Ұлттық экономика министрлігінің мәліметтеріне қарасақ, әйелдердің басқаруындағы орта және шағын кәсіпкерлік саны 2016 жылдың 1 қаңтарында 647,082 адамды құраған, ал жалпы еліміз бойынша 1,530,258 шағын және орта бизнес субъектісі қызмет етеді. Әлемнің 20 елінде өткізілген 87 зерттеудің нәтижелеріне сәйкес әйелдер басқаратын кәсіпорындар ең табысты болатыны анықталған. Зерттеушілер бизнеспен айналысатын әйелдер қоластындағы қызметкерлері, қоғам және қоршаған ортаның қамын көбірек ойлайтынын мойындауда.
Мәселен, көпке дейін елімізде «әйелдер кәсіпкерлігі» деген ұғымның өзіне күмәнмен қараған кезеңдер болды. Ал бүгінде әйелдердің іскерлік кеңестері құрылып, кәсіпкер әйелдерге арналған арнайы банк өнімдері мен бағдарламалары пайда болуда.
Алматыда Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту және қолдауға арналған баспасөз мәжілісі өтіп, онда осы бағыттағы нақты мәселелер сөз болды. Бұл мәслихаттың басты жаңалығы – Астана банкі отандық банк қызметтері нарығында бұрын болмаған «Қызғылт жаға» атты әлеуметтік жобаны жария етті.
«Әйелдер көшбасшылығы қоры» ҚҚ жоба жөніндегі директоры Светлана Богатырева, Орталық Азиядағы «БҰҰ – Әйелдер» құрылымының өкілі Илейн М.Конкиевич, Даму қоры басқармасы төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов қатысқан шараға еліміздегі бірқатар кәсіпкерлер мүдделілік танытты.
«Әйелдер кәсіпкерлігінің бүкіл маңыздылығы мен өзектілігін түсіне отырып, «Қызғылт жаға» атты бірегей жобаны іске қосып отырмыз. Осыдан бір жыл бұрын әйелдерге тиімді мүмкіндіктер ұсынатын тұңғыш карталарды іске қосқан едік. Ол біздің клиенттеріміз арасында үлкен сұранысқа ие болды. Енді сәуір айынан бастап әйелдерге тиесілі карталар арқылы тауарлар мен қызметтер қолма-қол ақшасыз төленген жағдайда банк әйелдер арасындағы кәсіпкерлікті дамыту және қолдау үшін клиенттің жұмсаған сомасының 0,7 пайы-
зын Әйелдер көшбасшылығы қорына аударып отыратын болады. Бұл соманы банк толығымен өз қаржысы есебінен төлемек. Нәтижесінде клиент төлем жасау арқылы әйелдер бизнесін дамытуға өз үлесін қосады. Сондай-ақ, оған әдепкі мөлшерде кэшбэк сомасы қайтарылады. Қорға көмек көрсету үшін, ең бастысы, төлем әйелдерге тиесілі картадан жасалу керектігін ескеру қажет. Осылайша игі іске клиент те, банк те атсалыспақ», деді Астана банкі басқармасының төрағасы Ескендір Майлыбаев.
Оған қоса, әйелдерге бизнес жүргізуге қатысты пайдалы ақпаратты ұсыну үшін 1 сә-
уірден бірегей веб-алаң іске қосылмақ. Сайтта әйелдер кәсіпкерлігін қаржыландыру бағдарламаларына қатысты бүкіл ақпарат қамтылатын болады. Сон-
дай-ақ, осында әйелдерге арналған танымал сайттарды топтастырып, жаңалықтарды қадағалауға мүмкіндік беретін жаңалықтар агрегаторы да қызмет жасамақ. Кәсіпкер әйелдер жеке блогтарын жүргізіп, тәжірибесімен, идеяларымен бөлісуге, серіктестерді тауып, қажетті байланыстар орнатуға мүмкіндік алмақ. Сонымен қатар, сайт арқылы қаржылық және заңгерлік мәселелерге қатысты кеңес алуға да болады. Жеке кәсіпкерлікті, жауапкершілігі шектеулі серіктестікті немесе банкте шотты қалай ашуға болады? Электронды цифрлы қолтаңбаны қалай алуға болады немесе салық салу үлгісі қалай толтырылады? Осы және басқа да көптеген сауалдарды онлайн-менеджерлерден сұрап білуге болады.
Әйелдер көшбасшылығы қорының жоба жөніндегі директоры Светлана Богатыреваның айтуынша, осы жоба арқылы Алматы, Астана, Қарағанды, Орал және Шымкент қалаларында оқу конференциялары өткізілмек. «Біз Алматы қаласында 3 жыл ішінде жинақталған тәжірибе негізінде игеріліп, кәсіпкер әйелдердің қажеттіліктері мен үміттерін зерттеуге негізделген тәсілдемені қолданбақпыз. Осы формат аясында кәсіби спикерлер және кәсіпкер әйелдер біздің елімізде жинақтаған тәжірибесімен бөлісіп, бір-бірін оқытатын болады. Бұл тәсіл нәтижелі екенін көрсетті», дейді С.Богатырева.
«Әйелдер көшбасшылығы қорымен бірге осы жобаны жүзеге асыру кезінде біз мегаполистердегі әйелдерді ғана емес, сондай-ақ, шалғай аймақтардағы іскер ханымдарды барынша қамтып, осы іске тартуды көздедік. 5 қалада конференциялар өткізу арқылы біз бүкіл Қазақстаннан кем дегенде 500 әйелді оқытуды жоспарлап отырмыз. Осы жобаны жүзеге асыру елімізде әйелдер арасындағы кәсіпкерліктің дамуына жаңа қозғау салатынына сенімдіміз», деді баспасөз мәслихатын қорытындылаған Е.Майлыбаев.
Айнаш Есали,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ