Қазіргі таңда елімізде тұрғын үйге кезекте тұрған азаматтарды есепке алудың бірыңғай әрі ашық жүйесі құрылып жатқаны аян, деп жазады Egemen.kz.
Биыл Отбасы банк («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) ұлттық даму институты мәртебесіне ие болғандықтан, тұрғын үй кезегін орталықтандырылған жүйеге көшіре бастағаны белгілі. Бұған дейін кезекте тұрған азаматтардың есебін әкімдіктер жүргізіп келген еді. Оның үстіне жетім балалардан бастап әскери қызметшілерге дейін әртүрлі санат бойынша бірнеше, шашыраңқы тізімдер болды.
Ендігі жерде халықты баспанамен қамтамасыз етуге бірінші кезекте жауапты оператор осы бытыраңқы тізімдердің барлығын «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» атты бірыңғай ақпараттық жүйеге біріктіріп жатыр. Ал мұның артықшылығы неде десек, ол деректердің қайталанылуына жол бермейді. Бұл жүйе тұрғын үй кезегіне тұруға үмітті адамның үйі бар-жоғын автоматты түрде тексеруге, адамдарды араластырмай, кезекті қолмен басқаруды барынша азайтуға мүмкіндік береді.
Жоғарыда атап өткендей, кезекте тұрғандардың тізімі Отбасы банк қарамағына өткеннен кейін, тізімді түгендеу басталды. Бұл – кезекте тұрған азаматтар туралы мәліметтерді тексеру мен нақтылау рәсімі. Яғни, кезекке тұрған адамның қазіргі мәртебесі, отбасы құрамы, санаты, тұрғын үйінің бар-жоғы анықталады.
«Отбасы банк»: 600 мыңға жуық адам мемлекеттік сыйақы алды
Қазірге 408 565 азамат инвентаризациядан өтсе, тағы 49 011 адамның деректері тексеру сатысында тұр.Мұнан бөлек 74 005 азаматтың кезегі барлық мән-жай анықталғанға дейін уақытша тоқтатылып, 16 537 азамат тұрғын үй кезегінен шығарылды. Сонымен қатар, 75 456 адамға кезекке қоюдан бас тартылды.
Кезекке қоюға бас тартудың ең басты себептеріне тоқталатын болсақ, кезекте тұрған адамның немесе оның отбасы мүшелерінің атында үйінің болуы, отбасы мүшелерінің бірінің тұрғын үй кезегінде тіркелуі.
«Отбасы банк» ипотеканы зейнетақы қаражатымен өтеуге өтінім қабылдауды қайта бастады
Өткен жылдан бастап елімізде халықтың тұрғын үй мәселесін шешу мүмкіндіктері едәуір кеңейді. Бұл әсіресе, жастар мен бұрын жеңілдетілген санаттарға кірмеген азаматтар үшін өзекті болып отыр. Мемлекет ешқандай санатқа ілікпей қалған отандастарымыздың сұранысын ескере келе, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға өзгерістер енгізді. Енді соңғы 5 жыл ішінде меншігінде баспанасы болмаған барлық кәмелетке толған отандастарымыз, сондай-ақ жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған азаматтар тұрғын үй кезегіне тұра алады.
Тұрғын үй кезегіне Отбасы банк порталы – orken.otbasybank.kz арқылы тіркелуге болады. Бұл мүмкіндік іске қосылған алғашқы айда сұраныстың күрт өсуі байқалды. Мысалы, 2025 жылдың мамыр айының бірнеше күнінде ғана 176 664 адам кезекке тұрған. Ал келесі айда бұл көрсеткіш екі есе азайып, 81 317 адам болды.
Кейінгі айларда өтініштер саны тұрақтана бастады. Мысалы, 2025 жылдың желтоқсан айында жаңа кезекке тұрғандар саны 11 502 адам болды.
Жалпы, жаңа жүйе іске қосылғаннан бері 407 479 азамат тұрғын үй кезегіне тіркелді. Бастапқы жоғары сұраныс бұрын есепке алынбаған қажеттілікпен байланысты болды. Қазіргі таңда кезек басқарылатын әрі болжамды жүйеге көшіп жатыр.
Осылайша, банк бір жылға жетпейтін уақыт ішінде тұрғын үйге деген нақты әрі толық сұраныс көлемін қалыптастырды.Қазіргі таңда тұрғын үй кезегінде 968 640 қазақстандық тұр. Оның шамамен 30%-ы немесе 306 632 адам тұрғын үй алуға бірінші кезектегі құқыққа ие. Бұл – тұрғын үй мәселесін өз бетінше шешуі қиын азаматтар санаты, сондықтан мемлекеттік қолдау шаралары дәл осы топқа бағытталған.
2025 жылдың қазан айынан бастап жергілікті әкімдіктер Отбасы банк балансына 21 255 пәтер тапсырды. Оның ішінде 6 670 пәтер кезекте тұрған азаматтарға жалға берілді. Ал 2 343 пәтер 2% және 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие арқылы сатып алу үшін рәсімделу үстінде.
Егер пәтер бөлу екі негізгі қағида бойынша жүзеге асырылатын болса, кезекке тұрған күні мен азаматтардың санатының басымдығы ескеріледі.
Бұл тәсіл өз тиімділігін көрсетіп отыр. Мысалы, банк қолдауымен 1996 жылдан бері «жетім балалар» санаты бойынша кезекте тұрған азамат баспаналы болды. Сондай-ақ 2005 жылдан бері (яғни 20 жылдан астам) күткен азаматтар да үй алды. Олардың қатарында мүгедектігі бар адамдар, көпбалалы және толық емес отбасылар, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар бар.
Алғаш рет «жесірлер» санаты бойынша кезекте тұрған 370 адам тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Бұл санат өткен жылы ғана енгізілді. Бұған дейін жесірлер «толық емес отбасылар» санатына болғандықтан, кезек ұзаққа созылатын. Енді өзгерістердің арқасында қолдау нақты әрі уақытылы көрсетілуде.
«Жетім балалар» санатындағы азаматтар да барынша баспаналы болып жатыр десек, мұны 986 адамның қоныс тойымен айғақтауға болады. Бұл санат үшін заң жүзінде арнайы квота қарастырылған, яғни бөлінетін тұрғын үйдің кемінде 20%-ы жетім балалардың еншісінде. Бұл кезектің жылжуын жеделдетіп, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған азаматтарға қолдау көрсетуге септесіп отыр.
Сонымен соңғы жарты жылда 1 077 мүгедектігі бар адам, 1 242 көпбалалы отбасы, 1 580 толық емес отбасы, 1 056 мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасы баспаналы болды.