Дархан Ыбаш
Жұмысшы мамандықтар жылы • 13 Тамыз, 2025
Кернеулі токтың тілін тапқан маман
Президент қаулысымен биылғы жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланғаны белгілі. Тіршілік үшін таптырмас мамандардың маңдай терін, ерен еңбегін нанымды насихаттауға арналған жылдың жеті айы да артта қалды. Уақыт машинасы оза түскенмен, жұмысшы мамандардың жемісті еңбегі ескеріліп, беделі биіктеп келеді. Жыл құрғақ сөзбен сырғымау үшін жұмысшы мамандардың әлеуметтік әлеуетін әлдендіруге назар аударылып жатыр. Ауыз толтырып айтатын негізгі жаңалық техникалық мамандарды баспанамен қамтуға бағытталған – «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы. Бастама өнеркәсіп, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және су ресурстары салалары қызметкерлерін үйлі етуге үлес қосады. Бұдан бөлек жұмысшы мамандардың мәртебесін белгілеу, салалардағы сындарлы тұсты сараптау, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің реформасын жүзеге асыру сынды жүйелі жұмыстар атаулы жыл аясында атқарылып жатыр. Бастысы қоғам жұмысшы мамандарға қажеттілікті терең түйсініп, тұрмыс тұраламау үшін етіп жүрген еңбегіне құрметпен қарауға бейіл білдіріп келеді.