Көрсеткіштер көңіл көншітеді
Жоғарыдағы мақсатты нақты сандармен бедерлесек, межеге дейін 4 нысаналы индикаторды байқаймыз. Айталық, алдымен еңбек өнімділігін 2015 жылғы деңгейге қарағанда 22 пайызға арттыру. Екінші, өңделген өнім экспортының құндық көлемін алғашқы жылдағыдан 19 пайызға артық орындау. Үшінші, 2015-2019 жылдары өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталына 4,5 трлн теңге сомасында инвестиция тарту. Соңғысы, өңдеу өнеркәсібінің энергия сыйымдылығын 2014 жылға қарағанда кемінде 7 пайызға төмендету.
Осындай нәтижені көздеген бағдарламаның былтырғы жылғы қорытындысын да назардан тыс қалдырмаған жөн. Аталған 4 нысаналы индикатор аясында 11 көрсеткіш қарастырылған болса, 2016 жылы 3 нысаналы индикатор мен 8 көрсеткіш бойынша жоспар орындалыпты. Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметі негізінде атап айтсақ, экспорттың құн көлемінің өзгеру индикаторындағы көрсеткіш 90,2 пайызды құраған. Ал бастапқы жоспардың 86 пайыз екенін ескерсек, әлгі цифр көңіл көншітеді. Жіліктей түсейік, 2016 жылы өңдеу өнеркәсібі экспортының көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 9,8 пайызға қысқарып, 12,7 млрд АҚШ долларына түскен. Металлургия, химия және мұнай өңдеу сияқты салаларда да әлемдік бағаның құлдырауына байланысты төмендеулер бар. «Мәселен, біз катодты мысты 40,3 мың тоннаға артық экспорттадық, нақты өсім – 14 пайыз. Алайда, экспорттың ақшалай түсімі 53,5 млн долларға төмендеді. Минералды тыңайтқыштар экспортының нақты көлемі 22,3 мың тоннаға өсті. Алайда, құндық мәні 0,66 млн доллардан астамға төмендеді», деп атап көрсеткен болатын Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек таяудағы Үкімет отырысында.
Еңбек өнімділігінің нақты өсім индикаторына келсек, көрсеткіш 131,7 пайыз болған. Ал жоспар – 101,3 пайыз. Былтырғы қорытынды, 2015 жылмен салыстырғанда, девальвация салдарынан ақшаға шаққанда 44,4 мың доллардан 38,9 мыңға дейін төмендеді. Бұл жалпыәлемдік тренд екенін айту керек.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі индикаторы бойынша көрсеткіш 834,1 млрд теңгені құрады. Жоспардағыдан 81 млрд теңге шамасында артық. «Өңдеу секторына бағытталған қаржы бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 8,8 млрд теңгеге бағаланып, 1,1 пайыздық өсім көрсетті. Нақты көрсеткіш 3,3 пайызға қысқарды. Өткен жылдың 9 айында ғана өңдеу өнеркәсібіне 2,6 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Бұл бұрнағы жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 1,3 есеге артық», дейді министр.
Өңдеу өнеркәсібіндегі энергия сыйымдылығының төмендеу индикаторы бойынша деректерді Статистика комитеті қарашада жариялайды екен. Сондықтан, бұл бағыттағы көрсеткішті бағалау әзірше мүмкін емес.
Динамика деңгейі: даму мен ілгерілеу
Былтырғы нәтиже көңіл көншітеді деуге негіз бар. Өйткені, сол жылға жоспарланған бағдарламадағы 10 жобаның сегізі орындалған. Нәтижесінде, дәстүрлі секторлардағы кәсіпорындарды жаңғырту есебінен тиімді базалық индустрияны құруды аяқтау бойынша елдің 7 аймағында қолданыстағы өндірістерді жаңғырту және кеңейтуде жалпы сомасы 68,7 млрд теңгеге жуық 10 жоба жүзеге асырылыпты.
– Ірі салаларға негіз болатын жобаларды жүзеге асыру арқылы индустриялы өркендеудің жаңа нысандарын ашу аясында өңдеу өнеркәсібінің металлургия, мұнай өңдеу, машина жасау, құрылыс индустриясы сияқты негізгі 4 секторында жалпы сомасы 154,9 млрд теңгеге 6 жаңа ірі өндіріс құрылды. Сондай-ақ, ірі жобаларды іске асыру үшін Global-2000 жоспарына енгізілген компаниялар тізімінен 7 инвестор тартылды. Биыл бағдарламада көрсетілген 2 жаңа ірі өндіріс ошағын құруды бастамақпыз, – дейді Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.
Олардың қатарында Павлодар облысында орналасқан «Проммашкомплект» деп аталатын темір жолда қолданылатын доңғалақ өндірісі кешені мен Сыр бойындағы шыны өндіру зауыты алдымен аталады.
Жоғары тиімді индустриялық кәсіпкерліктің қалыптасуына қолайлы жағдай жасау мақсатында еліміздің 13 өңіріндегі 46 кәсіпорынға еңбек өнімділігін арттыру үшін жалпы сомасы 379,9 млн теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілді. Осының нәтижесінде өткен жылы бағдарлама индикаторлары мен көрсеткіштеріне қол жеткізу дәрежесі 84,6 пайызды құраған. Ал индустриялық-инновациялық дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша өңірлер бөлінісінде мынадай динамика байқалады: өңдеу өнеркәсібі өндірісінің нақты өсімі 12 өңірде бар. Үздіктер қатарында 115,8 пайыз көрсеткішпен Ақтөбе облысы, одан сәл төмендеу көрсеткіштегі (115 пайыз) Қызылорда облысы және 110,9 пайыздық өсімге қол жеткізген Маңғыстау облыстары тұр. Ал еңбек өнімділігі барлық өңірлерде байқалады. Ең көп өсім Ақмола (1,9 есеге), Маңғыстау (1,7 есеге), Ақтөбе және Жамбыл (1,6 есеге) облыстарында. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 10 өңірде айта кетерліктей, соның ішінде ең көп өсім Жамбыл (3,8 есеге артқан), Солтүстік Қазақстан (2,9 есе), Алматы (1,2 есе) облыстарында.
Жобалардан пайда зор
Былтырғы нәтижені саралай түссек, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың іс-шаралар жоспарының тармақтарын іске асыру 97,6 пайызға орындалғанын аңғарамыз. Бағдарламадағы бұл бағытта 87 тармақ қарастырылған болса, оның 42 тармағын 2016 жылы іске асыру көзделген екен. Алайда, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншісіндегі 1 тармақ орындалмай қалған.
Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің мәліметінше, жобадағы шараларды іске асыруға мемлекеттік бюджеттен және Ұлттық қордан өткен жылға 183,2 млрд теңге бөлінген. Қаражаттардың игерілуі Ұлттық қор бойынша 100 пайыз болса, мемлекеттік бюджет бойынша 99,5 пайызды құраған.
2016 жылы Индустрияландыру картасы аясында 878 млрд теңгенің 130 жобасы іске қосылды, 10 мыңнан асатын тұрақты жұмыс орны ашылды. Бірнешеуін тілге тиек етсек, Қарағанды облысындағы «Алтай полиметалдар» ЖШС «Көктасжал» кен-байыту комбинаты, Алматы аймағындағы «Bapy Mining» ЖШС қайта балқытылған шойын алатын кен және қайта өңдеу кешені, Маңғыстау өңірінде орналасқан «Казахстан Пайп Тредерс» ЖШС Премиум класының газ-герметикалық оймалы қосылғылар зауыты құрылысы, Батыс Қазақстандағы «Конденсат» АҚ К5 экокласты моторлық жанар-жағармай өндіру кешені және Оңтүстік өңірдегі «KARLSKRONA LC ЖШС жалпы машина жасау және арнайы құймаларды дайындайтын зауыт.
«Іске қосылған жобалардан өткен жылы 2,2 трлн теңгеден асатын өнім өндірілді. Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібі жалпы көлемінің 18,5 пайызы өндірілгенін де атап өту қажет. Сала бойынша сараласақ, металлургияның 22 пайызы Индустрияландыру картасының жобалары есебінен алынды, бұл көрсеткіш құрылыс индустриясында – 33 пайыз, химия өнеркәсібінде – 30 пайыз, фармацевтикада – 38 пайыз. Индустрияландыру саясатын іске асыру бойынша жүргізіліп отырған жұмыстың, сондай-ақ бағдарлама аясында өңдеу салаларын қолдаудың арқасында өңдеу саласындағы дағдарыс пен кен өндіру саласының төмендеуі жағдайында тұрақты өсім байқалып отыр», дейді Инвестициялар және даму министрі.
Тағы бір атап айтарлығы, индустрияландыру бағдарламасы қолға алынғалы бері жалпы құны 4,7 трлн теңге болатын 1028 жоба жасақталып, іске қосылыпты. Осының оң нәтижесінде 97 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Жалпы, мемлекеттік бағдарламаның нәтижелі жүргізіліп, нақты жемісін берген кезең ретінде өткен жылды айта кеткен орынды. Бұл реттегі ауыз толтырып айтуға тұрарлық көрсеткіштерді өңдеу өнеркәсібі саласынан байқауға болады. Мысалға, 2016 жылы Индустрияландыру картасы аясында 878 млрд теңгенің 130 жобасы іске қосылған болатын. Бұл дегеніңіз 10 мыңнан аса тұрақты жұмыс орнының құрылғандығын айғақтайды. Осы іске қосылған жобалар бойынша жыл ішінде жалпы сомасы 2,2 трлн теңгеден асатын өнім өндірілді. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі экспортының көлемі 12,7 млрд АҚШ долларын құрады. Жалпы, экспорттық өнімнің құндық көлемі мемлекеттік бағдарламаның негізі басымдық беріліп отырған 8 бағыты бойынша жоғарылады. Атап айтқанда, кен машина жасау саласында 2,2 есе, автомобиль жасауда 2,1 есе, құрылыс материалдары нарығында 1,4 есеге өсім байқалды.
Осы жерде 2010-2016 жылдары аралығында іске қосылған 1028 жобаның өткен жылдың 1 қазанындағы жұмыс жүктемесі жайында аз сөз айту керек шығар. Әсіресе, бағдарлама бойынша басталған 72 жобаның төменгі жүктемемен жұмыс жасауы немесе уақытша тоқтап қалуына қатысты түсінік берген жөн. Мәселен, аталған 72 жобаның 57 жобасы төменгі жүктемемен жұмыс істесе, 15 жоба тоқтатылуға мәжбүр болды. Мұның негізі себептеріне талдау жасау барысында үш түрлі жағдай анықталып отыр: біріншіден, тапсырыстың, шикізаттың аздығы, екіншіден, ұлттық валюта бағамының тұрақсыздығына байланысты кәсіпорынның тиімсіздігі, үшіншіден, өндірістегі құрал-жабдықтарды жаңғыртуға байланысты кідіріс немесе құқықтық-құжаттық тұрғыдағы шешімін таппаған жағдайлар. Ал осы Индустрияландыру картасы бойынша тоқтап тұрған немесе аз жүктемемен жұмыс істеген 72 жобаның 23 жобасы дәл қазіргі күйі толық қуатында жұмыс істеп тұр. Нарықтағы маусымдық сұранысқа байланысты төменгі жүктемемен жұмыс жасап тұрған нысандар мен уақытша тоқтап қалған жобаларға да жан біте бастайды.
Түйін
Жоғарыдағы дәйектер мен деректерден ел экономикасындағы қайта өңдеу секторының үлесі ұлғайғанын байқау қиын емес. 2016 жылы өңдеу өнеркәсібінің ішкі жалпы өнімдегі үлесі алдыңғы жылмен салыстырғанда 10,7 пайызға, өнеркәсіпте 41,5 пайызға өсіпті. Межеге жеткенше үш жыл бар, осы ілгерілеу мен ілкімді істер қарқынын жоғалтпаса, қарышты қадамың жалғасатынына сенім зор.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»