• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 07:35

Қанатқақты жобаларды пысықтады

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин канадалық TELUS Agriculture компаниясының басшылығымен кездесті. Тараптар еліміздің агроөнеркәсіп кешенін (АӨК) цифрландыруға халықаралық ЖИ көшбасшыларын тарту, өнімділікті арттыру үшін жасанды интеллект енгізу, сондай-ақ секторды цифрлық трансформациялаудың жол картасын бірлесіп әзірлеу мәселесін талқылады.

Канада тарапы data-centric (деректерге бағдарлану) моделі бойынша дамып, үш негізгі вертикальға бөлінген өзінің цифрлық экожүйесінің құрылымын ұсынды, олар – өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы және тұтыну тауарлары. Компанияның бағдарламалық жасақтамасы мен жасанды интеллектіге негізделген шешімдері бүгінде әлемнің 60 елінде шамамен 101 млн гектар егістік алқабын қамтиды және агрономдар мен әлемдегі ең ірі азық-түлік брендтеріне технологиялық қолдау көрсетеді.

Келіссөздер барысында Серік Жұманғарин отандық АӨК алдында дәстүрлі экстенсивті әдістерден заманауи қарқынды технологияға көшудің стратегиялық міндеті тұрғанын атап өтті.

«Бүгінде ішкі нарықта және іргелес мемлекеттердің нарығында ет пен мал шаруашылығы өніміне сұраныс қарқынды өсіп отыр. Бұл жағдайда біз өндіріс көлемі мен тиімділігін сапалы түрде арттыруымыз керек. Біздің миссиямыз – Қазақстанға жетекші халықаралық технологиялық чемпиондарды тарту және олардың тәжірибесін тікелей өндірісте тоғыстыру», деді С.Жұманғарин.

Канадалық инвесторлар Ақмола облысы мен Канаданың Альберта провин­циясының климаттық жағдайының ұқсастығын атап өтіп, бұл сынақтан өткен цифрлық хаттамаларды тиімді түрде бейімдеуге мүмкіндік беретініне назар аударды. TELUS Agriculture басшылығы Ақмола облысында топырақтың құнарлылығын бақылау, өсімдіктерді қорғау және дақылдарды дәл іріктеу үшін ЖИ және мамандандырылған бағдарламалық қанатқақты жобаны іске қосуға дайын екендігін білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп Ақмола облысындағы қанатқақты жобаны егжей-тегжейлі пысықтау туралы уағдаласты.

Соңғы жаңалықтар