Арақарағай орман шаруашылығының аумағында «Өрт-2026» республикалық оқу-жаттығуы өтті. Іс-шарада өрт қаупі кезеңіне дайындық барысы пысықталып, азаматтық қорғаныс күштерінің төтенше жағдайдың алдын алу, өрт сөндіру кезінде өзара іс-қимыл тәжірибесі тексерілді.
Іс-шараға өңірлік орман және табиғатты қорғау мекемелері, азаматтық қорғаныс қызметтері, құқық қорғау органдары, әскерилер, аумақтық қорғаныс күштері, Ақмола, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл өңірлерінің, Ресейдің Омбы, Қорған, Түмен облыстарының, Қырғызстанның төтенше жағдай мамандары қатысты.
Екікүндік оқу-жаттығудың алғашқы кезеңінде азаматтық қорғаныс қызметтерінің өзара әрекеті, жедел ақпарат алмасу, шұғыл тапсырмаларды орындау машығы пысықталды. Оқу-жаттығудың шартына сәйкес, Алтынсарин ауданының Қызыл Кордон ауылы маңындағы орман алқабында өрт шығып, күшті жел, аптап ыстықтың әсерінен тілсіз жау өршіп кетіп, көршілес өңірлерге қауіп төндірді. Шартты төтенше жағдай аймағына азаматтық қорғаныс күштері мен техника құралдары шұғыл жетіп, орманға жақын маңға республикалық жедел штаб орналасты. Бірлескен құтқару күші өрт ошақтарын оқшаулап, елді мекендер мен экономикалық маңызы бар нысандарға төнген қауіптің жолын кесті. Орталық штабтың нұсқауымен тұрғындарды, халықтың қолындағы төрт түлікті эвакуациялау, газ, электр көздерін ажырату, Ресейдің шекаралас өңірлері мен көршілес елді мекендерге өрт туралы жедел ақпарат жіберу тәртібін пысықтады.
Оқу-жаттығуға 300-ге жуық құтқарушы қатысып, 77 арнайы техника, он шақты пилотсыз ұшу аппараты, 5 әуе кемесі, 1 өрт сөндіргіш пойыз сынақтан өтті. Мамандар табиғи өртке қарсы әуе кемелерін пайдаланудың тиімді екенін айтады. Соның дәлеліндей, бір мезетте көкке көтерілген бес бірдей тікұшақ өрт ошағына алма-кезек су бүркіп, лаулаған өртті демде сөндірді.
Іс-шараға Төтенше жағдай министрінің орынбасары, генерал-майор Кәмал Ғалымұлы, облыс әкімі, Экология вице-министрі, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың басшылары қатысты.
– Тікұшақтар өзеннен су алып, әуеден өрт сөндіру жұмыстарын біз күткендей атқарып шықты. Түрлі мақсаттағы арнайы техникалардың қатарында байланыс көліктері, медицина қызметінің техникалары, өрт сөндіру автоцистерналары бар. Бүгінгі жаттығу арнайы техниканың мүмкіндігі артқанын, құтқарушылардың өзара бірлескен іс-әрекетінің жүйелі жолға қойылғанын көрсетіп берді, – деді ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев.
Іс-шараның тәжірибелік бөлімінен соң жедел штаб оқу-жаттығуды қорытындылады. Жиынға Төтенше жағдай вице-министрі, генерал-майор Рамиль Камалов, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов қатысты. Р.Камалов мұндай ауқымды оқу-жаттығу осымен үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырғанын айтты. Абай, Қостанай облыстарында болған алапат орман өртінен кейін орталық мемлекеттік органдар, Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен ТЖ министрлігі табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу, табиғи қауіпке қарсы жедел әрекет ету жүйесін жетілдіру бағытындағы ауқымды жұмыстарды қолға алған.
– Табиғи орман өрттеріне қарсы әрекет етудің жеті кезеңнен тұратын бірлескен алгоритмі енгізілді. Ол күнделікті дайындық режімінен бастап, трансшекаралық аумақтарға таралу қаупі бар ірі орман өрттеріне дейінгі барлық жағдайларды қамтиды. Алгоритм Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасына, орталық мемлекеттік органдарға таныстырылды. Оқу-жаттығулардың басты мақсаты – ақпарат алмасудың жеделдігін қамтамасыз ету, табиғи өрттердің бастапқы кезеңінде дер кезінде әрекет ету, өрттің ауқымды сипат алуы-на жол бермеу. Әсіресе қылқан жапырақты орман алқаптарындағы өрттердің алдын алу, оларды қысқа мерзімде оқшаулап, жою – негізгі міндеттің бірі. Қазірде өрт сөндіру техникаларының шамамен 90 пайызы жаңартылды. Тракторлар мен минералданған жолақтар жасауға арналған арнайы жабдықтар сатып алынды. Орман шаруашылықтары заманауи дрондармен жабдықталып жатыр. Ірі өрттерден кейін қабылданған кешенді жоспар аясында мұндай материалдық-техникалық жарақтандыру жұмысы жүйелі түрде жүргізіле бастады, – деді Р.Камалов.
Кейінгі жылдары Төтенше жағдай министрлігінің техникалық әлеуеті едәуір артқан. Бүгінде министрлік қарамағында 40-қа жуық әуе техникасы бар. Экология және табиғи ресурстар министрлігімен жасалған келісім аясында 15 әуе кемесі әуеден патрульдеуге, өрт ошақтарын жедел жоюға пайдаланылады. Авиациялық техника өңірлердегі қылқан жапырақты орман алқаптарын толық қамтитындай етіп орналастырылған.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңірде 2022 жылы орын алған ірі орман өртінен кейін материалдық-техникалық базаны нығайту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылғанын тілге тиек етті.
– Атап айтқанда, 51 өрт сөндіру автокөлігі, 86 трактор, 36 шағын орман өртін сөндіру кешені, 26 патрульдік автокөлік, 16 тіркемелі жабдық, екі тіркемелі өртке қарсы жабдық сатып алынды. Бұл мақсаттарға жалпы көлемі 6,8 млрд теңге қаржы жұмсалды. Облыс әкімдігі орман мекемелерін заманауи арнайы техникамен, байланыс құралдарымен қамтамасыз ету жұмысын алдағы уақытта да жалғастырады. Өңірде жүйелі түрде өтіп тұратын оқу-жаттығулар ауылдық жерлердегі өрт сөндіру қызметтерінің қуаты артқанын көрсетіп отыр. Биыл «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында облыста 18 жаңа өрт сөндіру бекеті ашылады. 12 бекетті жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Нәтижесінде, облыстың 34 мыңнан астам тұрғыны бар 75 елді мекені өртке қарсы қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз етіледі. Облыс әкімдігі ауылдық жерлерде өртке қарсы еріктілер күшін қолдауды жалғастыра береді. Оқу-жаттығулар барысында барлық мемлекеттік органдардың жеке құрамы жоғары кәсібилік, ұйымшылдық танытты. Орманның, азаматтарымыздың қауіпсіздігі – әрқайсымыздың қырағылығымыз бен жедел әрекетімізге байланысты, – деді өңір басшысы.
Іс-шараның Арақарағай орман алқабында өтуі де кездейсоқ емес. Қостанай облысы ерекше бақылауды, төтенше жағдайға қарсы жоғары дайындықты қажет ететін орманға бай өңірдің бірі. Ал оқу-жаттығулар қауіпті ерте анықтау жүйесінің тиімділігін бағалауға, ғарыштық мониторингімен орман алқаптарын қатаң бақылауға алуға, сондай-ақ табиғи өрт ошақтарын жедел жоюға мүмкіндік береді.
Қостанай облысы