• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 08:07

Инклюзивтік қоғам қағидаты

10 рет
көрсетілді

Қазір өңірлерде инклюзивті спорт инфрақұрылымдары жеткіліксіз. Бұған қоса бейімді спорт саласында білікті кадрлар тапшы, қажетті бірыңғай тәсілдер мен жұмыс әдістемелері жоқ. Кеше Сенат жанындағы Инклюзия жөніндегі кеңестің кезекті отырысында депутаттар осы мәселені көтерді. Олар салалық ұйымдардың сарапшыларымен бірлесіп, мүгедектігі бар балалар мен ересектерді оңалту жолында инклюзивті спортты дамытудың маңызын талқылады.

«Дене шынықтыру мен спорт – әлеуметтік оңалту және инклюзия тетігі» тақырыбына арналған жиынды Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев ашып, жаңа Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтары мемле­кеттің ең жоғары басымдығы ретінде айқын­далғанын атап өтті. Сондай-ақ ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаев инклюзивті қоғам қалыптастыруға және әрбір азаматқа өз әлеуетін толық іске асыруына қажетті жағдай жасауға ерекше мән беріп отырғанын айтты.

Сонымен қатар Палата спикері Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынған Инклюзивті спорт орталығының бірегей маңызына тоқталып, аталған нысанда азаматтарға жан-жақты қолдау, жаттығу мен оңалтудан бастап, емдеу мен оқытуға дейінгі ауқымды қызмет көрсетілетінін айтты.

«Инклюзивті қоғамды дамыту мәселелері – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған саясаттың басым бағыттарының бірі. Білім беру, спорт және әлеуметтік салада инклюзияны қолдау қағидаты – әрбір азаматқа өз әлеуетін толық жүзеге асыруға мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстан құру стратегиясының ажырамас бөлігі. Осы орайда мүмкіндігі шектеулі жандар арасында инклюзивті спорт пен дене шынықтыру идео­логиясын белсенді дәріптеу – Мемлекет басшысы жүктеген маңызды міндеттердің бірі. Сондықтан бәріміз бірлесіп, қолға алынған жұмысты жүйелі түрде жалғастырып, нақты нәтижелерге қол жеткізуіміз қажет», деп М.Әшімбаев өткен Паралимпиада ойындарында жеңіске жеткен отандық параатлеттердің жетістіктеріне жоғары баға берді.

Отырыс барысында елімізде инклюзивті спортты дамыту бағытында оң динамика қалыптасқаны да айтылды. Сарапшылар келтірген деректерге сәйкес, бүгінде елімізде осы салаға бейімделген 16 клуб пен 2 маман­дандырылған спорт мектебі жұмыс істейді. Онда қазір 8 мыңға жуық ерекше қажеттілігі бар спортшы тұрақты түрде жаттығады. Сонымен қатар Сенат төрағасы күн тәртібіндегі мәселелерді талқылау кезінде саладағы бірқатар жүйелі проблемаға да тоқталды.

Кездесуге қатысушылардың айтуынша, бұл саладағы қордаланған мәселелерді шешуге медицина, білім беру мен әлеуметтік қорғау салаларының өкілдері барлық мүдделі тараптармен бірлесіп үйлесімді жұмыс атқаруы қажет. Осы орайда Сенат спикері қазір депутаттар мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдауды арттыруға арналған бірқатар заңнамалық түзету әзірлеп жатқанын атап өтті.

Сондай-ақ М.Әшімбаев инклюзия заң­намалық тетіктер арқылы ғана емес, соны­мен қатар мәдениет, отбасы мен мектеп­тегі дәріптеу жұмыстары арқылы да қалыптасатынын айтты. Бұл бағытта әлі де ауқымды жұмыс атқарылуға тиіс екенін айтқан Сенат төрағасы осы іске Қазақстан бочча федерациясы ұйытқы болған және Kinopark компаниясымен бірлесіп түсірілген «Ерекше» фильмі тың серпін бергенін жеткізді. Айта кетсек, аталған фильм 19 наурыздан бастап прокатқа шықты.

Отырыста депутаттармен қатар Сенат жанындағы Инклюзия жөніндегі кеңестің төрағасы Ләззат Қалтаева, Оқу-ағарту министрінің бірінші орынбасары Майра Мелдебекова, Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, «Ski Park Pioneer» ЖШС директоры Жанат Қаратай, сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері, Сенат жанындағы Сарапшылар клубының мүшелері мен басқа да қатысушылар сөз сөйледі. Кеңесте айтылған барлық ұсыныс пен бастама мұқият зерделеніп, жұмыста ескеру үшін тиісті мемлекеттік органдарға жолданады.

Соңғы жаңалықтар