Үкімет ЮНЕСКО және ИСЕСКО аясында мәдени мұраны сақтау мен ілгерілетудің 2026-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Бұл құжат ұлттық құндылықтарды сақтау ісін жүйелеп қана қоймай, оны халықаралық деңгейде кеңінен танытуға бағытталған маңызды бастама ретінде бағаланып отыр.
Жоспарда тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау, материалдық емес мәдени мұраны қолдау, мамандар даярлау, сондай-ақ еліміздің осы саладағы халықаралық бағдарламалар мен бастамаларға қатысуын кеңейту туралы нақты шаралар көзделген. Негізгі міндеттердің қатарында дүниежүзілік мұра нысандарын қорғау сапасын арттыру, ұлттық мәдени құндылықтарды халықаралық деңгейде ілгерілету, сараптамалық және білім беру базасын дамыту, сондай-ақ мәдени мұраны сақтау ісіне қоғамды кеңінен тарту мәселелері қамтылған.
Кешенді жоспар үш негізгі бағытты қамтиды. Біріншісі – материалдық мәдени мұра нысандарын сақтау мен насихаттау. Бұл бағыт аясында халықаралық маңызы бар ескерткіштердің жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізу, еліміздегі ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра нысандарын басқарудағы әдістемелік құрал әзірлеу, сондай-ақ мәдени мұра объектілерінің алдын ала тізімін кеңейту арқылы оларды халықаралық деңгейде ілгерілету көзделіп отыр.
Екінші бағыт – қазақ халқының материалдық емес мәдени мұрасын дамыту мен қолдау. Бұл ретте жойылып кету қаупі бар ұлттық құндылықтарға ерекше назар аударылған. Атап айтқанда, қазақтың киіз үйін дайындау, безендіру дәстүрі, кілем тоқу өнері, сондай-ақ еліміздің бірқатар өңірінде сақталған терме эпикалық жанры қорғауға алынатын негізгі элементтердің қатарында.
Үшінші бағыт – ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасын ілгерілету. Бұл бастама тарихи жадыны сақтауға және құжаттық мұраларды жүйелі түрде қорғауға бағытталған. Жоспарда халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға да ерекше мән берілген. Атап айтқанда, «Жібек жолы: Каспий – Еділ дәлізі» номинациясын дайындау бойынша ведомствоаралық және сараптамалық консультациялар өткізу жоспарланған. Сонымен қатар көпұлтты «Алпамыс батыр» эпосын ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізу мақсатында Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан және Түрікменстанмен бірлескен жұмыс жалғасады.
Тағы бір маңызды бағыт – Қазақстанның ИККРОМ, яғни, мәдени құндылықтарды сақтау мен қалпына келтіру мәселелерін зерттейтін халықаралық орталыққа кіруге дайындық. Бұл қадам кәсіби ынтымақтастықты кеңейтіп, мәдени мұра нысандарын сақтау мен қалпына келтіруде заманауи тәсілдерді қолдануға мүмкіндік береді.
Кешенді жоспардың маңызды бөлігі кадр даярлауға арналған. ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраны қорғау конвенциясын жүзеге асыру аясында жыл сайын кемінде 30 сарапшы арнайы оқытудан өтеді. Сонымен қатар халықаралық білім корпорациясының бакалавриат және магистратура бағдарламалары шеңберінде ескерткіштерді сақтау бойынша тұжырымдамалық және эскиздік жобалар әзірлеу қарастырылған.