«Қазгидромет» еліміздің басым бөлігінде ауа райының қолайсыздығына байланысты ескерту жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Синоптиктердің мәліметінше, Астанада жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді.
Алматы қаласында жоғары өрт қаупі сақталады. Ал Алматы облысында күндіз ауа температурасы +35…+37 градусқа дейін көтеріліп, өңірдің бірқатар аумағында төтенше өрт қаупі күтіледі. Қонаев қаласында да аптап ыстық болжанып отыр.
Шымкент пен Түркістан облысында жаңбыр мен найзағай күтіледі. Қызылорда облысында өрт қаупінің деңгейі өте жоғары болмақ.
Жамбыл облысында күндіз ауа температурасы +39 градусқа дейін көтеріліп, республикадағы ең жоғары көрсеткіш тіркеледі. Сонымен қатар Абай, Жетісу, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында +35…+38 градус аралығында қатты ыстық болады.
Ақмола, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Абай, Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарында жаңбыр, найзағай мен бұршақ күтіледі. Кейбір өңірлерде желдің екпіні 20-28 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін.
Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстарында құбылмалы ауа райы сақталады.
Синоптиктер тұрғындарды ауа райының күрт өзгеруіне байланысты сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады.
Еске сала кетейік, «Қазгидромет» ұсынған болжамға сәйкес, маусым және тамыз айлары әдеттегіден ыстық болады. Қазақстан аумағында ауа температурасы климаттық нормадан 1-2 градусқа жоғары болуы мүмкін.