Мәжіліс депутаты Болатбек Нәжметдинұлы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа депутаттық сауал жолдап, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі мен басқа да республикалық маңызы бар жолдардағы жылдамдық режимдерін қайта қарауды ұсынды. Оның айтуынша, қауіпсіздік талаптарына толық сай келетін кейбір учаскелерде жылдамдықтың негізсіз төмендетілуі жүргізушілер арасында наразылық туғызып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Депутаттың айтуынша, еліміздегі ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі саналатын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бастапқыда қозғалыс қауіпсіздігін арттыру, көлік ағынын жеделдету және транзиттік әлеуетті күшейту мақсатында салынған. Осыған байланысты жол бойында қарсы бағыттар толық бөлініп, қоршаулар орнатылып, көпдеңгейлі жолайрықтар мен заманауи қауіпсіздік инфрақұрылымы жасақталған.
Ақылы жолдарда жүргізушілердің ұйықтап кетуінің алдын алу үшін лазерлер қойылады
Соған қарамастан, қазіргі уақытта жүргізушілерден төрт жолақты, толық қоршалған және халықаралық талаптарға сай салынған магистральдарда жылдамдықтың кей жерлерде 60 км/сағатқа дейін төмендетілуіне қатысты көптеген шағым түсіп жатыр.
«Егер мұндай учаскелерде жаяу жүргіншілердің жолға шығу мүмкіндігі болмаса, қарсы бағыттағы көлік ағындары толық бөлінген болса және қауіпсіздікке қатысты барлық инженерлік шешімдер іске асырылған болса, онда мұндай шектеулердің қажеттілігі неде?» дейді депутат.
Оның пікірінше, кейбір жол бөліктерінде қауіпсіздік мақсатымен енгізілген шектеулер полицияның бақылауымен қатар жүргізушілердің жиі айыппұл алуына себеп болып отыр. Соның салдарынан көлік жүргізушілері жол қауіпсіздігіне емес, айыппұлдан құтылуға көбірек алаңдайтын жағдай қалыптасқан.
Елдегі ақылы жолдарда төлем мерзімдері өзгерді: Жүргізушілер нені ескеруі керек?
Сондай-ақ депутат республикалық жолдардың бірдей санатына қарамастан өңірлерде әртүрлі жылдамдық режимдері қолданылатынына назар аударды. Оның айтуынша, кейбір облыстарда ұқсас техникалық сипаттағы жолдарда рұқсат етілген жылдамдық 120-140 км/сағатқа дейін жетсе, Түркістан мен Шымкент бағытындағы жолдарда шектеулер әлдеқайда төмен деңгейде сақталған.
Осыған байланысты Болатбек Нәжмеддинұлы Үкіметтен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі мен басқа да республикалық трассалардағы жылдамдық режимдеріне кешенді талдау жүргізуді, қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілген учаскелерде рұқсат етілген жылдамдықты кезең-кезеңімен арттыру мүмкіндігін қарастыруды сұрады.
Ақылы жол: Тариф өсті, сапа қайда?
Бұдан бөлек, депутат елді мекендер маңындағы, бірақ жаяу жүргіншілер қозғалысы жоқ және барлық қауіпсіздік талаптары сақталған жол бөліктерінде 60 км/сағаттық шектеудің қаншалықты негізді екенін зерделеуді, сондай-ақ республикалық маңызы бар жолдарда жылдамдық режимдерін белгілеудің бірыңғай критерийлерін қайта қарап, олардың өңірлер бойынша әртүрлі қолданылу себептерін түсіндіруді ұсынды.