Соғыстан келген соң сот саласында жұмыс істеп зейнетке шыққан ақсақалды бүгінгі ізбасарлары ешқашан ұмытқан емес.
Жақында облыстық соттың төрағасы Нұрсерік Шәріпов Айтжан ақсақалды ұжымына шақырып, кездесу өткізді. Қан майданды Австрияның Грацк қаласында аяқтаған қарияның ерлік істері баяндалды. Сот саласындағы үздік қызметі үшін Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәмидің бұйрығымен берілген «Мінсіз қызметі үшін» медалін омырауына тақты.
– Ұлы Отан соғысында миллиондаған жазықсыз жандардың өмірі қиылды, – дейді Нұрсерік Шәріпов. – Айтжан ағамыз да жалынды жастық шағын өлім құсқан қан майданда өткізді. Сондай ауыр кезеңдердің бірінде Гитлердің суретін жарға тіреп қойып атып, «Гитлерді атқан қазақ» атанған екен. Мұның бәрі бейбіт жандарды ажалға қиған фашизмге өшпенділіктен, ызадан туған мезет қой.
Ел басына күн туған ауыр кезеңде үлкен ерлік көрсеткен, бейбіт өмірде де мінсіз қызмет жасаған Айтжан қарияның өмірі көпке үлгі болуы керек. Сондықтан, қазыналы қарияны ұжымға арнайы шақырып, ақыл-кеңесін тыңдаймыз.
Осы жиынға арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков аймақ басшысының құттықтауын жеткізсе, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов отты жылдары омырауын оққа тосқан майдангерлер, жеңісті жақындатқан тың ардагерлері туралы естелік айтты.
«Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» дейді халық даналығы. Жүзге жақындап қалса да Айтжан қарияның жас буынға айтары бар.
Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы