• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Сәуір, 2017

Бағдарламаның орындалу барысы талқыланды

262 рет
көрсетілді

Кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы қаралды.

Бағдарламаның арқасында елімізде мемлекеттік тілді меңгергендер қатары артып келеді екен. Бұл туралы Үкімет отырысында негізгі мәселе бойынша баяндама жасалған Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұ­хаме­диұлы мәлімдеді. Министрдің айтуын­ша, 2016 жылы Қазақстанда мемле­кеттік тілді меңгерген халық үлесі 82 пайызды құраған. Мәселен, 2014 жы­лы мемлекеттік тілді меңгерген халық үлесі 72,1 пайыз болса, 2015 жылы 76,3 пайызға жеткен. Үш тілді меңгерген xалықтың үлесі де жақсарған көрінеді. Ересек тұрғындар мен 12-17 жас ара­лы­ғындағы оқушыларды қоса алғанда, үш тілді меңгергендердің үлесі – 20,5 пайыз.

«Мемлекеттік бағдарлама аясында 2014-2016 жылдар аралығында оқу-әдіс­темелік құралдар, әлем әде­биеті классиктерінің шығармалары, таным­дық, ғылыми-публицистикалық, бала­ларға арналған кітаптар және басқа­ларды қосқанда, барлығы шамамен 88 баспа жобасы жарық көрді. Оның ішінде өзге тілдерде шығарылған жобалар саны – 24. Сондай-ақ, мемлекеттік тілді үйретудің жаңа әдістемелері «Қа­зақ сөзі» оқу құралдары әзірленді», деді А.Мұхамедиұлы.

Бағдарлама аясында терми­но­логия, аударма жайындағы мәселе­лерге де барынша мән беріліп, бұл ба­ғытта да бірқатар жұмыстар атқары­лып жатқанын алға тартқан министр, ономастикаға да айрықша көңіл бөлінетінін айтты. Бұл ретте А.Мұ­ха­медиұлы «Егемен Қазақстан» газетінде көше атаулары жайында жарық көрген сыни мақалаларға қатысты Елбасынан тапсырма алғанын жеткізді. (Айгүл Аханбайқызы. «Алматыда 34 Әуезов, 24 Абай көшесі бар», 19.01.2017; Ға­лым Омархан. «Атауға абай болған абзал»,  04.02.2017). Мақалада көтерілген мәселенің мән-жайы қаралып, тиісті шешімдер шығарылып жатқанын атап өтті.

Сондай-ақ, министрдің айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдардағы мемлекеттік тілдегі құжат айналымының үлесі 91 пайызды құраған. Ал елімізде 87 аймақтық қазақ тілін оқыту орталықтары жұмыс істеуде. Министр дегенмен ста­ти­с­тикалық-есеп және қаржылық құжат­та­ма­лардың мемлекеттік тілге ауыс­пау фактілері бар екендігіне де тоқталды.

Бүгінгі таңда бағдарламаның екінші кезеңін жүзеге асыру жұмыстары аяқ­талды. Бұл ретте Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов 2011-2020 жылдарға арналған тіл­дерді дамыту мен қолданудың мем­ле­кеттік бағдарламасын 2014 жылдан 2016 жылға дейінгі кезеңде жүзеге асырудың тиімділігіне бағалау жүргі­зілгенін жеткізді. Жалпы, соңғы 3 жыл ішінде мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру қорытындылары орташа тиімділігін көрсеткен, балдық жүйе бойынша мүмкін болатын 4 балдан 2,66 балмен бағаланған. «3 критерий бойынша бағалаулар біршама жо­ғары болды. Мақсатты индикаторлар мен нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізу дәрежесі 88 пайызды құ­ра­ды», деді Ұлттық экономика министрі. Т.Сүлейменов атап өткен­дей, Мәдениет және спорт министр­лігі­нің есебіне сәйкес, соңғы 3 жылда бағ­дарламаны жүзеге асыруға 16,7 млрд теңге бағытталған, оның ішінде 14,9 млрд теңгесі немесе 89,3 пайызы игерілген.

Тақырыптың қорытындысында Премьер-Министр Б.Сағынтаев тіл­дерді одан әрі дамыту мәселелері жө­нінде бірқатар тапсырма берді. Бұл Мемлекет басшысының «Қа­зақ­­станның Үшінші жаңғыруы: жаһан­дық бәсекеге қабілеттілік» атты Жол­дауын іске асыру аясында жүзеге асы­рылмақ. Осыған орай Үкімет басшы­сы тілдерді дамыту еліміздегі басымдықты міндеттердің бірі болып табылатынын айтты, соған орай мемлекет барлық ұлыстардың тілдерін және үштілділікті дамытуға жағдайлар жасауда. Мемлекет басшысының Жол­дауында үш тілді білім беруге кезең-кезеңмен ауысуға ерекше көңіл бөлін­ген. Сондықтан да Үкімет алдында осы тапсырманы қамтамасыз ету мін­деті тұр.

Мәдениет және спорт министр­лігі мен Білім және ғылым министрлігіне, әкімдерге түсіндіру жұмыстарына ба­­рынша күш салып, халыққа қазақ тілін үйретудің тегін курстарын ұсы­­ну жұмыстарын жандандыру тап­сы­­рылды. Премьер-Министр өзге тіл­­дерге үйрететін курстардың да қол­­жетімділігін арттыруға, соның ішін­де интернет желісінде арнайы ақпарат көздері арқылы оқытуға көңіл бөлу керектігін және тілдерді оқытудың соңғы шыққан заманауи әдістемелері мен оқу құралдарын шығару қажеттігін айтты. Сондай-ақ, Б.Сағынтаев тілдерді үйрету үшін бұқаралық ақпарат құралдарының әлеуетін пайдалану керектігін және арнайы бағдарламалар мен үйрететін бейнеөнімдерді әзірлеу жұмыстарын ретке келтіру қажеттігін атап өтті.

Үкімет отырысында сондай-ақ, терроризмге қарсы іс-қимыл жөнін­дегі 2013-2017 жылдарға арнал­ған мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жайы да талқыланды. Сол сияқ­ты, жиынның басында, әдеттегі­дей, Премьер-Министр қазіргі науқан­дағы күрделі мәселе – су тасқыны қау­піне ұшырауы мүмкін өңірлерді қауіп­сіз­дікпен қамтамасыз ету шаралары жөнінде әкімдердің есебін тыңдады. Ішкі істер министрі Қ.Қасымов және де Қарағанды, Қостанай, Ақмола, Сол­түс­тік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдері  өңірлердегі жағдайды баяндады. Үкімет басшысы министр мен әкімдерге жағдайды жіті бақылауда ұстауды тапсырды.

Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар