• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Бокс 03 Сәуір, 2017

​Қазақстанда туған неміс боксшысы туралы не білеміз?

270 рет
көрсетілді

Бірер күн бұрын кәсіпқой бокста германиялық Кристина Хаммер WBC және WBO нұсқалары бойынша әлем чемпиондығы атағын қорғап қалды.

Бұл жолы ол швециялық Мария Линдбергпен жұдырықтасты. 10 раундтың қорытындысы бойынша төрешілер 100-90, 100-90, 100-90 деген баға беріп, бірауыздан жеңісті Кристина Хаммерге берді. 

40 жастағы швециялық былғары қолғап шебері екінші рет қарсыласына есе жіберіп отыр. 19 жекпе-жегінің 15-ін жеңіп (сегіз нокаут), екеуінде тең түскен. Ал Кристина Хаммер WBO мен WBC белбеулеріне ие. 

Айта кетейік, Хаммер 1990 жылы 16 тамызда Қарағанды облысындағы Новодолинка елді мекенінде туған. Бала күнінде отбасымен бірге Германияға қоныс аударып, қазіргі уақытта Дортмунд қаласында тұрып жатыр. 

Қазақ жерінен шыққан неміс боксшысы туралы не білеміз?

Хаммер бокспен 15 жасынан бері айналысып келеді. 20 жасында кәсіпқой бокстан Германияның ең жас чемпионы атанған. WBO және WBC белбеулерінің иегері. Оған орта салмақтағы титулдардың басын қосу үшін IBF және WBA жетіспейді.

Кристина Хаммер кәсіпқой бокстағы дебютін 2009 жылдың 12 қыркүйегінде, яғни 19 жасында бастаған. Осы күні Германияның Магдебург қаласында отандасы Мелиса Коктермен жұдырықтасып, екінші раундта техникалық нокаутпен жеңді. Айта кетерлігі, Мелиса Коктер де кәсіпқой бокстағы алғашқы кездесуін өткізген. Хаммермен жұдырықтасқаннан кейін ол шаршы алаңға мүлдем шықпаған.

2009 жылдың 24 қазанында Германияның Дессау қаласындағы Anhalt Arena кешенінде чехиялық Сарка Стокласковамен қолғап түйістіріп, төрешілердің шешімімен жеңіске жетті. Дәл сол жылдың 11 қарашасында Берлинде сербиялық Мария Пеяковичті төртінші раундта техникалық нокаутпен ұтты.

Кәсіпқой рингте осы уақыт аралығында барлығы 21 кездесу өткізіп, ешқайсысында жеңілмеген. 2010 жылдың 23 қазанында Кристина Хаммер америкалық Тереза Пероццимен WBO-дің бос белбеуі үшін күш сынасты. Он раундқа созылған айқаста төрешілер Хаммерді жеңімпаз деп таныды. Ал өткен жылдың қараша айында америкалық Кали Рейсті он раундтың қорытындысы бойынша төрешілердің шешімімен жеңіп, WBC нұсқасы бойынша жаңа әлем чемпионы атанды. 

Бүгінге дейін Қарағанды облысында туған боксшы WBO белбеуін тоғыз рет, WBC-ді бір рет қорғады. 

Соңғы жаңалықтар