Абай облысының Көкпекті ауданындағы Ажа ауылында соңғы жылдары бірқатар әлеуметтік нысан бой көтерді. Бұл жобалардың жүзеге асуына кәсіпкер Қайрат Кенжебаев ұйытқы болғанғ деп хабарлайды Egemen.kz
Ажа ауылында дүниеге келген Қайрат Кенжебаев жас кезінде отбасымен бірге қалаға көшкенімен, туған жерімен байланысын ешқашан үзбеген. Кейін кәсібін дөңгелетіп, туған ауылын дамытуға үлес қосуды мақсат еткен.
Кәсіпкердің бастамасымен ауылда мәдениет үйі, мешіт және жаңа спорт кешені салынды. Сондай-ақ балалар ойын алаңы мен футбол алаңы жабдықталған. Ал келесі жылы ауылда балабақша салу жоспарланып отыр.
«Мен өзімді аса бай адаммын деп айта алмаймын. Мәселе қаржыда емес, ниетте. Осындай ықыласпен кез келген адам пайдалы іс атқара алады. Біздің ауылда қазір көптеген қандастар тұрады. Олар Қытайдан тарихи отанына оралғанына шын қуанады. Ал туған жерінен көшіп кеткендердің өкініш білдіретінін жиі естимін», дейді кәсіпкер Қайрат Кенжебаев.
Өткен жылы кәсіпкер аумағы 400 шаршы метр болатын спорт кешенінің құрылысын бастаған. Бүгінде мұнда ауыл жастары баскетбол, волейбол, футбол ойнап, қазақ күресімен айналысады.
Жергілікті жаттықтырушылардың айтуынша, жаңа спорт зал жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырған. Ал тұрғындар ауылда бірлік пен ынтымақтың нығайып, жастардың елді мекеннің дамуына белсенді араласып жатқанын айтады.
Қайрат Кенжебаев пен ауылдың жас түлектері жыл сайын жаңа әлеуметтік жобаны іске қосуды дәстүрге айналдырған. Келесі мақсат ауыл тұрғындарына арналған тұрғын үйлер салу.
«Егер әр адам өзінің туған жеріне осылай қолдау көрсетсе, аудандарымыз әлдеқайда жылдам дамитын еді. Өз тарапымыздан кәсіпкерлерге жер телімдерін бөлуде, инфрақұрылым тарту және жарықтандыру мәселелерінде қолдау көрсетіп келеміз», дейді Көкпекті ауданының әкімі Нұрбек Қошқарбаев.
Ажа ауылында жүзеге асып жатқан жобалар туған жерге деген жанашырлықтың нақты көрінісіне айналып отыр. Белсенді азаматтардың қолдауының арқасында ауыл тұрғындарының өмір сапасы жақсарып, елді мекеннің келешегіне деген сенім нығайып отыр.