• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қазақстан 04 Сәуір, 2017

Ынтымақтастық аясы әлі де кеңейеді

274 рет
көрсетілді

Қазақстан мен Польша арасында дипломатиялық байланыс орнағанына – 25 жыл

Еліміздің тәуелсіздік алуы әлемдік қоғамдықпен, оның ішінде алыс-жақындағы мемлекеттермен терезесі тең жағдайда қатынастар жасауына жол ашты. Сол ынтымақтастық жүздеген, тіпті, мыңдаған жылдарға созылатын дипломатиядан бас­тау алады. Соның нақты мысалын бүгінде дипломатиялық қатынастар орнағанына ширек ғасыр болған Қазақстан мен Польша арасындағы байланыстар көрсетіп тұр.

Қазақстан-Польша қатынастарының ауқымы жыл өткен сайын кеңейіп келеді. Елдердің екіжақты ынтымақтастығы өза­ра түсіністік және шынайы үй­ле­сім­ді­лікпен ерекшеленеді. Мемлекеттер ара­сында қандай да бір саяси неме­се экономикалық проб­лема жоқ. Әсі­ре­се, саяси-экономикалық, мәдени-гу­м­а­н­итарлық, ғылыми-техникалық сала­лар­­д­ағы байланыстар ойдағыдай даму үс­­тінде. Бүгінде еліміздің Польшамен ын­­тымақтастығында инвестиция, индус­трия­­лық-инновациялық және көлік-тра­н­зит­тік мәселелер басымдыққа ие болып отыр.

Қазіргі кезде Қазақстан Орталық Азия­­дағы, ал Польша Орталық Еуропа­да­ғы ең ірі әрі өз өңірлері бойынша эко­но­микалық жағынан орнықты дамып ке­ле жатқан көш­басшы мемлекеттер болып саналады. Сон­дай-ақ, біздің еліміз үшін бұл ел – Ор­та­лық және Шығыс Еу­ро­падағы жетекші экономикалық әріп­тес­тердің бірі. Оның үстіне, екі мемлекет те өздерінде жақсы жолға қойылған көлік-транзиттік әлеуеттерін бірлесіп пайдалануға қызығушылық танытып отыр. Уақыт өткен сайын Қазақстан мен Польша арасындағы сауда айналымы көр­сет­кіші де арта түсуде. Ол 2015 жыл­дың қо­рытындысы бойынша 1,13 миллиард дол­ларды құрады.

Дегенмен, сарапшылардың пікірінше, бұл екі елдің де мүмкіндігінен едәуір тө­мен. Осы мәселені Елбасымыз Нұр­сұл­­тан Назарбаев өткен жылдың тамыз­ын­да Варшаваға сапары кезінде Польша Пре­зиденті Анджей Дудамен кездесуінде де атаған еді. Екі мемлекеттің сауда-эко­номикалық, инвестициялық, ауыл ша­руа­шылығы, көлік-транзиттік және мәдени-гуманитарлық салаларда өза­ра іс-қимылды нығайту мәселелері тал­қыланған сол кездесуде Қазақстан Пре­зи­денті: «Біздің елдерімізді ортақ тарих бай­ланыс­тырады. Польша – Қазақстанның Еуро­падағы ең жақын әрі маңызды се­ріктестерінің бірі. Елдеріміз арасында, әсі­ресе, экономикалық салалар бойынша өзара тиімді көптеген перс­пективалы бағ­ыттар бар. Екі елдің тауар айналымы қа­зіргі әлеуетімізді толық көрсете алмайды», – деп атап өткен болатын.

Мемлекет басшысының өткен жылғы Польшаға сапары екі елді бұрынғыдан да жақындастыра түсті. Елбасы 400-ге жуық кәсіпкер қатысқан бизнес-форумда Польша биз­несмендерін елімізде жаңадан ашылған кәсіпорындарға атсалысуға ша­қырды. Өйт-­кені, соңғы бес жыл ішін­де Қазақстанда 1 мыңға жуық жаңа өндіріс орны ашылған еді. Елімізде шет­елдік инвестициялар үшін барлық жағ­дай жасалған. Ал қазіргі уақытта екі мем­ле­кеттің азаматтары үшін визасыз режім енгізу мәселесі қарастырылуда. Со­нымен бірге, Польша үкіметі Варшава – Астана – Варшава тікелей әуе қатынасын ашу­ға ниет білдіріп отыр.

Қазақстан жалпыға ортақ көптеген халықаралық бастамалардың авторы р­е­тінде әлемдік қоғамдастыққа белгілі. Ал Қазақстан мен Польшаның жаһандық жә­не өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қа­зіргі заманғы сын-қатерлерге қарсы кү­ресті өрістету сияқты мәселелерде ұс­тан­ған көзқарастары ұқсас. Тараптар бір-бірінің бастамаларына да барынша қолдау көрсетіп келеді. Мысалы, Польша Қазақстанның ЭКСПО-2017 ха­лықаралық көрмесін Ас­та­н­ада өткізу мәселесі қарастырылғанда біз­дің елі­міз­дің кандидатурасына қолдау біл­дірді. Поль­ша үкіметінің ЭКСПО-2017 көр­­ме­сінде өздерінің ұлттық павильонын ұйымдастыруда ерекше белсенділік танытып жатқанын да атап өткен жөн.

Поляк қоғамы біздің еліміздің бүгінгі тыныс-тіршілігімен, болашақтағы бағыт-бағдарымен жақсы таныс десек, қателесе қой­маспыз. Себебі, олар Қазақстан бас­шысының «Қазақстан-2050» даму стра­тегиясымен, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары және «Нұрлы жол» мем­ле­кеттік бағдарламасымен, сондай-ақ, «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесімен өзде­рі­нің мемлекеттік тілі – поляк тілінде жа­қынырақ танысты. Сарапшылар бұл бағ­­дарламалық құжаттар мен еңбектер сая­­саткерлермен қатар, қарапайым поляк жұр­тшылығының да қызығушылығын тудырғанын айтады. Сонымен бірге, Польша тарапы Елбасының ядролық қарусыз әлем құру жолындағы күш-жігерін жоғары бағалайды. Қазақстанның 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Ке­ңе­сінің тұрақты емес мүшелігі кезінде күн тәр­тібінде тұрған мәселелерді ой­да­ғы­дай іске асыратынына және осын­дай жау­апты міндетті абыроймен атқа­ра­тынына сенім білдіреді.

Бүгінде Қазақстанда 34 мыңға жуық поляк диаспорасы тұрады. Оларды екі елді рухани байланыстыратын және өзара ынтымақтастықты нығайтатын дәнекер деп айтуға болады. «Биыл поляктардың Қазақстанға жер аударылғанына 80 жыл толады, – деген еді Президент өткен жылғы Польшаға сапары барысында. – Олар­дың барлығы елімізде тұрып жатқан 130-дан астам ұлт өкілдерімен тең құқылы өз азаматтарымыз. Мемлекет оларға барын­ша қолдау көрсетіп келеді».

Қазақстандық поляктар еліміздің қо­ғам­дық-саяси және мәдени өміріне бел­сенді араласып жүр. Араларынан танымал заңгерлерді, ғалымдарды, бизнесмендерді де кездестіруге болады. Поляк этносының ұлттық тілін, салт-дәстүрін жандандыру мақсатында Қазақстан поляктарының одағы жұмыс істейді және оның Қазақстан халқы Ассамблеясында өкілдік ететін еліміздің барлық өңірлерінде филиалдары бар.

Ал Польшада да қазақстандық поляктармен байланыс орнатуға баса көңіл бөлініп келеді. Сондықтан, өзара қарым-қатынас жасаудың дәл осы саласы Қазақстан-Польша ынтымақтастығының маңызды бір бөлігін құрайды. Бүгінде осы елде 700-ден астам қазақстандық студент білім алуда.

Қазақстан мен Польша арасындағы қол жеткізілген бүгінгі күнгі жетістіктер екі елге шекті өлшем болып есептелмейді. Әлі ол нығаяды, кеңиді, еселеп артады. Елдер арасындағы ынтымақтастықтың даму қарқыны соны көрсетіп тұр.

Әлисұлтан Құланбай,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар