Шараға Парламент депутаттары, республикалық деңгейдегі өңірлік аңшылық-шаруашылық құрылымдарының өкілдері және Ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары қатысты.
«Қансонар» қауымдастығы алғаш құрылған 2013 жылдан бастап, аңшылық саласындағы іс-әрекеттердің құқықтық, заңнамалық базасын жетілдіру, осы кәсіпке минимум бағдарламасы бойынша азаматтарды оқыту, оларды құжаттандыру, тіркеу және қолайлы жағдайлар туғызу мақсатында жұмыстар жүргізіп келеді.
Осы орайда, «Қансонар» аңшылардың қоғамдық бірлестігі мен аңшылық-шаруашылығы субъектілері республикалық қауымдастығының басқарма төрағасы Оралбай Әбдікәрімов мырзаны әңгімеге тартқан едік.
– Оралбай Әбдікәрімұлы, бүгінгі жиынның мақсат-мүддесі жайлы айтып берсеңіз.
– Аңшылық – әуелі ата-бабамыздың байырғы кәсібі. Таратып айтар болсам, кәсібі ғана емес этностық өмір сүру салтының дәстүрлі негіздерінің бірі. Бұл шаруаға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы тапсырмасы бойынша мемлекеттік тұрғыдан назар аударылып отыр. Сол себепті, жыл сайын осындай дәстүрлі жиын өткізіп, атқарылған шаруалар мен алда атқарылуға тиіс жұмыстарды талқылаймыз.
Өйткені, шет мемлекеттерде барлық аңшылық-шаруашылық мекемелерінің басын қосқан үлкен ассоциациялар жұмыс істейді. Осы құрылымдар үкіметпен бірлесе отырып, барлық мәселені шешеді. Болашақта біз де осы тәжірибені қолдануды қолға алып жатырмыз.
Ал бүгінгі бас қосудың маңызына тоқталар болсақ: бес жыл бұрын, яғни, 2012 жылғы 29 қаңтарда «Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы» Заң күшіне енген болатын. Қазіргі таңда, осы құжатқа өзгерістер енгізу мәселесі Парламент Мәжілісінде талқыланып жатыр. Осыған байланысты біз бүгін ішкі шаруашылық субъектілерін заңдық тұрғыдан ретке келтіру мәселелерін талқылаймыз.
– Жоғарыдағы заңға қауымдастық тарапынан қандай өзгерістер мен толықтырулар ұсынылып отыр?
– Жаңадан қабылдануға тиіс заңда дала жануары саналатын қоңыр аңдар мен жыртқыш тұқымдас аңдардың санын өсіріп, аңшылық кәсіпті туристік мақсатқа қолдануға кең жол ашылады деген үмітіміз бар. Өйткені, аңшылық туризм дегеніміз – табыс көзі. Оның сыртында, аңшылықпен айналысатын кәсіби фермер тобын құру арқылы, ауылдық жерлерде шағын және орта бизнесті дамыту жайы қарастырылуда. Яғни, жаңадан жұмыс орындары ашылып, ауыл тұрғындары еңбекпен қамтылатын мүмкіндік туғызуды ойластырудамыз.
– Жаңадан құрылатын аңшылық фермерлерді қаржыландыру тетігі ше...
– Жаңа заңда көрсетілгендей алда құрылуға тиіс фермерлік ұйымдар өзін өзі қаржыландыруы тиіс. Біздің мақсат – осыларға құқықтық қолдау көрсету. Өзін өзі қаржыландырудың тетіктері жайлы айтар болсам, әуелі аталмыш ұйымдар үкіметтен аңшылық кәсібіне қатысты маусымдық лицензияларды сатып алып, аңшыларға ақылы түрде үлестіреді. Одан кейін тұрғындарға «Аңшылық кәсібі» оқуын оқытып, сертификат табыстайды. Бүгінгі жағдайда елімізде 160 мыңдай адам аңшылық кәсібімен тікелей немесе жанама түрде айналысады. Орташа есеппен жыл сайын аңшылық оқуына 8 мыңға жуық адам тартылып жүр. Келесі бір мәселе, кейбір аң-құстар үшін арнайы бөлінген шектеулі квоталар бар. Ол да ақылы түрде үлестіріледі.
– Жұмыс барысын жүйелеу үшін қандай тәжірибелерді қолданасыздар?
– Шет мемлекеттерде аңшылық мәселесі жақсы жолға қойылған. Әсіресе, Еуропа елдерінде даланың қоңыр аңдарының етіне деген сұраныс өте көп. Дала жануарларының етін сататын дүкендер, арнайы тапсырыспен ас дайындайтын мейрамхана, қонақ үйлер саны күн сайын артып келеді. Біз де осы істі қолға алуды жоспарлап отырмыз.
– Болашақта осы жоспарларыңызды орындау барысында қандай кедергілер туындауы мүмкін?
– Аңшылық саласын кәсібилендіру керек дегенді көп айтамыз, бірақ, осы салаға қатысты мемлекеттік құрылымдар барлығын монополиялап алған. Ешкімді жолатқысы келмейді. Болашақта аңшылықпен айналысатын фермерлерді бекіту, аң-құстарды аулауға квоталар бөлу сияқты мәселелердегі монополияны болдырмау үшін істі үкімет емес, қоғамдық ұйым – қауымдастық қолға алғаны дұрыс. Өйткені, басқа елдерде осылай реттелген.
Қазір республика көлемінде аңшылық-шаруашылықпен айналысатын құрылым саны 700-ден асады. Бұларға үкімет тарапынан ешқандай қолдау-көмек жоқ. Көбі әупірімдеп өз күнін өздері көріп отырғандар. Содан кейінгі тағы бір кедергі, заңдық құқығы бар аңшылармен қатар, жабайы аңшылар, бір сөзбен айтқанда, нағыз заң бұзушылар саны күн өткен сайын артып келеді. Жуықта ғана Ақмола облысы, Атбасар ауданында қардың үстінде жүретін көлікті (снегоход) пайдаланып бұзақылар 8 дала қабанын атып, табиғатқа зор залал келтірді. Дала байлығын бұлай тонай беруге болмайды. Осының бәрін жүйелі түрде бақылауда ұстауымыз керек.
Әңгімелескен
Бекен Қайратұлы,
«Егемен Қазақстан»