Аталған керуен 26 мамыр күні Тараздағы «Төрткүл» керуен сарайынан салтанатты түрде аттанады. Астана қаласына дейінгі жол жүру уақыты шамамен 60 күнді құрайды. Ал, керуен тізбегінде 30 түйе, 10 салт атты, 5 арба, 15 автокөлік болады. Сонымен қатар, керуеншілер құрамында қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының және қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен өнерпаздар, қолөнершілер, ат спортының өкілдері болады. Бұл айтулы шараға Ақмола мен Қарағанды облыстарының қатысуы өңіраралық ынтымақтастықты көрсетеді.
– Керуен Тараз қаласынан шығып, Астана қаласына жеткенше әрбір тоқтайтын пункттерде ЭКСПО-2017 көрмесін насихаттауға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылады. Ол жерде киіз үйлер тігіліп, үлкен сахна, шатырлар орнатылады. Қазақ елінің тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрлері көрсетілетін көріністер, ұлттық спорт ойындары, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады, – дейді облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев.
Керуеншілер ЭКСПО-2017 көрмесіне барар жолда «Үшбұлақ» керуен сарайына, Құлан ауылына, сондай-ақ, Меркі, Шу, Мойынқұм аудандарына тоқтап, одан кейін Қарағанды облысының Сарышаған ауылына, Балқаш, Қарағанды қалаларына да аялдайтын болады.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы