Уақытша шектеулер аяқталғаннан кейін Үкімет теңгерімді тариф саясатын жүйелі түрде жалғастыруға ниетті. Негізгі ұстаным – халыққа түсетін жүктемені мүмкіндігінше жеңілдетіп, қызмет сапасын арттыру.
Тарифтерді өзгерту барысында экономикалық негізі жоқ шешімдерге жол берілмейді. Әрбір қадам нақты есепке, нарықтағы ахуалға сүйеніп қабылданады. Бұл өз кезегінде инфляциялық қысымды тежеп, тұрғындардың әлеуметтік жағдайына кері әсерді барынша азайтпақ.
Тариф саясатының түпкі мақсаты – халықтың тұрмыс сапасын жақсарту. Осы бағытта инфрақұрылымның тозуына жол бермей, жөндеу жұмыстарын уақытылы жүргізу, апаттардың алдын алу басты назарда ұсталады. Демек тариф тек баға құралы емес, коммуналдық жүйелердің сапасына жауап беретін экономикалық тетікке айналмақ.
Энергетика министрлігінің мәліметіне сәйкес, биыл 1 сәуірден бастап электр энергиясына арналған шекті тарифтер өзгеріссіз қалады. Олар былтырғы деңгейде сақталып отыр. Айта кетейік, 2025 жылғы желтоқсанда 2026– 2032 жылдарға арналған шекті тарифтер бекітіліп, олардың тұрақтылығы алдын ала қарастырылған.
Сонымен қатар жанар-жағармай бағасы нарық қағидаттарына сай қалыптасады. Дегенмен Үкімет бұл саладағы бақылауды босаңсытпай, бағаның күрт әрі негізсіз өсуіне жол бермеуді көздейді. Ел ішінде жанар-жағармай тапшылығы тіркелген жоқ, қажетті қор жеткілікті көлемде жасақталған.
Өңірлерде жергілікті атқарушы органдар, салалық ведомстволар және нарық қатысушылары бірлесе отырып жедел мониторинг жүргізіп жатыр. Арнайы штабтар күн сайын баға деңгейін, жанар-жағармайдың қолжетімділігі мен жеткізу тізбегін бақылауда ұстап отыр. Бұл шаралар ішкі нарықтағы тұрақтылықты сақтап, кез келген ауытқуға дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді.