Даңқты батырлар, әйгілі ақындар мен әншілердің елі Жарма ауданында биыл бір емес, бірнеше мерейтой. Қазақтың суырыпсалма ақыны Қалихан Алтынбаевтың − 90, Қазақстанның халық жазушысы, ақын Тұрсынхан Әбдірахманованың 95 жылдығын туған топырағы атаусыз қалдырмай, атап өтеміз деп отыр.
− Алаштың аяулы ақындары Қалихан Алтынбаев пен Тұрсынхан Әбдірахманованың мерейтойларына орай, бірқатар іс-шараларды жоспарлап отырмыз. Аудан орталығы − Қалбатауда айтыскер ақынның құрметіне аллея ашып, ескерткішін қойып, республикалық ақындар айтысын өткізу ойымызда бар, – дейді аудан әкімі Нұрлан Сыдықов.
Сонымен қатар, аудан басшысы заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің 120 жылдық мерейтойына орай Жарма ауданының Әуезов кентіндегі бір көшеге тұлғаның есімін беріп, мүсінін орнатуды жоспарлап отырғандарын айтты.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы