• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Өнер Кеше

Қалба жоталары – қылқалам ұшында

Шығыстың қай бұрышы болсын, кенепті «керіп» жіберіп, этюд жазуға сұранып-ақ тұр. Сылдырап аққан бұлақ, күркіреп аққан өзен көп. Алтайды айтпағанның өзінде Нарын, Қалба жоталарының сыңсыған орманы, толқыған көлдері қаншама? Бұл жолы қылқалам шеберлерінің таңдауы Ұланның даласына түсті. Қалбаның қожыр-қожыр сілемдері мен бел-белесін кенепке жазды.

Пленэрді облыстық өнер музейінің басшылығы ұйым­дастырды. Мұндай дәс­түрлі жоба жылына екі рет өтеді. Бірі – жаз­дың жайма шуағында бол­са, екіншісі – күздің мизам шуағы. Азды-көпті сурет­шілердің басы қосылатын іс-шараның бірі де осы. Қыл­қалам ұстаған өнер иелері бір-бірімен қауышып, арқа-жарқа болысады. Тіс қақ­қан шеберлер жастарға жол көр­сетіп, бағыттайды. Табиғат аясындағы бұл жолғы пленэр де солай болды.

–  Жыл сайын суретшілерді жинап, табиғат аясына шы­ғып тұру бұрыннан келе жат­қан дәстүріміз. Бұған дейін Шығыстың бірқатар аудандарынан этюд жазғанбыз. Сөйтіп, көрме өткіземіз. Осы өнер сапарына оннан астам кәсіби суретші қатыс­ты, – дейді облыстық өнер музейі директорының орынбасары Есенбол Нақтыбай.

Ұлан ауда­нында өтіп жатқан пленэр­ге Ер­жан Тұрғанбаев, Гүл­нар Бек­бердинова, Мәди Қайыр­хан, Данияр Алда­бергенов, Әділет Ниязбеков сынды танымал қылқалам шеберлері қатысты. Олар өздері таңдаған орындарға жайғасып, әп-сәтте қос-қос­тан этюд жазды.

– Пленэрді суретшілер қауымы ұзақ күтеді. Әрине, әркім өз бетімен шығып, этюд жаза бере де алады. Алай­да бәріміздің басымыз қо­сылып, тәжірибе алмасатын алаң осы. Сондықтан бұдан да жиі ұйымдастырылып тұрса екен, – дейді жас сурет­ші Мәди Қайырхан.

Жиі шықпаса да, ең­бек­тері ескерілсе екен дейміз. Әйт­песе, мәдениет қыз­мет­­кер­­лері күні марапат­­талып жат­қан өнер майтал­манда­ры­­ның ішінен бірде-бір сурет­­шіні көрмеген едік. Алдағы уақыттарда бұл олқы­лықтың орны тола­тын шы­ғар. Айтқандай, жұ­мыс­тардың нәтиже­сін өнер му­зейі ұйымдасты­ратын көрме­лердің бірінен тамаша­лай аламыз.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Ұлан ауданы

Соңғы жаңалықтар