», деген тілегін алға тарт­ты.

Иә, қазақ даласындағы тө­рт түліктің еті ғана емес, өзге де өнімдері ұлт байлығы еке­ні сөзсіз. Дегенмен, осы бай­лықты ұқсата алмай келе жат­қанымыз рас. Бұл істе өткеннің тә­жі­ри­бе­сін зерттей келе, зейін қой­ып, игілікке жаратсақ, еңбек адам­да­рының ауқаты артуымен бірге, ха­л­ыққа да тиімді болар еді. Тері мен жүннен жасалған дүниелер, өзге де заттар басқалардың қы­зы­­ғушылығын тудыратыны­на еш күмәніміз жоқ . Тері мен жүннен жасалған ұлттық құн­дылықтар қаншама? Киім үл­гі­лері, үй жасаулары, ең аяғы мұ­­­ражайларда тұрған мүйіз на­сы­бай шақшалардың өзі неге тұ­­рады? Жаһандану дәуірінде ұл­т­қа тән нәрсенің үлкен-кі­ші­сі болмаса керек. Қазақтың қа­­зақ екенін көрсететін осы бір іс­тің қазіргі барын місе тұ­тып отыра бермей, елдік тұр­ғыда мал өнімдерін жүйелі өн­діру ау­қымды жұмысын ке­шеу­ілдете бермей қолға алсақ, ұл­ты­мыз ұтылмас еді, жұртымыз жұ­таң­дық­тан құтылар еді.

Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан» 

Соңғы жаңалықтар