«Экономикалық өсімнің жаңа моделі экономиканың 5-6% деңгейдегі орташа жылдық қарқынына қол жеткізуге бағытталатын болады, яғни бізге қосымша жылына 2-3% өсім қажет», - деді Сүлейменов.
Оның айтуынша, экономикалық өсімнің жаңа моделі жеке инвестицияларды тартуға бағдарлануы тиіс. Дамудың жаңа моделіндегі маңызды драйверлер экономикадағы өнімділік пен экспорттық дамуды қамтамасыз ететін салалар болмақ, деп хабарлайды BNews.kz.
«Экономикалық өсім үшін серпінді әлеует дәстүрлі салаларда бар: ол – өнеркәсіп пен ауылшаруашылығы. Осы әлеуетті арттыру үшін бізге экономикамыздың негізгі салаларындағы экстенсивтік және қарқынды дамуын жалғастыру қажет. Экстенсивтік даму үшін біздің тарапымыздан ірі кен орындарын игеру (ТШО-ны келешекте кеңейту жұмыстары) және Қашаған жобасын жобалық қуаттылыққа жеткізу жұмыстары ұсынылады»,- деді министр.
Сүлейменов қарқынды дамудағы серпінді ырғақ тереңдетіп қайта өңдеуді дамыту, кәсіпорындарды технологиялық жаңғырту есебінен қамтамасыз етілуі тиістігін атап көрсетті. Ол сондай-ақ, өсімнің жаңа моделінің тағы бір негізгі бағыты экспорттық әлеует пен ипорталмастыруды дамыту екендігін алға тартты.
«Ұлттық экспорттық стратегия әзірленетін болады, ол бойынша экспорт көлемін арттыру үшін жаңа экспорттық өнімдер, сыртқы нарықтардағы жаңа мүмкіндіктер айқындалуы тиіс. Стратегияда біз тауарларды экспорттауға және көліктік тасымалдау әлеуетіне қатысты жаңа мүмкіндіктерімізді біріктіруді жоспарлаудамыз. Бірінші кезекте, біздің дәстүрлі әріптестеріміздің нарығына қатысуымыз күшейтіледі, бұл – ЕуразЭҚ елдері, ҚХР, Орталық Азия мемлекеттері. Білім беру мен медициналық қызметтегі зор экспорттық әлеуетімізді атап өткен орынды», - деді Сүлейменов.
Оның айтуынша, Қазақстанның азық-түлік өнімдері (жекелеген позициялар бойынша имортқа тәуелділік 60 пайызды құрайды), жеңіл өнеркәсіп, химия өнеркәсібі өнімі, құрылыс материалдары, резеңке және пластмасса бұйымдары, металлургия өндірісінде зор импорталмасу әлеуеті байқалады.
«Экономикадағы өсімнің зор әлеуеті өнімді еңбекпен қамту есебінен қамтамасыз етілуі мүмкін. 2017-2021 жылдарға арналған, мақсаты халықты өнімді еңбекпен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту болып табылатын Өнімді еңбекпен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында әсіресе, ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бірқатар шараларды қабылдау қарастырылған», - деді министр.
Сүлейменов стратегиялық мақсаттардың бірі 2050 жылға қарай ШОБ-тың елдегі ІЖӨ-дегі үлесін 50%-дан кемітпеуді қамтамасыз ету болып табылатынын атап өтті.
«Ағымдағы жылы Өнімді еңбекпен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы басталды, соның арқасында Қазақстан азаматтары ауылда немесе қалада өз бизнесі үшін 16 миллион теңгеге дейін шағын несие ала алады. 2017 жылы кәсіпкерлік бастамаларға шағын несие беру үшін қалаларға 2,5 мың адамды қамтитын 10 млрд теңге, ауылдар мен шағын қалаларға – 3 мың адамды қамтитын 27млрд. теңге қарастырылып отыр», - деді министр.
Оның айтуынша, бизнеске салалық шектеулерсіз 6%-ға дейінгі сыйақымен 8 мың АЕК-ке дейін жеңілдікті шағын несиелер ұсынылады. Кепіл мәселесін шешу мақсатында шағын несиелерді кепілдендіру енгізіледі. Ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін кепіл мөлшері шағын несие құнының 85%-ын, бұрыннан жұмыс істейтіндер үшін 50%-ын құрайды.
Бұдан басқа, 1 шілдеге дейін әрбір әкім Үкіметпен бірлесіп Бүкіләлемдік банктің рейтингі негізінде өңірлерде бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдай туғызу жөніндегі жан-жақты жоспарды бекітеді.
«Өңірлер мен қалаларда арнайы сыйақы тағайындау арқылы бизнесті жүргізуді жеңілдету бойынша өңірлік бағалау енгізіледі. Үкімет өз кезегінде, мемлекеттік қызмет көрсетуді барынша оңтайландырады және оны толықтай электрондық форматқа көшіруді қамтамасыз ететін болады. Құжаттардың мерзімі мен тізбесі қысқарады, қайталайтын рәсімдеулер алынып тасталады», - деді Сүлейменов.
Ол бизнеске жүктемені азайту мақсатында сондай-ақ, дамыған елдердің тәжірибесі мен стандарттары негізінде бизнесті қайта реттеу бойынша жүйелі шаралар әзірленетіндігін атап өтті. Министр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, бәсекелестікке кедергі келтіретін нормаларды анықтау үшін барлық заңнамаларға «тексеру» жүргізілетінін хабарлады.
Сүлейменов бәсекелестікті дамыту және мемлекеттің экономикадағы және реттеушілік қатысуын азайту арқылы жеке сектордың экономикадағы рөлінің басым болуын қамтамасыз етуге жағдай туғызылатынын атап айтты.
«Макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін ортамерзімдік кезеңде инфляцияны 3-4%-ға дейін кезеңдік азайту шараларын қабылдау қажет. 2017 жылғы 13 ақпанда ҚР Үкіметінің отырысында мақұлданған ҚР Әлеуметтік-экономикалық дамудың 2017-2021 жылдарға арналған болжамында 2017 жылы инфляция деңгейі 6-8%-дық дәлізде белгіленді», - деді Сүлейменов.
Оның айтуынша, инфляцияны азайту Үкімет пен Ұлттық Банктің бірлескен күш салуы арқылы жүзеге асырылады және үйлесімді сипатқа ие болмақ.
«Ағымдағы жылы Үкімет пен облыс, Астана және Алматы қалалары әкімдіктері инфляцияны мақсатты 6-8%-дық дәлізде ұстап тұру үшін ең алдымен, әлеуметтік маңызды азық-түлік бағасын төмендетуге назар аударатын болады»,- деді ол.