Осы қара уылдырықтың атасы бекіре жойқын теңізі жоқ, бірақ таудан құлап аққан бұлақтары көп, қазақ жерінің ең әсем, шұрайлы жерлерінің бірі Түлкібас ауданында да өсіріле бастады.
Түлкібастың Керейт ауылында 2012 жылы өңірлік индустрияландыру картасы аясында қосылған «Ақсанат-Инжиниринг» атты серіктестіктің 452 млн теңгеге тұрғызылған балық өсіретін шаруашылығы бар. Балық болғанда да елдің аузының суы құрғай балық төресі деп мақтай беретін бекіре. Шаруашылыққа бір барғанымызда альбинос тектес бекірені де көрген едік. Өзі екі-үш жылда ғана уылдырық шашатынға ұқсайды. Қара емес, алтын түстес уылдырығының бір келісі сол кезде он мың долларға сатылған. Бұдан басқа да ірілі-ұсақты шаруашылықтары бар кәсіпорын осы салада оңтүстік өңіріндегі жаңа технологияның қызығын көріп отырған ең ірі қожалық болып табылады.
«Ақсанат Инжиниринг» ЖШС айдаладан батпан құйрық тауып алып, байып кеткен жоқ. Бизнес-жоспарына өз қаржысы жетпегендіктен, Үкімет тарапынан индустрияландыру картасы шеңберінде жеңілдетілген несие алды. Яғни, «көз – қорқақ, қол – батыр».
Бүгінде өңірде кооперативтер құру ісіне облыс басшысы Жансейіт Түймебаев бел шешіп кірісіп кетті. Өзара тәжірибе алмасып, бірінің озығын екіншісі пайдаланып, пайдаға шығу үшін көшпелі семинарлар өткізіп жатыр.
Жақында Керейт ауылында «Кооперация − агроөнеркәсіп кешенін дамытудың негізі» атты көшпелі семинар өткізіп, негізгі мысалға «Ақсанат Инжиниринг» серіктестігінің жұмысы ұсынылды.
Семинарда сөз алған Жансейіт Түймебаев ауыл шаруашылығын дамытудағы негізгі басымдықтарға тоқталып, шаруаларды кооперативтерге бірігуге шақырды.
− Біздің облыстың болашағы − ауыл шаруашылығында. Сондықтан, тәжірибесі мол шаруа қожалықтары тірлігін енді бастаған әріптестеріне барынша қолдау білдіруі қажет. Білгенін үйретіп, аяқтан тұруына көмек қолын созғаны абзал. Сонда ғана ұсақ шаруашылықтарды біріктіруге, ірі жобаларды іске асыру үшін кіріктіруге болады. Бұл өз кезегінде мемлекет тарапынан бөлінген субсидияларға қол жеткізуге ықпал етеді. Ең бастысы, оңтүстіктің ауыл шаруашылығы дамиды, − деді жиында Жансейіт Қансейітұлы.
Бұдан бөлек семинарда ауылшаруашылық өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды. «Кооперация − агроөнеркәсіп кешенін дамытудың негізі» тақырыбындағы теориялық жиында балық шаруашылығы және асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, ауылдық елді мекендерде сүт өндіруші шаруашылықтардың басын қосу, ауылшаруашылық өндірістік кооперативін құру туралы сала мамандарының пікірлері тыңдалды.
Семинардан кейін облыс басшысы бастаған топ шаруашылықтың жалпы құны 600 млн теңге болатын «Арсан Ас» серіктестігінің жеміс-жидек концентраттарын және табиғи суындар дайындайтын цех жұмысымен танысты.
Әзірге қырыққа жуық жұмысшысы бар зауыт бюджетінің 120 млн теңгесі құрылтайшылардың қаржысы болса, 480 млн теңге «Максимум» қаржы ұйымынан алынған.
Балық шаруашылығы, жеміс-жидек зауытынан бөлек «Ақсанат Инжинирингте» асыл тұқымды жылқылар мен ірі қара өсіріледі. Мұндағы 186 бас жылқының ішінде атағы алысқа кеткен Ақалтеке, Дондық, Көшімдік асыл тұқымды арғымақтары бар. Сонымен қатар, 1120 ұсақ мал мен шет елден әкелінген 660 абердин-ангус, 241 герефорд сиырын өсіріп отыр. Оның сыртында 900 бас жергілікті ірі қара да бар.
Өз қаржысы жетіңкіремеген соң Үкіметтен жеңілдетілген несие алып облыстағы іргелі шаруашылықтардың біріне айналған кәсіпорында шаруашылығын ірілендіруге батылы жетпей жүргендерге үйренетін үрдіс көп.
Бұл әсіресе, республика бойынша қолға алынған кооперация жүйесіне үлкен серпін береді.
Бақтияр Тайжан,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы