Абай облысында полиция қызметкерлері жоғалып кеткен әйелді іздеп тауып, туыстарына аман-есен тапсырды. Іздеу жұмыстары шамамен 18 сағатқа созылды, деп хабарлайды Egemen.kz
17 маусым күні сағат 00:36-да «102» арнасына Курчатов қаласының 46 жастағы тұрғынының жоғалып кеткені туралы хабарлама түсті. Алдын ала мәлімет бойынша әйел үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған.
Хабарлама түскен бойда полиция қызметкерлері төтенше жағдайлар қызметінің мамандарымен бірлесіп, іздеу жұмыстарына бірден кірісті. Іздеу барысында қала көшелері, аулалар, қараусыз қалған ғимараттар мен қала маңындағы аумақтар мұқият тексерілді.
Жамбыл облысында суға батып бара жатқан азамат құтқарылды
17 сағат 46 минуттан кейін Курчатов қаласының учаскелік полиция инспекторлары Ержан Исайынов пен Заңғар Асқарұлы әйелді қаладан шамамен 25 шақырым жердегі өзен жағасынан тапты.
Әйел жетуі қиын батпақты аумақта, қалың шөп арасында жатқан. Ол қатты қорқып, дәрменсіз күйде болған. Әйелге жету үшін полицейлердің бірі батпақты жалаңаяқ жүріп өтті.
Семейдегі аспалы көпірден құлаған ер адам құтқарылды
Тәртіп сақшылары әйелді қауіпсіз жерге шығарып, «Қорықпаңыз, сіз енді қауіпсіз жердесіз» деп қорқынышын басып, қажетті көмек көрсетті. Кейін ол туыстарына аман-есен тапсырылды.
Жақындарының айтуынша, олар әйелдің тағдырына алаңдап, бойларын үрей басқан. Полицейлердің жедел әрекеті, кәсібилігі мен табандылығының арқасында іздеу жұмыстары сәтті аяқталды.