• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
31 Наурыз, 2017

Тегіне тартқан тереңдік

431 рет
көрсетілді

Гималай тауын кесіп өтіп, бес мың шақырым жолды артқа тастап Кашмирге жеткен Қытай қазақтарының тағдыр-талайы газет-журналдарға жарияланған шағын мақалалардан бастап, том-том романдарға да жүк болғаны белгілі. Бірақ, оның көбі сол оқиғадан біршама кейін жазылды. Ал «National Geographic» журналына Милтон Дж. Кларк есімді америкалық 1954 жылы ағылшын тілінде мақала жария­лапты. Автор мақаласын «Кашмирдегі атақты Шринагарға келген босқындардың арасында бір жылымды өткіздім» деп бастайды.

Осы бір жылдың ішінде ол қазақ тілін үйренеді. Қазақтармен бірге Шринагарда өмір сүріп, тыныс-тіршілігін әбден зерттеп алған соң әлгі мақаланы жариялайды. Оған қоса ру көсемдерінің суреттерінен тартып қыз-келіншектердің, жас сәбилердің өзі түсірген оншақты суретін қоса шығарады. Өт­кен жылы осы «National Geograhpic» жур­­налы тұңғыш рет қазақ тілінде жарық көр­­ген болатын. Журнал жоғарыда атап өт­кен мақаланы қазақ тіліне аударып басты. Осы­­дан соң біз әлгі суреттерде бейнеленген жас қыздардың бірі, бүгінде сексеннің се­ң­­гі­ріне шыққан Фазила Жаналтайдың қа­зір Ас­танада тұрып жатқанын біліп, үйіне із­деп бардық.

1954 жылғы суретте бүйірін таянып тұр­ғ­ан жас қыз хикметке толы ғұмырының бар­лық ауыртпалығын артқа тастап, бүгінде ұл-қыздарының, немере-шөберелерінің арасын­да жайқалған әжеге айналған. Зе­рек­тігі, сөз­ге шешендігі бірден байқалды. Ба­сынан қан­дай жағдай өтсе де жасымаған, қайта шың­дала түскен сияқты. Әңгімелесе ке­ле бұл кісінің Шығыс Түркістанның Ал­­тай аймағындағы (қазіргі Қытай Ха­лық Рес­публикасының Шыңжаң ұйғыр ав­то­но­миялық ауданы – автор) қарулы кө­те­рі­­лісті басқарған атақты Зуқа батырдың не­мересі Фазила Жаналтай екенін білдік. Өз әкесінің аты – Сұлтаншәріп. Біз тарих­тан Шығыс Түркістанды мекендеген қа­зақ­тардың жергілікті үкіметтен қысым кө­­ріп, Үндістанға қарай екі рет үдере көш­ке­нін білеміз. Бірінші көш Елісхан жә­не Зайып батырлардың жетекшілігімен 1938 жылы бас­талып, олар қаша жүріп қы­­тай әскерлерімен шайқасып, Тибет, Г­и­малайды асып, үш жылдың бедерінде Үн­дістанға жеткен. Бұл туралы жазушы Ж.Шәкенұлының «Қаралы көш» романында жан-жақты баяндалған. Ал екінші көшке Қа­либек әкім, Құсайын тәйжі, Сұлтаншәріп Зу­қаұлы, Дәлелхан Жаналтай есімді беделді адам­дар басшылық жасаған. Бұлар бастаған көш 1949 жылы елден шығып, 1951 жылы Каш­мирге жеткен. Міне, осы екінші көште 15 мың адамның ішінде он бес жастағы Фазила да бар болатын.

Фазила апа сол кездегі оқиғаларды кү­ні кеше болғандай баяндайды. Ештеңені ұмы­т­паған. «Біз ол кезде баламыз. Бірақ сол көш барысындағы түрлі оқиғалар ер­те есей­тіп жіберді. Суықтан, аштықтан, со­­ңы­мыздан қуған әскерлермен болған ша­й­­қастарда көптеген адам қайтыс болып кет­ті. Сап-сау келе жатқан адамдар тау ауруына шалдығып, ажалдары содан жетті. Кашмирге жеткенімізде бірге еріп шыққан өз туыстарымыздың тең жар­тысы жоқ еді...», дейді. Қазақ көші Шри­нагар қаласында көп тұрақтамаған. Фа­зила апаның айтуынша, сол кезде Америка Құрама Штаттарынан, Біріккен Араб Әмірліктерінен және Түркия тарапынан қазақтарды өздеріне қабылдау туралы ұсыныстар түскен. Рубасылар, әр әу­лет­тің үлкендері ақылдаса келе, діні бір, тү­бі бір түріктердің ұсынысын қабыл алу­ды жөн көріпті. Содан 1954 жылы Үн­діс­тан­­дағы, Кашмирдегі қазақтардың дені Түр­кия­ға көшіп кетеді. Белгілі бір себептермен сол жерде қалған отбасылар да бар. Фа­зила апайдың отбасы да Шринагарда қал­ған. Ол Қытай Халық Республикасының құ­ра­мындағы Шынжаң өлкесінде тәуелсіз Шы­ғыс Түркістан Республикасын құ­ру жо­­­лында ұлт-азаттық көтерілісті ұйым­дас­ты­­­рушылардың бірі Жанымхан қа­жының ұлы Абдулхамитке тұрмысқа шығады. Жа­­нымхан қажы қазақтан шыққан тұңғыш қар­жы министрі ретінде де танымал тұлға. Ол Шыңжаң өлкелік үкіметінде қаржы ми­нис­трі қызметін атқарған.

Абдулхамит пен Фазила төрт баланың әке-шешесі атанғанда отағасы жүрек талма­сы­­нан қайтыс болып, отыздың ішінде жесір қал­­ған келіншектің мойнында бала-шағаны асы­­рау міндеті тұрды. 1969 жылы Фазила да балаларымен бірге Түркияға көшеді. Ол жақ­та былғарыдан киім тігумен айналы­са­ды. Түркияда өздерінің кішігірім фа­б­ри­каларын ашып, нәпақасын саудадан та­бады. Төрт баласына да жоғары білім әпе­реді. Бүгінде үлкені Зылиха елордада. Одан кейінгі Бешір Лондонда тұрады. Бри­таниялық әйгілі телерадиокорпорация Би-би-сиден зейнетке шыққан. Ахметі мен Тах­ирасы Түркияда. Олар да бірі инженер, екін­шісі ағылшын тілі пәнінің мұғалімі қыз­метін абыроймен атқарып жүр.

Кейіпкерімізге екінші баласына аяғы ауыр кезде, яғни Кашмирде жүргенде жары­мен бірге Меккеге бару нәсіп болған екен. Содан бері исламның қайнарынан қа­нып ішіп, ата-баба жолын ұлықтаумен ке­леді. «Жазмыштан озмыш жоқ» дейтін Фа­зила апа бес уақыт намазын оқып, оразасын ұстап, елордадағы еңселі шаңырағында ба­қытты өмір сүруде.

Айгүл СЕЙІЛОВА,

«Егемен Қазақстан»

Астана

Соңғы жаңалықтар