Қарабалық ауданында «Қарабалық волонтерлері» жастар бірлестігі үш жылдан бері белсенді жұмыс істеп келеді. Бірлестікке аудандағы қырық шақты ылғи белсенді, талапты жас жиналған. Олар бірлестік белсендісі Ирина Татиеваның бастамасымен «Қайырымды панда» атты ойын ойлап тапты. Бұл интернет желілері арқылы жасөспірімдерді өзіне қол жұмсауға итермелейтін, бүлдіргі «Көк кит» ойынына қарсылық көрсету болып табылады.
– «Көк кит» ойыны жасөспірімдерді психологиялық тұрғыдан орны толмас өкініштерге апаратыны белгілі. Ал біздің қарабалықтық жастар ойлап тапқан «Қайырымды панда» ойыны балаларды, жастарды тек ғана жақсылыққа жетелейді. Онда ойыншыларға 30 тапсырма беріледі. Жастар әуелде осы тапсырмалардың барлығын да аудан көлемінде волонтерлердің өздерінің қатысуымен орындап көруді ойластырады. Ал шындығында ойынға Астанадан, Ресейдің Челябі облысынан жастар қосыла бастады, – дейді аудандағы Жастар ресурсы орталығының директоры Ирина Алтынникова.
Ойынды ойлап тапқан волонтерлердің айтуынша, тапсырма қарапайым тұрмыстағы тірліктен аспайды. Мысалы, ойынға қатысатын жас өзі танымайтын біреуге хат жазады, одан зейнеткерге көмек беруін өтінеді немесе түнгі ұйқыға жатқанда киіп жататын киімімен дүкенге барып, тұз сатып алуды тапсырады.
– Мұндай тапсырмалардың да еш оғаштығы жоқ, өйткені ол жастарды өзіне сенімділікке тәрбиелейді, – дейді Ирина Татиева. «Қарабалық волонтерлері» бірлестігінің мүшелері әу баста ойынды аяғына дейін ойнаған қарабалықтық жастарға сыйлық дайындағысы келіпті. Кейін ол ойынан қайтыпты.
– Жастар осы ойынға қызыға қатысып, балалар жаман қадамға бармаса, аман болса, содан артық қандай сыйлық болуы керек? Біз осылай пәтуаластық, –дейді Ирина Алтынникова. Қазір интернет желілерінде ойынға жүзден аса ойыншы қатысып үлгерген.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» Қостанай облысы, Қарабалық ауданы