• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Сәуір, 2017

Әскердегі Әсел

334 рет
көрсетілді

Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен әйел затының әдемілігі жайлы әуен таусылған емес. Ғаламзатты ғажайып сәнге бөлеп, адамзатты алапат күйге түсіретін нәзікжандылардың ерлігі де тарихта аз болмаған. Халқымыз да ежелден қызды құрметтеп, әйелді әлпештеген, ананы аялаған. Болмысына бұла күй жасырған, құпиясын қасиетіне айналдырған осынау жаратылыстың жан әлемі де, көңіл көкжиегі де өзгеше. Тарихта ерлермен бірге егеулі найза қолға алып, ел тыныштығын күзеткен де арулар болған. Ал бүгінгі бейбіт заманның батырлары деуге лайықты қыз-келіншектер де жетерлік. Арамызда күрделі кәсіпті игеріп, ерекше қабілетімен ерекшеленіп жүрген жандар да бар. Солардың бірі – Әсел Сауран.

Ол бүгінде «Оңтүстік» өңірлік әс­кери қолбасшылығының 01731 әс­кери бөлімінде қызмет етеді. Қыз­меті – қару-жарақ және ра­диациялық химия-био­ло­гиялық қорғану құралдарын жөн­деу шебер-маманы. Он жыл­ға жуық уақыттан бері осы са­лада қызмет етіп келе жатқан Әсел бүгінде қару-жарақтың «тілін» бес саусағындай біле­ді. Бұл іске машықтанған ол қор­ғану құралдарын да өзі жөн­дей береді. Шынында да қару-жа­рақтың құпиясын білу, оны меңгеру табандылықпен қатар талантты қажет етеді. Кейде мұндай азаматтардың қабілеті таңданысымызды тудырып та жатады. Дегенмен, әркімнің қа­рым-қабілеті де өзінің таңдаған ма­мандығына қарай көрінетін болса керек. Бір қарағанда, әс­кери сала әсіресе, қыз баласына қол емес болып көрінуі де мүм­кін. Бірақ мамандыққа де­ген құштарлықтың бәрін де жеңетінін Әсел Сауранның тағ­ды­рынан көруге болады.

– Әскери бөлімдегі ма­ман­дардың көмегімен аз уақытта қа­ру-жарақтың құпиясын мең­геріп шықтым. Бүгінде бұл сала мен үшін аса қиындық тудыр­майды. Дегенмен, әскери са­ланың тәртібі өзгеше. Бұл ме­нің өз қалауыммен таңдаған ма­мандығым. Сондықтан да те­мір­­дей тәртіпті ту еткен әскери өмір­­ге көзқарасым өзгеше, – деген кейіпкеріміз мамандығымен мақ­­танатынын да жеткізді.

2001 жылы Талас ауданы, Майтөбе ауылынан арман қуып келген Әсел әуелі М.Х.Дулати атындағы Тараз Мем­лекеттік университетінің «Жаратылыстану» факультетіне химия-биология мамандығы бойынша оқуға түседі. Қыз балаға тән мамандық алып, бі­лім беру ісімен айналысуды мақ­сат етеді. Алайда ойла­ма­ған жерден оның өмірі өзге ар­наға бұрылып сала береді. Уни­верситеттің екінші курсын тәмамдаған соң әскери қызметкер Марат Әлімбековке тұрмысқа шығады. Сөйтіп, оның да әскери салаға деген қы­зығушылығы оянып, ақыры сон­­­да ауысуға тәуекел етеді. Әу­е­­лі кітапханашы болған Әсел Са­у­­ран кейін әскери тәртіппен Ант қабылдайды. Жылдар өте әс­­­кери бөлімде мәдениет үйінің бас­­­шысы лауазымына дейін кө­те­­ріледі. Бүгінде жоғары нәти­же­­лі жұмысымен көзге түсіп, еліміздің Қорғаныс саласында қал­­тқысыз қызмет етіп жүрген ол – қару-жарақ жөндеу шебері. Ал жары Марат – сол 01731 әс­ке­­­ри бөлімнің оркестрінде аға нұс­­қаушы.

Қару-жарақ құпиясын білетін қыз бүгінде өзі қызмет етіп жүр­ген әскери бөлімде абыройға ие ма­ман. Енді тек қана елдің ты­ны­штығын күзетуге еңбек етіп, жо­ғары нәтижелерге қол жет­кі­зуді мақсат етіп келеді. Ер­ле­рмен бірге ел тыныштығы үшін тер төгіп жүрген за­ман­да­сы­мыздың әлі де алар асуы алда.

Хамит ЕСАМАН, «Егемен Қазақстан» Жамбыл облысы

Соңғы жаңалықтар