• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 11:07

Қолыңмен ұстап, жүрекпен сезін: Кенен ата мұрасы ерекше жандарға қолжетімді болды

40 рет
көрсетілді

Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының ұйымдастыруымен Қордай және Шу аудандарында «Тифломузей» жобасы аясында танымдық толықтыру шаралары ұйымдастырылды. «Жарық жүректе – нұрлы әлем» тақырыбында өткен іс-шаралар тарихи-мәдени мұраны ерекше қажеттілігі бар жандарға қолжетімді етуді мақсат етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бұл жоба жәдігерлерді тек көру ғана емес, оларды қолмен ұстап сезіну және заманауи технологиялар арқылы танудың жаңа мүмкіндіктерін ашты.

Қордай ауданындағы Кенен Әзірбаев атындағы әдеби-мемориалдық музейі базасында өткен шара «Қолыңмен ұстап, жүрекпен сезін!» танымдық бұрышын толықтыра түсті. Әйгілі халық ақыны, жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Кенен Әзірбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылды. Зағип оқырмандар Кенен атаның тұрмыста пайдаланған жеке заттары мен киімдерін қолдарымен ұстап танысты. Көру қабілеті төмен азаматтар үшін 26 жәдігерге арнайы QR-кодтар орнатылды. Смартфон көмегімен жәдігерлер туралы толық ақпарат алу тетігі мазмұндық тұрғыдан жетілдірілді.

Шу аудандық тарихи-өлкетану музейі мен арнайы кітапхана бірлесіп, «Жанарсыз да жарық әлем» атты шара ұйымдастырды. «Тифломузей» жобасы аясында мұнда 20 QR-код орнатылып, келушілерге тарихи экспонаттардың мазмұны цифрлық форматта қолжетімді болды. Керосин шамы, шоқ үтік, күбі, қобыз, пионер барабаны, рубель мен жүген секілді ұлттық құндылығы жоғары бұйымдардың тарихы жан-жақты таныстырылды.

Екі шараның да басты мүддесі – ерекше қажеттілігі бар азаматтардың музей экспозицияларына еркін қол жеткізуіне жағдай жасау және есту, сезіну арқылы танымдық көкжиегін кеңейту. Шара аясында кітапхана қорына жаңадан келіп түскен әдебиеттерден «Кітап – тарих айнасы, шежіре – ұрпақ мұрасы» атты кітап көрмесі жасалып, библиографиялық шолу ұсынылды.

Жиын соңында кітапхана оқырмандары мен музей қонақтары алған әсерлерімен бөлісіп, мәдениетті цифрландыру мен инклюзивті орта қалыптастыруға үлес қосып жүрген ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді. 

Соңғы жаңалықтар