• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 12:25

Қаһарманды кімдер тасада қалдырды?

30 рет
көрсетілді

Жұрт Жеңіс күнін жабыла тойлап жүргенде, даңқты батыр Бауыржан Момышұлы тұрған үйдің қабырғасындағы ескерткіш тақтаның аянышты халге түсуі тарихқа құрметпен қарайтын азаматтарды ашындырған еді. Тұрғын үй қабырғасына ілінген мемориалды тақта бірінші қабатта орналасқан коммерциялық нысанның тасасында елеусіз қалған. Дүкеннің қосалқы шатыры қалқалап қалған батыр бейнесі ұмыт бола бастаған ба?

Алматының орталығындағы Қонаев пен Гоголь көше­лерінің түйісер тұсында орналасқан бес қабатты үйде қол­басшы өмірінің кейінгі үш жылын (1979–1982) өткерген. Қаланың қақ ортасындағы келеңсіздікті дер ке­зінде байқаған «Caravan.kz» медиа пор­талындағы әріптесіміз Сая Манарбек­қызының бейнематериалынан кейін, мәселе желіде қызу талқыға түсті.

«Бауыржан Момышұлының ескерткіш тақтасын іздеп көрсетіл­ген мекенжайға бардық. Қазір бұл үйдің сыртқы келбеті танымастай өзгерген. Бірінші қабаты толықтай коммерциялық нысандармен жабылып қалған. Әрі іздеп, бері іздеп суреттегі ескерткішті таба алмадық. Тіпті мекенжай дұрыс емес пе деген күмән пайда болды. Тек көшенің арғы бетіндегі қоршауға мініп, алыс­тан камераның үлкейткіші арқылы қараған кезде тақтаның кішкен­тай бір бөлігі көзге түсті. Сол сәтте тақтаның ешқайда көшірілмегені, дәл бұрынғы орнында қалғаны белгілі болды. Яғни коммерциялық құры­лыс жүргізілген кезде мемориалдық тақтаны ашық, көрінетін жерге ауыс-тыру мәселесі мүлде ескерілмеген. Тақтайша жаңадан қосылған құрылыс нысандарының артында қанша уақыт­тан бері халыққа қолжетімсіз жерде қалып келген», деп мәселе көтереді журналист.

Артынша шаһардың мәдениет басқармасы жағдайға түсініктеме беріп, ескерткіш тақта тұрғын үйдің көрнекі тұсына қайта ілінгенін хабарлады. Мәлім болғандай, ол үй­дің аулаға қарайтын бетіне, яғни тұр­­ғындар мен қала қонақтарына көрі­нетін қабырғаға қайта орнатылған.

Бұл мәселеге қатысты сол үйдің тұрғындары да бейжай қалмағанын айта кеткен жөн. Олардың айтуынша, мемориалдық тақтаның тасада қалып қойғанын алғаш байқаған күннен бастап бірнеше мәрте нысан иелеріне ескерту жасалған. Алайда кәсіпкерлік нысан өкілдері бұл мәселені ұзақ уақыт бойы назардан тыс қалдырыпты.

Расында, қала келбетін жаңғырту, кәсіпкерлікті дамыту – заман талабы. Бірақ осы үдерісте ұлттық жады мен тарихи мұраның көлеңкеде қалмауы басты қағиданың бірі болуы керек. Әсіресе ел үшін жанын қиған, ұлт рухын көтерген тұлғаларға қатысты кез келген белгі тұтас бір дәуірдің, ерліктің, елдік рухтың айғағы екенін ұмытпауға тиіспіз.

Осы орайда қала билігіне де жүк­телер жауапкершілік аз емес. Мұндай жағдайлар бір реттік әрекет­пен емес, жүйелі бақылаумен шешімін тапса игі. Қаланың әр бұрышындағы тарихи нысандардың жай-күйі үнемі қадағалауда болып, кез келген құрылыс немесе қайта жаңғырту жұмыстары кезінде олардың лайықты сақталуы басты назарда ұсталуы қажет. Бұл –  мәдениет басқармасының ғана емес, жалпы қала әкімдігінің ортақ міндеті.

Осындайда бизнес өкілдері де әлеуметтік жауапкершілікті жіті сезінсе дейсің. Қала кеңістігін игеруде табыс көзімен қатар, сол жердің тарихи-мәдени маңызын да ескерген жөн. Бұл ойымызды Алматының көзіқарақты тұрғындары да қуаттайды.

«Кәсіпкерлік пен руханият бір-біріне кереғар ұғымдар емес. Олар үйлесім тапқанда ғана қала шынайы келбетін сақтай алады. Әрбір құрылыс, әрбір өзгеріс мұқият зерделеніп, сараланып барып жүзеге асырылса игі. Себебі бір қарағанда ұсақ көрінген немқұрайдылықтың өзі ұлт жадындағы үлкен олқылыққа айналуы әбден мүмкін», дейді қала тұрғыны Венера Қалдыбаева.

Сөз соңында айта кетерлігі, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы­ның Алматы қаласымен байланысы ай­рықша. Ол өмірінің соңғы кезең­де­рін осы шаһарда өткізіп, шығар­ма­шы­­лықпен айналысты. Батыр тұрған үй­лердің бірнешеуі бүгінде тарихи нысан ретінде белгілі. Сонымен қа­тар қалада оның есімімен аталатын кө­шелер бар, ескерткіштері орна­тыл­ған. Соның ішінде батырдың еңселі ес­керткіші – қала тұрғындары мен қо­нақ­тары тағ­зым ететін қасиетті орын­­дардың бірі. Ұлттың ірі тұлғасы­на көр­­сетілген құр­мет өткенімізге, та­ри­­хымызға деген құр­мет екенін ұмыт­пайық.

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар